Оқулықтағы қателер: Мектеп оқушыларын "Қақастанда тұрасың" деп оқытады

3282

Ұзақ жылғы сыннан білім беру саласы тиісті сабақ алмағанға ұқсайды. Елдік пен ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызды сала Тоқаевтың Жаңа Қазақстанына ескі қателерімен аяқ басуда.

Оқулықтағы қателер: Мектеп оқушыларын "Қақастанда тұрасың" деп оқытады

Елімізде білім беру сапасының төмен екендігін халықаралық ұйымдар мен сарапшылар бұрыннан айтып келеді. 2022 жылғы ақпанда Қазақстан US News & World Report-тың білім беру рейтингінде 78 елдің арасында көш соңындағы 71-орынға әзер ілікті. 2020 жылы 70-орында болған.

Білім беру саласы инвестициялық тартымдылығын жоя бастады. Соңғы 5 жылда бизнестің инвестпортфеліндегі білім беру саласының үлесі онсыз да аз 3%-дан 2,5%-ға дейін құлдырады. Салдарынан сектордың бүкіл ауыртпалығы жалғыз мемлекеттік бюджетке түседі. 2016 жылы салаға салынған инвестициялардың 57,6%-ы ғана мемлекеттің еншісінде болды. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 90 пайызға жуықтап қалды (2020 жылы 81,1% болған).

Оқулықтардың өзі қатеге толы болса, білім қайдан сапалы болсын?

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл оқулықтардағы ағаттықтар туралы бұған дейін бірнеше рет мәселе көтерді. Білім және ғылым министріне арнайы депутаттық сауал да жолдаған екен. Оқулықтарды алдын ала сарапшылардың, педагогтердің талқылауына салу арқылы жағдай біршама жақсарыпты. Бірақ бірқатар салмақты проблема сақталған. Бұл әсіресе, мемлекеттік тілдегі оқулықтарға қатысты.

"Оқулықтардың мемлекеттік тілдегі кейбір нұсқасы "әйтеуір бар болса болды" деген немқұрайлылықтың құрбаны болған сыңайлы. Мұндай оқулықтар сауаттандыру орнына, сауатсыз ұрпақ қалыптастыруға, мемлекеттік тілді өрістетуге емес, кері кетіруге ықпал ететіні даусыз. Сондай-ақ мұғалімдер бір сыныпқа бір кітап арналса дейді. Себебі бір сыныптағы оқушылар кейде тоқсан сайын кітап ауыстырады. Мұны кезінде оқушы сөмкесін жеңілдету үшін жасаса керек. Алайда педагогтердің айтуынша, оқу жылының екінші жартысында бұған дейін өткен тақырыптарға оралып, жадта жаңғырту қажет болып жатады. Ал ол кітаптар шәкірттің қолында болмайды. Сөйтіп, оқушылар үстірттеу, үзік-үзік білім алуға мәжбүр", – дейді депутат.

Ал "білімнің көзі – қайталау" екені мәлім.  

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Мақаншы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Толқын Камешова өз пәні бойынша оқулықтарға көңілі толмайды. Оның үстіне қателер ескі емес, "жаңартылған мазмұндағы" география оқулықтарына еніп кеткен.

Мысалы, 7-сыныпқа арналған, 2017 жылы "Алматы кітап" баспасы шығарған География оқулығы оқушыларға дүниежүзінде Югославия (108-бет) деген мемлекет бар деп үйретеді. Ал Югославияның 2003 жылы ыдырағанына және орнында 7 тәуелсіз мемлекеттің құрылғанына 20 жылға жуық уақыт болады. Өзге де сауатсыз тұстары жетерлік. 144-беттегі "Ауылшаруашылық салалары" деген тірексызбада "шай – дәнді дақыл" деп жазып қойыпты. Шынында, энциклопедияға жүгінсек, шәй – техникалық дақылдарға жатады.

"Мектеп" баспасынан 2018 жылы жарық көрген 8-сыныптың География оқулығы да қатеден құтыла алмапты. Айталық, 74-бетте субдукция мен спрединг суреттері ауысып кеткен.

"Мектептің" 2019 жылы басқан, 9-сыныпқа арналған География оқулығында тақырыптар бір жүйеге келтірілмеген, бытысып кеткен. Отын өнеркәсібі 54-бетке ысырылыпты. Оны 44-47 беттерді алып тұрған өзге өнеркәсіп түрлеріне қосқаны жөн еді. Әйтпесе, бір тақырыпқа қайта орала береді. Сондай-ақ ондағы "Табиғат ресурстары" тарауын "Табиғат ресурстары және өнеркәсіп салалары" деп біріктіруге авторлардың білімі жете қоймаған ба? Өйткені ондағы 7 тақырыптың 4-еуі, яғни жартысынан көбі тағы өнеркәсіптер туралы!

