Олигархтар алып су қоймасын жыларман күйге түсірді

6517

Өлі көлге айнала бастаған су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады.

Олигархтар алып су қоймасын жыларман күйге түсірді Фото: ortcom.kz

Тәжірибелі балықшы Григорий Курсанов Ұлытау облысында орналасқан Кеңгір су қоймасында бірнеше рет балық аулауға арнайы барған екен.

Оның айтуынша, бұл су қоймасы бұрын балыққа шүпірлеп жататын. Онда карп, шортан, сазан, алабұға, беріш, мөңке-карась, торта-плотва сияқты балықтардың түр-түрі болатын.

"Жақсылығын айту керек, Жезқазған аңшылар мен балықшылар қоғамы жыл сайын шабақ сатып алып жіберіп, Кеңгірді балықтандырып тұратын. Кейінгі кезде қармаққа балықтың түсуі азайған соң, шетелден келетін балықшылар ағыны сұйылды деуге болады. Экотуризмді дамытуға болатын еді. Кезінде бұл жақта балықшылар ұзындығы 1 метрге жуықтайтын карп аулап алыпты деген аңыз айтылады. Ол заман артта қалса керек. 2019 жылы Кеңгірде балықтар жаппай қырылды. Бұл жануарлардың өлекселері жағалауда үйіліп жатты, күлімсі иісі қолқа қабатын", – дейді Григорий.

Оның айтып тұрған оқиғасы 2019 жылғы мамыр-маусым айларында болды. Жергілікті тұрғындар өлі балықтардың бір бөлігін жағалауда жайрап жатқан жерінен тапты. Қалған бөлігі қампайған қарны жоғарыға қарап, су бетінде қалқып жүрген. Қоғам белсендісі Берік Жағыпаров сонда балықтардың әлдебір химикаттың төгілуінен қырылғанын болжады. Арнайы құрылған комиссия түпкілікті себебін жария етпеді.  

Алайда ел Үкіметінің 2024 жылғы 5 ақпандағы №66 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында" Кеңгір су қоймасының және оған құятын Қаракеңгір өзенінің ауыр жағдайына назар аудартылады.

Мысалы, Үкіметтің дерегінше, олар еліміздегі ең лас деп танылды: ластанудың 5 деңгейінің ең жоғарғы 5-шісіне дейін жеткен.

"Су шаруашылығында шиеленісті жағдай қалыптасқан. Осы бассейннің негізгі өзендерінің сапалық жай-күйі проблемасы бар. Мәселен, жерүсті суларының сапасын жіктеуге сәйкес, Қаракеңгір өзені бесінші сыныпқа жатады. Бұл оған ластаушы заттардың түсуін азайту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. Бұл өзендегі негізгі ластаушы заттарға магний, жалпы фосфор, аммоний жатады", – деп хабарлады Үкімет.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қаракеңгір өзені аммоний-ион, кальций, магний, марганец, минералдану, хлоридтермен уланған. Кеңгір су қоймасы марганецпен ластанған. Салдарынан, бұл екеуінің де суы "суды пайдаланудың барлық (!) түрлеріне жарамайды".

Жалпы, Кеңгір су қоймасы 1952 жылы Қаракеңгір өзенінде Орталық Қазақстан аумағындағы егістіктерді суландыру және судан электр энергиясын өндіру үшін тұрғызылды. Оның жалпы ауданы 37 шаршы шақырымға созылып жатыр. Бұл 18 Монако мемлекеті сыйып кететін жер.

Су қоймасының ені 1,5 шақырымнан шамалы асады. Ұзындығы – 33 шақырым. Орташа тереңдігі 9 метрге жуық.

Су ресурстары және ирригация министрлігі былтырдан бері бұл су қоймасын мемлекетке оралту бастамасын көтеріп келеді. Кеше ведомство ақыры Кеңгірдің мемлекет меншігіне қайтарылатынын жариялады.

Бүгінде су қоймасын мемлекетке қайтару процесі аяқталуға жақын қалыпты. Нысан осы жылдың соңына дейін "Қазсушар" республикалық кәсіпорнының балансына көшуге тиіс.

Министрлік Кеңгірдің – Ұлытау облысындағы ең ірі су қоймасы екеніне назар аудартты. Еліміздегі ең кішкентай осы облысқа ең ластанған су қоймасы тиіп отыр. Оған жалпы көлемі 319 миллион текше метр су сияды. Биылғы тасқын кезінде Кеңгірдің де ернеуіне жете толғаны мәлім болды.

"Кеңгір су қоймасы аймақтағы судың негізгі көзі болып табылады. Жергілікті тұрғындар судың сапасына, оның тиімсіз пайдаланылуына және экологиялық мәселелерге алаңдаушылық білдіріп келеді. Нысандағы гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда, жыларман халде. Су қоймасын мемлекет меншігіне қайтарғаннан кейін біз ең алдымен онда көп факторлы зерттеу жүргіземіз. Соның негізінде қордаланған мәселелерін шешу үшін қажетті шараларды айқындаймыз", – деді су министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен кездесу барысында.

Сондай-ақ, Ұлытау облысының тұрғындары министр алдында ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыз судың сапасын жақсарту, жерасты су құбырларын жөндеу және жергілікті су айдындарының экологиялық жағдайы туралы мәселелер көтерді.

Егер министр Нұржан Нұржігітов жігіттік танытып, сөзінде тұра алса, Үкімет қазақстандық олигархтарды биыл тағы бір меншігінен айырмақ.

2017-2023 жылдары сенатор болған Рысқали Әбдікеров 2022 жылы туған өңіріндегі Кеңгірдің тағдырына алаңдап, оны мемлекетке қайтару мәселесін көтерген болатын.

Оның айтуынша, Үкімет Кеңгірді мемлекеттік басқаруға алуға қатысты сонау 1996 жылы қаулы қабылдап қойыпты. Дегенмен, оны орындауды бірнеше Үкімет түрлі сылтаумен кейінге қалдыра берген.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің мәліметінше, мемлекет меншігіне қайта алынғаннан кейін, Кеңгір өзеніндегі Кеңгір су қоймасы "ерекше стратегиялық маңызы бар" объектіге айналады.

Бірақ сонымен бірге Кеңгір "Жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне" енгізілмек.  Министрлік Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың 2023 жылғы 23 тамыздағы Ұлытау облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша сондай тапсырма берілгенін қаперге салды.

Яғни, біраз уақыттан соң әлдебір олигархтар не лауазымды шенділерге жақын тұлғалар Ұлытау облысының ең ірі су қоймасын уақытша болса да қанжығасына байлап алуы ғажап емес. Өйткені мысалы, ластанғанына қарамастан, Жезқазған қаласының тұрғындары суды осы Кеңгір су қоймасынан ішіп отыр.

Кейбір деректер бойынша объектіні мемлекетке табыстау процесі 2024 жылғы мамырда аяқталуға тиіс еді. Содан кейін Үкімет су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу мәселесіне кірісуі керек болатын. Ол жоспар орындалмады. Енді министрлік "жыл соңына дейін" деген жаңа "дедлайн" белгіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу