Шетелдік қандастарға Қазақстанда оқуға жағдай жасау қажет

2617

Өзбекстандағы – 370, Моңғолиядағы – 43 қазақ мектебіне әдістемелік, ғылыми қолдау көрсетіп, Ресей Федерациясында қазақ тілін оқыту жұмысын күшейту керек.

Шетелдік қандастарға Қазақстанда оқуға жағдай жасау қажет

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова шетелдегі қандастардың атажұртында жоғары білім алуына жайлы жағдай жасалмай жатқанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Шетелдегі қандастарға Қазақстанның білім беру мүмкіндігі туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, қандастар арасында қазақ тілін үйренуге тиісті оқу-әдістемелік базаның болмауы, сондай-ақ этникалық қандастардың ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде бетпе-бет келетін қиындығы мәселені күрделендіріп тұр", – деді депутат үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында. 

Жұлдыз Сүлейменова шетелде тұратын этникалық қандастардың Қазақстанда 2% мемлекеттік квотамен білім алуы 1994 жылы басталғанын, 2017 жылдан бері мемлекеттік квота 4%-ға өскенін тілге тиек ете келіп, оқуға түсуге ниет білдіретіндердің саны көбеюіне байланысты студент атанатындардың қатары жылдан жылға азайып келе жатқанын мәлімдеді. 

"Отандық білім беру бағдарламасы бойынша 11 жыл оқыған талапкер де, Қазақстанда ешқашан оқымаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен қандастар тең дәрежеде тест тапсырады. 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға құжат тапсырған қандастар саны 2 мың адам болса, оның 863-і ғана оқуға түсті. Ал 2021 жылы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға құжат тапсырған қандастар саны 2 478 адам болды. Олардың 796-сы ғана студент атанды", – деді депутат.

Жұлдыз Сүлейменова этникалық қазақтар үшін халықаралық емтиханмен сәйкестендіре алатын Ұлттық бірыңғай тесттің баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажеттігін алға тартты. 

"Дайындық курстарын тілдік курстарға өзгерту керек. Этникалық қандастарға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен доктарантураға жеке квота бөлуді қарастыру қажет. Қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тартқан жөн", – деді депутат. 

Жұлдыз Сүлейменова шетелдегі этникалық қандастар арасынан педагогтар мен ғылыми қайраткерлер қауымдастығын құруды ұсынды.

"Онлайн форматта қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, балалар әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ қауымының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, әмбебап кітап әзірлеп, Qazaq TV-де қазақ тілін оқытудың телевизиялық нұсқасын іске қосу керек. Шетелдік жоғары оқу орындарында "Қазақ тілі" бөлімдері бар факультеттерге қаржылық, гуманитарлық және әдістемелік қолдау таныту маңызды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан қазақ мектептері сақталған Өзбекстандағы – 370 мектепке, Моңғолиядағы – 43 мектепке әдістемелік және ғылыми қолдау көрсету қажет. Бұл мектептердегі мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды қолға алу өзекті", – деді депутат. 

Оның айтуынша, Ресей Федерациясында қазақ тілін оқыту жұмысын күшейту керек.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу