Өзбекстан президенті қазақтар қалың тұратын өңірлерді аралады

9107

Өзбек басшысы Шавкат Мирзиеев апта соңында Өзбекстандағы ежелден қазақтар қоныс еткен аудандарға сапар шекті.

Өзбекстан президенті қазақтар қалың тұратын өңірлерді аралады

Әлемге тарыдай шашыраған шетелдегі қазақтардың ең қомақты бөлігінің шоғырлануы бойынша Өзбекстан Қытайдан кейінгі екінші орында. Рас өзбектердің ресми статистикасы бойынша бұл елдегі қазақтардың саны 800 мыңнан сәл асады. Ал қазақстандық сарапшылардың мәліметінше, шындығында көрші мемлекетте 2 миллионға дейін қандасымыз тұрады. Бұл жерде ондағы қазақтардың біразының саналуан себептермен "өзбек" болып жазылып кеткендігі есепке алынады.

Кеңес заманында бұл республикада қазақтар өмір сүретін тұтас аудандар болды. Мәселен біресе Бұхара, біресе Навои облыстарына өтіп отырған Үшқұдық және Тамды аудандарының тұрғындары негізінен қазақтар. Зарафшан алқабына жайылып жатқан Кенимех ауданын да байырғыдан көшпелі қазақтар мекен еткен. Сондай-ақ Өзбекстанға берілген Қарақалпақ автономды республикасында да қандастарымыз шоғырланған. Ташкент және Сырдария облыстары да қазақтардың көптігімен ерекшеленетін. 

Мұның сыртында келмеске кеткен кеңес үкіметі мақта шаруашылығымен айналысатын Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын олардың мамандану саласын сылтау етіп, бүкіл тұрғындарымен бірге Өзбекстанға бергені жасырын емес. Ақырында Бостандық (Бостанлык) ауданы көрші мемлекеттің құрамында сол бойы қалып қойды. Қалған аудандарымыз тәуелсіздік жылдары өзімізге қайтарылды.

Бауырлас қос ел арасында қазір жер дауы жоқ. Ортақ шекара нақты бекітілді, ақырғы құжаттарға жақында мемлекет басшылары қол қойды. Дегенмен бұл елдегі қандастарымыз Қазақстанның да қамқорлығы мен назарынан қағажу қалмауы керек.

Айта кеткен абзал, 2017-2018 жылғы оқу жылы басталғанда, Қазақстан осы елдегі Навои өңірінің мектептеріне қазақ тіліндегі кітаптарды жеткізді. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың айтуынша, бұл облыстың Үшқұдық ауданының шалғайдағы Жүзқұдық ауылында былтыр мектеп ашылды. Оның сыныптары қазіргі заман талаптарына сәйкес жарақтандырылыпты. Білім ордасы "қазақ тіліндегі әдебиеттермен және оқулықтармен қамтамасыз етілген": Қазақстан елшілігі қазақ тіліндегі 300 кітапты, планшеттер мен оқу керек-жарақтарын жеткізген.  Бұдан бөлек, елшілік Тамды ауданының Өтемұрат ауылындағы №8 мектебіне де оқу құралдарын, 250 қазақша кітаптарды апарыпты. Бұл екі елдің біраз жыл ызғар ескен қарым-қатынастарының жылы шырайланып, жаңа деңгейге көтеріле бастағанын білдірсе керек. Әйтпесе бұл елде қазақ мектептерінің біразының жабылған кезі де болған.

Бір айта кетерлігі, Өзбекстандағы қандастарымыз тұратын елдімекендерге, мәселен, Зарафшанға сапарлаған шетелдік ақпарат құралдарының журналистері түйе өсіретін қазақтардың қонақжайлық танытқанымен, мейманға көп тіл қатпайтынын, қабақтары түсіңкі өздері тұйық екенін атап өтеді. Тіпті аттарын айтудан бас тартқандары да болыпты.

"Навои облысының Тамды ауданында мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар саны жыл сайын азайып барады. Жергілікті тұрғындар қазақтардың тарихи отандарына кетіп жатқанын айтады", – дейді олар.

Өзбекстандық қазақтардың жаппай миграциясы екі ел тәуелсіздік алған тұста кең ауқымда жүрді. Нәтижесінде ӨзбекСтат органы (Узстат) деректері бойынша, 2011 жылы қазақтар саны 832,7 мыңды құрайды деп есептелсе, 2017 жылы бұл сан 803,4 мыңға дейін құлдыраған. Ал Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 1991–2014 жылдар аралығында шамамен 586 мың өзбекстандық қандасымыз Қазақ еліне қоныс аударған. Сарапшылардың байламынша, оларды дағдарысқа қарамастан, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақты болуы және оралмандарды қолдау шараларын тыймай, қайта одан әрі өрістетуі қызықтырады.

Әрине шетелдегі барлық қандасын бір адамды да қалдырмай, тегіс тарихи отанына көшіріп алуды әлемдегі бір де бір мемлекет мақсат тұтпайды. Керісінше өзге елдерде тұрып жатқан диаспоралар мемлекетаралық қарым-қатынастарда "алтын көпірге" айналып, өздері өмір сүретін елдің тарихи отанына қатысты оң ұстанымда болуына ықпал етуі мүмкін. Мәселен қазір бүкіл әлем Канада мен Батыс елдеріндегі украиндық диаспоралардың қуаттылығына көз жеткізіп отыр.  

Сондықтан Қазақстан Өзбекстанның жаңа басшылығының қазақтар қалың шоғырланған облыстарын дамытуға көңіл бөлуі қуантады.   

Осының алдында Бұхара облысына барған Шавкат Мирзиеев сапарын Навои облысында жалғастырды. Бұл ретте ол қолға алынатын жаңа әлеуметтік-экономикалық жобалар бұл өңірдегі адамдардың өмір сапасын арттыратынын мәлім етті. 

Өзбек басшысы негізінен қазақтар мекендеген, Өзбекстанның ең қияндағы аудандарының бірі – Тамды ауданына да арнайы атбасын бұрып, жергілікті жұртшылықтың хал-жағдайын, көңіл-күйін білді. Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, "мұнда достық пен келісімде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдері мемлекет басшысының келісіне қатты қуанып, шабыттанып қалды".

Алдымен Шавкат Миромонұлы Тамды, Үшқұдық, Канимех аудандарын және Зарафшан қаласын кешенді дамыту жоспарларымен танысты. Бұл шалғай өңірлерде өнеркәсіп, халық көп тұтынатын тауарлар өндірісі, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында жобаларды жүзеге асыру көзделуде екен.

Атап айтқанда, ресми мәліметке сәйкес, Үшқұдық ауданы жүнді өңдеуге және одан дайын өнім шығаруға маманданатын болады. Сондай-ақ "Кизилкум марвариди" кәсіпорны гидропоника негізіндегі жылыжай салуда. Зарафшанда құрылыс материалдарын жасау өндірісі, 2 мыңға жуық малға есептелген шаруашылық кешені, балық өсіру шаруашылығы, жылыжайлар іске қосылмақ. Осындай перспективті жобалар Тамды, Канимех аудандарында да іске асырылады деп күтілуде.

Шавкат Мирзиеев Канимех ауданында түйе шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аудартты. Мұнда енді мың түйе мен 500 бас асылтұқымды ешкіге арналған мал шаруашылығы кешенін құру жоспарлануда. Нәтижесінде, жыл сайын мың тонна түйе және 300 тонна ешкі сүті өңделіп, ішкі және сыртқы нарыққа жол тартпақ. Бұдан бөлек, аталған кешен экотуристік орталық қызметтерін де ұсынатын көрінеді және жылына 10 мың туристі қабылдауға қабілетті. Өйткені көшпелі-номадтардың қазіргі өмірімен танысу үшін Батыс елдерінің азаматтары Моңғолия мен Өзбекстанға сапарлайды деседі.

Сонымен қатар мемлекет басшысының сапары аясында әлеуметтік жобалардың да тұсауы кесілген. Нақтырақ айтсақ, Тамды ауданында "Шодлик" қайырымдылық үйінің тәрбиеленушілеріне арналған балалар қалашығы тұрғызылмақ. 4,3 гектар аумақты алып жататын қалашықта тәрбиеленушілердің тұруы үшін барлық жағдай жасалмақ. Құрылыс жұмыстары биылғы наурызда басталып, жыл соңында аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ Үшқұдық ауданындағы "Кончи" санаторийі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталады. Өзбек президенті Зарафшан мен Үшқұдықтағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарымен де танысты. 

Шавкат Мирзиеевке 2026 жылға дейін бағалы металдар өндірісін ұлғайтуға, "Ауминзо-Амантой" кен орнын игеруге, Мұрынтау кен орнын игерудің бесінші кезеңін жүзеге асыруға, Тамды ауданындағы екінші гидрометаллургиялық зауыттың қуаттылығын кеңейтуге бағытталған жобалар паш етілді.

Жалпы, Навои облысындағы "Навои" еркін экономикалық аймағында 32 жаңа жобаны қолға алу қарастырылуда. Оларда 1,6 мыңдай жұмыс орны ашылады және 138 миллион доллардың өнімі экспортталады деп күтілуде. Салыстыру үшін айталық, 2010-2016 жылдар аралығында 22 жоба жүзеге асырылып, небары 904 жұмыс орны құрылған және 20 миллион доллардың ғана өнімі өзге нарықа өткізілген. Шавкат Мирзиеев ЕЭА-ға бос тұрған ғимараттарды және қосымша жер телімдерін бөлу туралы ұсынысты мақұлдады.

Сонымен бірге, Газгон ауылының жанындағы кен орнынан алынатын гранит пен мәрмәрден композиттік тастар өндіру жобасы да мемлекет басшысының назарына ұсынылған. Бұл материал шетелде үлкен сұранысқа ие. Ал оны өндіретін өзбек кәсіпорны әлемдегі осындай бесінші зауытқа айналады. Жобаны іске асыру арқылы жылына 12 миллион доллардың материалдарын шетелге экспорттау жолға қойылмақ.

Өзбек көшбасшысы шыны өнімдерінің өндірісі бойынша жобаны да атап көрсетті. 97 миллион еуро тұратын кәсіпорын Германия, Франция және Қытайдың технологияларымен жарақтандырылмақ. Ол құрылыс және өнеркәсіптік шыныны, шыны құтылары мен шөлмектерді шығарады. Осы арқылы Өзбекстан өзінде құрылыстары басталған объектілердің шыныға деген қажеттіліктерін жаппақ, яғни импортты алмастырады.  

Негізінен, дала және таулы аудандардан тұратын Навои облысында су ресурстары қат. Сондықтан бұл өңірде егін шаруашылығын дамыту үшін гидрогелді пайдалану бекітілген. Осы өнімнің небары 10 грамы 3-4 литрге дейін жаңбыр суын сіңіріп, артынша топырақты нәрлендіре алады екен. Өзбекстан гидрогелді орман шаруашылығында, сондай-ақ автокөлік және темір жол бойын абаттандыру үшін де қолданбақ ниетте. Сол себепті өзбек президенті аталған жобаны қаржыландыруды арттыру және гидрогелді қолдану аясын кеңейту туралы тапсырма жүктеді.

Шавкат Мирзиеев өңірде құс және балық шаруашылығын дамыту міндетін қойды. Дәлірек айтсақ, шаруашылықтар телімдерінде шағын су қоймаларын ұйымдастырып, оларда қытайлық технологиялар негізінде балық өсіруді жолға қою жоспарлануда. Осылайша 2 сотық аумақтағы бассейндерде жылына 12 тоннаға дейін балық өсірілмек. Өзбекстан басшысы бұл жобаны сынақ ретінде алдымен Навои облысында ендіруді жүктеді. Бірақ сол "шағын өзендерді" шабақтармен және азық-жеммен облыс өз күшімен және қаражатымен қамтамасыз етуге тиіс болады. 

Тағы бір елең еткізген жаңалық: Шавкат Мирзиеев қазақтар көп тұрып жатқан Навои облысының кең әлеуетін өзбектің орталық телеарналары арқылы ілгерілетуді тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар қатысатын бизнес форумдар ұйымдастырылатын болады.

Сапар соңында Өзбекстан президенті "тұрғындардың мұқтаждықтары мен өтініштері орындалатынына" сендірді.

Бұл ретте ол сумен жабдықтау, көппәтерлі тұрғын үйлер салу, халықтың денсаулығын нығайту міндеттері шешілуге тиістігін нықтаған. Осы мақсатта қолжетімді баспана құрылысы көлемін екі еселеу, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және ауруханаларды жабдықтауға 4,5 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылданыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу