"Отандастар қорының" қоғамдық комиссиясы Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр мөлтек ауданы мен Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының мәселелерін май шаммен қарады. Жиынға аталмыш өңірлердің әкімдік өкілдері де шақырылыпты. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бастаған қоғамдық комиссияның алдында әкімдік өкілдері "Нұрлы көш" жобасының неге шулы көшке айналып кеткенін түсіндіріп, атқарылған шаруалар туралы есеп берді. Бірінші болып Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Жүсіп сөз алған.
"Нұрлы көш" неге шулы көшке айналды?
"2009-2011 жылдардағы Үкімет қаулысы негізінде Көкшетау қаласының Красный Яр деген елдімекенінен "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша 276 отбасыға арнап 138 қоспәтерлі жер үй салынған болатын. Шешілмей келе жатқан ең бір қиын мәселе – үйлердің заңдастырылуы. Алғашында бұлар "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі" арқылы шартқа отырған. 50 пайыздық алғашқы жарна жинап, қалған сомасын 5 пайыздық мөлшерлемемен сатып алу туралы ұсыныс берілген. Шарт жасаған 215 жанұяның екеуі ғана жинаққа уақтылы ақша салып отырды. Қалғандары онымен айналысқан жоқ. Оның себептері ақшаның тапшылығы мен үйлердің сапасыздығына байланысты. Қазіргі кезде бұл үйлерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық балансына беріп, арендалық баспана еткенбіз. Соның өзінде тұрғындар 73 млн теңге қарыз. Айлық арендасы әр отбасыға шамамен 6400 теңгенің маңайында ғана шығады. Тағы бір мәселе, қандастардың біразы алған үйлерін өзгелерге жалға беріп қойған. Көкшетау қаласының әкімдігі 1 наурыздан бастап шілдеге дейін ревизия жүргізіп жатыр", - деді әкімдік өкілі.
Шенеунік сапасыз салынғаны дәлелденген үйлерді қалпына келтіру үшін 10 жылдың ішінде облыс бюджетінен 237 млн теңге жұмсалғанын айтады.
"Қазіргі таңда қалған үйлердің жағдайын бағалап, жоба жасау үшін 15,7 млн теңге қарастырылып отыр. Осы жоба бойынша қалған үйлерді жөндеуге ақша бөлінбек. Елдімекенде жол да болмаған. Былтыр 2 шақырымдық жол төселіп, асфальтпен жабылды. Келесі жылы 280 орындық балабақша салынады", - деген ақпарат берді.
Қоғамдық комиссия төрағасы Мұрат Бақтиярұлы шенеуніктің берген мәліметіне қанағаттанбағанын айтып, Красный Ярдағы қандастардың шынайы жағдайы қандай екенін өзі баяндап берді.
"Біз сізден нақты жауап ала алмадық. Былтыр қараша айында бір топ сенатор сол ауылға барып көзімізбен көрдік. 2009 жылы осы 138 үйді салуға 1,2 млрд теңге бөлінген. Сонда әр үйге шақсақ, 59 мың доллардан келеді. Ол кезде 59 мың долларға коттедж салуға болатын. Ақша талан-таражға түсіп кеткен. Құрылыстың сапасын көзімізбен көрген соң айтып отырмын. Биттің қабығындай гипсокартон деген материалдан салынған. Іргетас деген атымен жоқ. Еденге қарақағаз тастаған. Олар мұндай үйге қалай аренда төлейміз деп отыр. Қазақша айтқанда бөлінген ақша толық бармай, қалтаға түскен. Қала әкімінің орынбасары ортамызда отыр ғой. Ол үйлерге адам түгіл, мал ұстауға келмейді. Біз қандастарымызды әкеліп сондай жерге кіргізіп қойдық. Қазір сіз де сырғытпа жауап беріп отырсыз. Өйткені бәрі қаражатқа келіп тіреледі", - деді сенатор.
Талап қойғандар тіркеуден шығады
Әкімдік өкілінің жауабынан мәселе шындап шешіле бастағандай көрінгенімен, іс жүзінде бәрі басқаша сияқты. "Отандастар қорының" Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы өз құқықтарын талап еткен қандастардың алды қудалауға ұшырай бастағанын айтып, комиссиядан көмек сұрады.
"Бұл тақырыпты айтпаған, көтермеген адам жоқ. Кейінгі кезде мәселесін көбірек айтып, жүгіріп жүрген адамдарды тіркеуден шығарып тастапты. Белсенділерін қудалап жатыр. Олар тіпті тіркеуден қашан шығарылғанын білмей де қалған. Кеше ғана түскен ақпарат бойынша белсенді қандастарымыздың бірі анықтама алайын деп барса, тіркеуде жоқсыз деп қайтарған. Шу шыққаннан кейін кейбірін қайтадан тіркеп жатыр. Біреулерді тіпті айдаладағы кәрістің пәтеріне апарып тіркеп тастаған. Сыртынан ойларына келгенін істеген ғой. Ол кісілердің бір ғана талабы, үй мен жерді атымызға аударып берсін деп отыр. Жаңа әкімнің орынбасары екі адам ғана банкке үйдің құнын толық төледі деп өзі айтты. Ол адамдардың да меншігіне үй аударылмаған. Өйткені ол үйлердің заңды иесі жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың балансында деп жатырсыздар. Бірақ нақты аударатын кезде иесі жоқ болып шыққан. Құжат бойынша иесі жоқ үйге қалай аренда төлейді? Келісімшарттың бәрі жойылып кеткен. Адамдардың қолында ешқандай құжат жоқ", - дейді ол.
Қала әкімінің орынбасары бұдан былай аталмыш үй иелерінен ешқандай арендалық төлем талап етілмейтінін айтып сендірді. Ал үйлерді қандастардың атына аударайын десе, көбінің иесі ауысып кеткен.
"Қазір аренда төлеуді тоқтаттық. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына 1 шілдеге дейін жер телімдерін сол кісілердің атына өткізіп беру туралы тапсырма берілді. Құжаттарды түгендеу бойынша да жұмыс істеліп жатыр. Өйткені бір үйдің иесі бірнеше рет ауысқан. Үйлердің баланста жоқ болып жатқанының бір себебі осында. Үй кітапшаларын қалпына келтіреміз", - деді Бейбіт Жүсіп.
"Отандастар қорының" өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы әкімдік өкілінің бұл уәжіне қарсы дерек келтірді. Оның сөзіне қарағанда, былықтың басын ашуға көмектесетін құжаттың бәрі әкімдік қызметкерімен бірге өртеніп кеткен.
"Сіз ол үйлердің иесі ауысқан деп отырсыз. Шын мәнінде, үйлердің құжаты түгелімен өртеніп кеткен. Сол жерде отырған қызметкер жігіт құжатпен бірге отқа оранған. Марқұмға қаланың ортасында ескерткіш қойылды тіпті. Ал үйді алып, көшіп кеткендердің саны ары кетсе 10 пайыз ғана. Қалғаны әлі өз үйлерінде тұрып жатыр. Бұл үйлер қашан салынғаны, кім қабылдап алғаны туралы құжаттың бірі де жоқ. Тұрғындар 10 жыл бойғы аренданың ақысын төлеуге әзір. Одан кейін үйді атымызға аударып берсін деп отыр", - деді ол.
Қағаз үйдің құны қанша?
Өскеменнің іргесіндегі Шығыс кентінің халқы үйді өз меншігіне рәсімдету үшін әкімдік айтқан соманы төлеуі керек. Қазір әкімдік пен тұрғындар арасында үйдің құнына қатысты келіспеушілік туындаған. ШҚО әкімдігінің атынан облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Жанна Асқарова жауап берді. Суық үйді токпен жылытатын Шығыс аулының жергілікті компания алдындағы электр қарызы 3 рет бюджеттен өтелгенін айтқан Жанна Асқарова үйлерді қандастардың атына аудармай тұрып, әуелі бағалау жүргізетіндерін жеткізді.
"2011 жылы Шығыс ауылы тұрғындарының электр қуатын пайдалану шығыстары 2011 жылы 40 млн теңге, 2012 жылы 38,6 млн теңге, 2013 жылы 11 млн теңге қала бюджетінен өтеліп берілді. Үйлерді жалдау берешегі шамамен 50 млн теңге болады. Осы үйлерді техникалық тексеру мен бағалау үшін қала бюджетінен 9,6 млн теңге қарастырылған. Қала әкімінің орынбасары төрағалық ететін комиссия құрылды. Мамыр айынан бастап қайтадан тексеру, техникалық бағалау жұмыстары қолға алынады. 2017 жылы бағалау жұмыстары жүргізіліп, бір үйдің бағасы 4,5-5 млн теңге аралығында деп көрсетілген. 2018 жылы 2,5 млн теңге деп қайта бағаланды. Қандастарымыз мұны да қымбат деп отыр. 463 үйде 5000 адам тұрады. Оның 2,5 мыңы қандастар. Үйлердің суықтығы салдарынан электр қуатын көп тұтынатын. Ол мәселе шешілді. Бюджеттен электр желілерін жөндеу үшін 84 млн теңге ақша бөлінді. Қазір барлық үйде пештер орнатылған. 70-тей үйдің қабырғасы кірпішпен қапталған. 200-дей үй урсамен қапталған", - деді ол.
Комиссия мүшелері "Нұрлы көш" сияқты стратегиялық жобаға бөлінген мемлекет қаражатын талан-таражға салып, мыңдаған адамды 10 жыл бойы әуре-сарсаңға салып келген жауапты тұлғаларға шара қолдану керек деген талаптар айтты. Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бұл істің құжаттары Бас Прокуратураға тапсырылған көрінеді.
"Бұл мәселе шешілмейтін болса, оны "Отандастар қоры" атынан да, депутаттар атына да басқаша сипатта көтереміз. Биылдан қалдырмай шешіп беруіміз керек. Өйткені ағайынның сенгені біз боп тұрмыз. Басқа органдарға айта-айта нәтиже болмағанға ұқсайды. Ал сапасыз үй салған компаниялар туралы мәліметті Бас прокуратураға бергенбіз. Оны бір емес, бірнеше компания салған. Көбі банкрот болған. Кейбір компания иелері Ресейге көшіп кеткен. Әңгіме соны қабылдап алған адамдарда. Бұл енді саяси мәселе. Оны да шеше жатар", - деді жиынды түйіндеген комиссия төрағасы.
Есімжан Нақтыбайұлы