"Осы 9-сыныптың оқулығында, І бөлімдегі 5-бетте "Шоқан Уалиханов 1856-1857 жылдары Қажғарға барды" деп тұр, шын мәнінде Шоқан Қашғарға 1858-1859 жылдары барған. Шоқан Қашғарға екі рет бармаған. Осы І бөлімдегі 120 бетте бекіре балығын "мекіре" деп атап жіберіпті. 162 бетте конфессия сөзінің орнына концессия деп тұр. Ал бұл мағыналары мүлдем басқа ұғымдар. 188-189 беттерде "Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ға тіркелген" деп білім береді. Дұрысы, ЮНЕСКО-ға кіргені – Қорғалжын қорығы. 172 бетте "Оазис – мәдени ландшафт" деп түсіндіреді, расында, оазис – табиғи ландшафт", – дейді тәжірибелі ұстаз.

Толқын Сансызбайқызының айтуынша, І бөлімдегі 23 бетте "жол салушылыр мен құрлысшыларға бюждеттен бөлінген қаржының 40-50% ғана жетеді" дейді. Мұны қазақ жазса, сөйлемді дұрыс құрауы, емле қатесін түзетуі қажет еді.

63 бетте: "Қарағанды облысы Осакаровка елді мекенінде музыкалық аппаратуралар жасалады" деп хабарлайды, музыкалық аспаптар дегеннің не екенін білмесе керек.

"Мектептің" 9-сыныпқа арналған География оқулығының екі бөлімінде "Қазақстанның ауыл шаруашылығы" тақырыбы мүлде жоқ.

"2018 жылдан бері мектеп оқушылары Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы оқымай келе жатыр. Әлемде аумағы жөнінен 9 орын алатын ұлан-байтық жерімізде әртүрлі ауыл шаруашылығы салалары дамыған. Жоқ дегенде үш тақырып ата-бабамыздан мұраға қалған осы маңызды, стратегиялық салаға арналғанда, дұрыс болар еді. Әйтпесе, ауыл – елдің алтын бесігі дейміз де оған мектептен мән бермейміз. Содан жастар қайдан ауыл шаруашылығымен айналысқысы келсін? Негізі, оқулықтарда емле қателері өріп жүр, жалғау, жұрнақтар дұрыс қойылмағандықтан байланысы жоқ сөйлемдер көбейген. Орыс не басқа тілден тура аударма жасап, қоя салған дүние болса керек. Бір-бірімен байланысы жоқ сөйлем, абзацтар ап-айқын көрініп тұр", – деді білікті педагог.

Осының бәрі оқушылардың ҰБТ-да лайықты бал жинай алмауына соқтырады. Сауатсыз оқулық шәкірттің бақытын байлауы мүмкін.

Тере берсе, өрескел, сорақы қатеден аяқ алып жүргісіз көрінеді.

"Мәселен, "Атамұра" баспасынан шыққан, орыс сыныптарына арналған 9-сынып оқулығында "Қақастан ауылшаруашылығы салалары" тарауы бар. Ең құрығанда, елдің атауын дұрыс жаза алмағаны ма? Бұл олқылықтардағы біраз қатені көрсетіп, баспалардың электронды поштасына жібергем, жауап болмады", – дейді мұғалім.

Оның айтуынша, педагогтер кітаптардағы олқылықтарды байқаса, мүмкіндігінше ізденіп, түзетіп, толықтырып оқытуға күш салады, байқағаны жөнінде бір-бірімен ақпарат алмасады.

"Әрине, кітап жазған оңай емес. Дегенмен қазіргі мектеп әдістемесі бойынша енді оқушылар білімді негізінен өз бетінше, ата-анасының көмегімен меңгеретінін ескерсек, қате мәліметтер, әріптен қате кеткен, бұрыс құрылған, мағынасы түсініксіз сөйлемдер, сөйлемдері өзара байланыспайтын мәтіндер оған тек кері әсер етеді. Адамның психологиясы өте күрделі құбылыс. Жас жеткіншектердің дүниетанымы алғаш рет естіп, көргені негізінде қалыптасады. Тіпті ересектердің алғашқы оқыған фейк ақпараттың негізінде қалыптасқан түсінігін өзгерту қиын. Ендеше олқылығы көп оқулық шатасуға, ұқпауға, ойды шашыратуға, дұрыс түсінік қалыптаспауына соқтырады. Осындай География оқулықтарымен оқыған балалар география пәні негізгі болып табылатын мамандықтарды таңдап, ҰБТ тапсырса, қалай жақсы білім көрсете алмақ? Бізді бұл алаңдатады", – дейді Толқын Камешова.

Ұстаздар БҒМ-нен алдағы уақытта шығатын оқулықтарға баса мән беріп, жіті қадағалауын сұрап отыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таяуда Қазақстандағы барлық оқушылар енді бірыңғай, ортақ, базалық "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" оқулығымен оқытылатынын жариялағаны мәлім. Ал өзге пәндер бойынша оқулықтар баламалы нұсқада қала бермек. Бұл да педагогтер қауымдастығы мен ата-аналар арасында дау тудырып жүрген жайт.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу