Оқу бағасы қалай өзгерді?

3493

Соңғы бес жылда жоғары оқу орындарындағы білім ақысы 2 есеге дейін өскен. 

Оқу бағасы қалай өзгерді?

Ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындары мен Қазақ-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті сияқты білім ордаларында білім құнының қымбаттауы мәртебесі жоқ басқа оқу орындарындағы бағаның 2 еселеп артуына түрткі болған, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Осылайша, кейінгі бес жылда Ұлттық мәртебеге ие жетекші оқу орындары мен қатардағы білім ордаларындағы оқу бағасының айырмашылығы қатты қысқарған. Бұл аталған университеттер үшін жағымды тенденция болғанымен, жоғары білімді ақылы алғысы келетіндердің қалтасына салмақ екені айтпаса да түсінікті. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мамандары 2022-2024 жылдарға арналған үш жылдық бюджет туралы заң жобасының шығыстарын бағалау қорытындысында осы тенденцияға тоқталып, жоғары оқу орындарының күрделі және инвестициялық шығындарын мемлекеттен тікелей қаржыландыру негізсіз деген тұжырым жасайды.

Мұндай тұжырымға "Bilimdi últ" ұлттық жобасы шеңберінде жоғары оқу орындары желісін трансформациялау және олардың инфрақұрылымдық даму мақсаттарына 2022-2025 жылдары 256,6 млрд теңге көзделуі түрткі болған. Ақыры бұл жоба ішінара ғана мақұлданып, соңғы редакцияда  2024-2025 жылдары Назарбаев Университетіне ұқсас 20 академиялық артықшылық орталығын және 2 өңірлік жоғары оқу орнын құруға 70 млрд теңге бөлу көзделген.

"2021 жылы білім беру бағдарламаларының барлық бағыттары бойынша оқу құнының 2 есе артуын ескере отырып, жоғары оқу орындарының күрделі және инвестициялық шығыстарын мәлімделген көлемдерінде тікелей қаржыландыру негізсіз болып көрінеді",– деп жазады Есеп комитетінің сарапшылары.

Сонымен, соңғы 5 жылда оқу бағасы былайша өзгерген:

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай университеттердің әлемдік рейтингінде (Quacquarelli Symonds World University Rankings) топ-200-де кемінде 3 қазақстандық жоғары оқу орнының болу керектігі айтылған.

Есеп комитетіндегілер ол меженің қалай орындалып жатқанына да назар аударыпты.

"Жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылы белгіленген нысаналы индикаторға қол жеткізілмегені байқалады. Әлемдік рейтингте болуы жоспарланған 2 қазақстандық ЖОО-ның ішінен топ-200-ге 1 университет (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) кірді. "Bilimdi últ" ұлттық жобасында әлемдік рейтингте аталған жоғары оқу орындарының санын 2025 жылы 20 ұйымға дейін жеткізу де жоспарлануда. 2021 жылдың жоспарына қол жеткізілді: өтінім берген 27 қазақстандық ЖОО-ның ішінде QS WUR рейтингінде 14 ұйым тізімдегі 1 300 мекеменің ішіне кірді. 

Аталмыш рейтингтің алдыңғы бесжүздігінде қазақстандық жоғары оқу орындарынан 3 университет бар. Олар 175-тен 482-ге дейінгі орындарда тұр. Қалған 11 ЖОО-ның көрсеткіштері мынадай: "500-800" – 5 ЖОО, "801-1000" – 4 ЖОО және "1001-1200" – 1 ЖОО.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу