Нұрлан Әбдіров: Агроөнеркәсіптік бағдарламалар айтарлықтай нәтиже бермей тұр

3066

Сенатта бүгін "Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тақырыбында Үкімет сағаты болып өтті.  

Нұрлан Әбдіров: Агроөнеркәсіптік бағдарламалар айтарлықтай нәтиже бермей тұр Фото: ratel.kz

Жиында Парламент Сенатының вице-спикері Нұрлан Әбдіров еліміз тәуелсіздік алғаннан бері  аграрлық секторды дамыту мақсатында 10 бағдарлама дайындалғанын айтады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның 4 жылының қорытындысы саланы дамытудың оң үрдістерін айғақтайды. Бағдарлама шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға 2017-2020 жылдарға 2,5 трлн теңге жоспарланған. Іс жүзінде 1,6 трлн теңге бөлінгеніне қарамастан, көрсетілген кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,7 есе өскен.

"Азық-түліктің барлық негізгі түрі бойынша ішкі тұтынуда отандық өндірістің үлесі 80%-ға асады. Алайда өзіміз өндіретін кейбір өнім түрлері бойынша бұл көрсеткіш 60% ғана қамтиды. Қалған сұраныс импорт есебінен орындалуда", дейді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы жалпы өнімнің одан ары өсуіне жағдай жасайтын оң үрдістерді де атап өтуге болады. Алайда бағдарламада белгіленген нысаналы индикаторларға қол жеткізу көрсеткіштері төмен.

Әрине, аталған мәселенің себептері де жоқ емес. Яғни бағдарламаларға толық қаржының бөлінбеуі, бюджеттік өтінімдердің уақтылы берілмеуі, не кеш қаржыландырылуы, COVID-19 індетіне байланысты қалыптасқан жағдай, сыртқы байланыстар мен карантиндік шараларға енгізілген шектеулер, шекаралардың жабылуы және басқа да  объективті себептер баршылық. 

"Дегенмен аграрлық саланың дамуына кері әсер ететін біраз жүйелік мәселелердің де шешілмегенін атап өткен жөн. Аталмыш саланы Қазақстан экономикасының жетекші күшіне айналдыру мақсатында соңғы онжылдықтарда аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бірнеше салалық бағдарлама да әзірленді. Қаржыландыру тәсілдері де бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау құралдарының нәтижесіздігі, өндіріс көрсеткішінің төмендігі, сондай-ақ агроғылым мен агрокәсіп арасындағы алшақтық, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау жүйесінің жолға қойылмауы секілді мәселелер бар. Саланың дамуына кері әсерін тигізіп отырған факторлар –  ауылшаруашылық және тракторлық машина жасау саласының дамымауы, ауыл шаруашылығы өндірісінде ұсақ агроқұрлымдардың көптігі, мал шаруашылығы саласының төмен тауарлығы болуына өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, өндіріс өнімділігінің салыстырмалы төмендігі, өндірістің жеке қосалқы шаруашылықтарда көп шоғырлануы, тамақ және өңдеу өнеркәсіптерінің негізгі өнеркәсіптік-өндірістік қорларының белсенді бөлігінің жоғары деңгейде тозуы, түптеп келгенде, дайын өнімнің өзіндік құнының көтерілуіне және оның нарықта бәсекеге қабілетсіз болуына алып келді",– деп атап өтті Сенаттың вице-спикері.

Өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұрақсыз қатынастар, нарық пен қаржылық ресурстар туралы сенімді ақпараттың болмауы да тауар өндірушілердің әлеуетті нарыққа қол жеткізуіне кері әсерін тигізген.

Дамыған елдерде білім беру мен ғылыми-техникалық салаларының ішкі жалпы өнім көлеміне қосатын үлесі қомақты. Алайда жеке компаниялармен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғылыми-техникалық қызметінің ұтымды үйлесімділігі, шет елдегі озық тәжірибелерді трансферттеу мәселелері әлі де шешілмеген. Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, осы мәселелердің бәрі де агроөнеркәсіптік кешеннің кежегесін кері тартып тұр.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу