Беларусь бұрын-соңды болмаған жеңілдікке ие болды

8911

Бұл нені білдіреді?

Беларусь бұрын-соңды болмаған жеңілдікке ие болды Фото: canva.com

Қазақстанмен бірге Еуразиялық одаққа мүше Беларусь биыл олимпиадалық санкциялардан құтыла бастайды. Оның спортшылары 2000 жылдардан бері алғаш рет, 2025 жылы Еуропалық жасөспірімдердің Олимпиада фестиваліне қатысатын болды.

Бұл санкциялық қысымдардың спорт саласында сетіней бастағанын білдіре ме? Сарапшылардың байламы бұл тұрғыда екіге жарылды.

Өйткені, беларустік балалар нейтралды мәртебеде өнер көрсетеді. Яғни, жарыстарға республикасының мемлекеттік туын көтеріп шыға алмайды. Алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілсе, бұл елдің әнұраны ойналмайды.

Қалай болғанда, Еуропалық Олимпиада комитеті (ЕОК) жасөскін беларустік спортшыларды жасөспірімдердің олимпиадалық фестивалдерінде бақ сынауға жіберу туралы шешім қабылдағанын жариялады.

Құрлықтағы бұл байрақты бәсеке алдымен биыл ақпанда Грузияның Бакуриани шаһарында, содан соң шілдеде – Солтүстік Македонияның астанасы Скопьеде өтеді.

"Бұл жерде бірнеше гәп бар. Біріншіден, беларустік спортшы балалар тек бейтарап статуста қатыса алады. Егер ең құрығанда, киіміне кез келген сипатта мемлекеттік туын бейнелеуге тырысса немесе кішкентай жалауша алып өтуге тырысса, дереу ойыннан шеттетіледі. Өз елінің патриоты, отаншыл азамат үшін бұдан асқан қорлық бар ма?! Екіншіден, ЕОК-тың бұл шешімі – ақырғы емес! Беларусьтен спорттық санкцияларды ішінара алып тастауды әрбір спорт түрі бойынша барлық халықаралық федерациялар қолдауы шарт", – деп түсіндірді мамандандырылған Sport-express халықаралық басылымының спорт бөлімінің басшысы Олег Шамонаев.

Жасыратыны жоқ, Еуропалық Олимпиада комитетінің бұл шешімі ресейлік жас спортшылардың үмітін оятқан еді. Өйткені олар еуропалық олимпиадалық жарыстарға тіпті бейтарап мәртебеде де қатыса алмайды. Алайда, сарапшы ресейліктерді түңілдірді.

"Нақты айта аламын: жасөспірімдердің басты жарыстарында биыл да Ресейдің өкілдері болмайды! Тіпті тусыз, әнұрансыз да жібермейді. Бұған формальды себеп-сылтау бар: РФ Ұлттық олимпиада комитеті дисквалификацияланған. Шындығын айтқанда, тіпті ресейлік ҰОК-тан мәртебесін тартып алмай тұрғанда да ЕОК өз іс-шараларына ресейлік спортшы балаларды жібермей жүрді. Осының бәрі ресейлік спорттың әлемдік басты спорттық ареналарға оралуы өте күрделі болатынын кезекті рет куәландырады. Ал, беларустерді "баннан" шығару – қос одақтас державаның арасына сына қағу талабы болса керек", – деді Олег Шамонаев.

Украинаға қарсы соғыстағы РФ-тің басты әскери одақтасына құшағын ашқанда, бұл шешімін еуропалықтар қалай түсіндіреді? Олар алда ресейліктерді де құшақ жая қарсы алуға дайын көрінеді.

"Ресей және Беларусь спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысу болашағына келсек, кедергілерді жоюдың маңыздылығын EOК жақсы түсінеді. Өйткені бұл спорттың біріктіруші күш қызметін атқаруы үшін қажет. Бұл Еуропаның ұстанымына сәйкес келеді: Еуропалық Одақ әртүрлі елдердің әралуан халықтарын біріктіру миссиясын атқарады. Сондықтан біздің ұйым спортшының паспортына қарап, оны жарыстан шеттетуді дұрыс деп санамайды", – делінген Еуропалық Олимпиада комитетінің мәлімдемесінде.  

Соған қарамастан, Бакуриани мен Скопьедегі жасөспірімдердің олимпиадалық сайыстарына РФ төлқұжаты бар спортшылар бәрібір жіберілмейді. Ал, беларустер бейтарап мәртебеде қатысқысы келсе, енді есік ашық.

Айта кету керек, біздің еліміз де бұл жарыстарға қатыса алмайды, бірақ оған санкцияның еш қатысы жоқ. Себебі, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті Азияның Олимпиада кеңесіне кіреді.

Еуропалық комитеттің талабы бойынша "нейтралдарға" өз еліне қандай да бір қатысы барын паш етуге тыйым салынады: әйтпесе, беларустік ақпарат құралдары жеңістің бәйгетөбесіне жете алған жас спортшыларына гимн орнына беларустік не ресейлік рухты әндердің бірін шырқауға кеңес берген. Ондайға да жол берілмейді.

Сондай-ақ, кәмелетке толмаған атлеттердің "нейтралды статусқа" сәйкестігі басқа да тәсілдермен тексеріледі. Мысалы, олар Украинаға қарсы соғысты, ресейлік "арнайы әскери операцияны" қолдап, сұхбат бермеген, әлеуметтік желілердегі парақшаларында соғысты қуаттап-қошеметтеген посттар, пікірлер жазбауы шарт.

Бұл ретте Беларусь Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті Еуропаның бұл шешіміне сабырлы оптимизм білдірді.

"ЕОК беларустердің 2025 жылғы Еуропалық жасөспірімдердің Олимпиада фестивальдарына қатысуына рұқсат етті. Алайда ақырғы шешім халықаралық федерациялардың еншісінде қалады. Спорт түрлері бойынша федерациялар оң шешім қабылдаған жағдайда беларустік спортшылар 2025 жылы өтетін Еуропалық Олимпиада фестивальдеріне бейтарап мәртебеде қатыса алады. Беларусь ҰОК-і біздің атлеттер жасөспірімдердің еуропалық және халықаралық жарыстарында өнер көрсете алуына бар күшін салады және осы бағыттағы жұмысын жалғастырады", – делінген осы елдің Ұлттық олимпиада комитетінің мәлімдемесінде.  

Онда айтылғандай, жасөспірімдер Олимпиадасының континенталдық баламасы саналатын еуропалық жасөспірімдердің Олимпиада фестивальдарында 14-тен 18 жасқа дейінгі спортшылар бағы мен бабын сынай алады. Қысқы спорт түрлері бойынша еуропалық жасөспірімдер Олимпиадасы грузиялық Бакурианиде биылғы 9–16 ақпанда, ал, жазғы спорт түрлерінен – солтүстікмакедониялық Скопьеде 20–26 шілде аралығында өтеді.

Таяу күндері ЕОК Беларусті санкциялардан ішінара босату туралы халықаралық федерациялармен келіссөздерін бастайды деп күтілуде.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, Украинадағы соғыс басталған 2022 жылдан бері көптеген ресейлік спортшы спорттық карьерасын аяқтауға мәжбүр болды. Өйткені спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялардың шешімімен нағыз, әрі беделді халықаралық ірі додалардың бәрінен дерлік РФ аласталды.

Санкция жағдайында өз спортшылары шымырлығын және бәсекеге қабілеттілігін мүлдем жоғалтпауы үшін Мәскеу "Болашақ ойындары – Игры будущего" деген атпен олимпиадалардың ресейлік баламасын ойлап тапты. Алайда әсіребелсенділік танытатын бірқатар одақтастары болмаса, оған әлемдегі өзге мемлекеттер "ресейлік квазиолимпиадаға" мықты спортшыларын жібермейді.

Кремльдің бұл жобасы ілгері баса алар емес. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі хабарлағандай, республикамыз "Игры будущего" ойындарын өзінде биылғы 2025 жылы өткізуден бас тартты.

"Қазақстан Ресейдің "Болашақтың ойындары" халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы ақпанда ҚР Президенті Татарстанның Қазан қаласында өткен "Болашақтың ойындары" бәсекесінің ашылу салтанатына қатысып, келесі жылғы мультиспорт турнирі Қазақстанда өтетінін мәлімдеген еді. Ойындар цифрлық және классикалық спортты біріктіретін 21 инновациялық фиджитал бағдарлама бойынша өтті. Қазақстанның ойыншылары спорттың 13 түрінен сайысқа түсті. Жалпы, бұл турнирде еліміздің 48 өкілі бақ сынады", – делінген министрлік хабарламасында.

Осы қыста, келесі аптада Ресей тағы бір мультиспорт турнирін – Ресей-Қытай жастарының қысқы Ойындарын өткізуге тырысып көреді.

Ресейлік жас спортшылар биылғысын қоспағанда, еуропалық 4 олимпиадалық фестивальден құр қалды. 2025 жылдың соңында бұл сан 6-ға дейін өседі. Бұған қатты ренжіген Ресей Олимпиада комитеті ЕОК-тың бас ассамблеясына бойкот жариялап, қатыспады.

Биыл Ресей Еуропадан, ЕОК-тан іргесін аулақ салып, Азия Олимпиада кеңесінің юрисдикциясына ауысуға талаптанып көреді деген ақпарат болды. Бірақ әзірге Мәскеудің өзі де соңғы шешімді қабылдамапты. Соған қарағанда "ЕОК Беларусьтен кейін Ресейге қатысты да ұстанымын жұмсартады" деп үміттенетін болса керек.

Сонымен бір мезгілде Мәскеу халықаралық спорт федерацияларымен жасырын келіссөздер жүргізуде. Соның нәтижесінде, ресейлік ересек фигуристер (мәнерлеп сырғанаушылар) мен конькишілер 2026 жылы Италияның Миланы мен Кортинасында өтетін Олимпиадаға іріктелуге жіберілді. Бірақ олар да бейтарап спортшы қамытын киеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу