Олигархтар топтарымен арадағы майшелпек контрактілер қайта қаралуы мүмкін

3604

Қазақстан енді қазба байлықтарды шетелге шикізат күйінде барынша азырақ шығаруға мән береді.

Олигархтар топтарымен арадағы майшелпек контрактілер қайта қаралуы мүмкін

Осы мақсатта контрактілер мен лицензияларға қатысты қатаң өзгерістер енгізу пысықталуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа 2023 жылы елімізде көптеген саладағы реформаларды қамтитын суперзаң қабылданбақ. Ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы. 

Оның бір бағыты – шикізатты сол күйде шетел асыра бермей, терең өңдеуге ден қоюды қарастырады.

Атап айтқанда, "өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бөлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензияларға талаптар енгізіледі". Яғни жер қойнауындағы ен байлықты пайдаланушы отандық инвесторлардың өз өнімінің терең өңделуіне қатысты заң жүзінде жауапкершілігі бекітіледі. Бұл қадамға бұрынғы билік бата алмады, әлде қасақана бармады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, бұған бірнеше фактор итермелеп отыр. Біріншіден, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ұлттық экономиканы қазіргі және болашақтағы ықтимал қауіп-қатерлерден қорғау, елдің экономикалық тәуелсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. 

Екіншіден, өңдеуші өнеркәсіп субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделері қорғалады. 2026 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп отандық шикізатпен толық қамтылуға тиіс. Үшіншіден, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан экономикасының импортқа тәуелділігін төмендету маңызды.

Министрлік импортқа тәуелділік жыл сайын өсіп бара жатқанына назар аудартты. Мысалы, Қазақстанның 2021 жылы шетелден тасыған өңдеуші өнеркәсіп тауарларының жалпы көлемі алапат ауқымға жетіп, 38 миллиард доллардан асты. Сорақысы сол, ол өнімдердің бәрі дерлік қазақ жерінде бар. Бұлай бара берсе, Менделеев кестесіндегі барлық дерлік элементке ие аумаққа иелік еткен мемлекет қару жасау үшін қажет металды сырттан алғызуға мәжбүр болып қалуы мүмкін. 

Қазақ жерінің асты-үстіндегі аста-төк қазынаны астына басып, шетелге шикізат күйінде аттандырумен байыған олигархтарды биліктің бассыз жіберуі өңдеу саласында ауыр ахуалдың қалыптасуына соқтырыпты. 

"Қазіргі кезде алюминий, мыс, қорғасын, болат сияқты стратегиялық маңызды металдарды Қазақстанда өңдеумен айналысатын зауыт, кәсіпорындардың жүктелуі көп жағдайда 50%-дан аспайды. Сонымен бір мезгілде шикізатты шетелге экспорттау ауқымы белсенді түрдеартып келеді. Нақтыласақ, алюминийді Қазақстанда жалғыз ғана компания өндіреді, бұл "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ (бұрынғы Президентке жақын миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов бақылауындағы ERG тобының құрамына кіреді, авт.). Бұл компания шамамен 260 мың тонна бастапқы алюминий шығарады. Оның тек 34 мың тоннасын немесе 13%-ын ғана отандық өңдеу кәсіпорындарына жібереді. Шын мәнінде отандық кәсіпорындардың алюминийге деген қажеттілігі 73 мың тоннадай", – деп хабарлады Индустрия министрлігі.

Алюминий өндірісінің жалғыз алпауытқа басыбайлы беріліп қойылғаны ұлттық қауіпсіздікті нығайтпасы даусыз.

Жалпы егер шикізатпен жете қамтыса, бұл саланың бағы ашылайын деп тұр. Қажетті база бар. Елімізде алюминийді өңдеумен айналысатын компания көп, оның ірілері "Aluminium of Kazakhstan"("Қазақстан алюминийі") ЖШС, "ALUGAL"ЖШС, "Профиль metals ltd" ЖШС, "Кіші металлургия" ЖШС, "Вектор Павлодар" ЖШС, "Gold Aluminium" ЖШС, "Цветлит" АҚ, "Казэнергокабель" АҚ, "Талдықорғанқабель" ЖШС, "ЕМЗ" ЖШС. Тұралап жатқан ұсақтарын қоспағанда, осы негізгі кәсіпорындардың жүктелуі 52%-дан аспайды.

Мыс саласында да ахуал күрделі. Осы саланыңтізгіні олигархтар бақылауындағы үш алпауытқа ұстатылды. Мыс өндірісімен елде "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС, "Қазмырыш" ЖШС, KAZ Minerals тобы айналысады. 

Олар жылына 459 мың тонна катодты мыс өндіреді. Олар соның 5,3 мың тоннасын немесе бар-жоғы 1,2%-ын отандық өңдеу кәсіпорындарына жөнелтеді. Ал қазақстандық мыс өңдеу саласы жоспарлы қуатына жету үшін 38 мың тонна шикізат керек. Оны олар ала алмай отыр. 

Елімізде негізгі мыс өңдеушілер қатарында"KAZKAT" ЖШС, "ЕМЗ" ЖШС, "Қазэлектрмаш" ЖШС, "ЗОТсМ" АҚ, "ҮМЗ" АҚ бар. Осы кәсіпорындар шетелден шикізат импорттап жатса да, орта есеппен 10 мың тоннаға немесе 26%ға ғана жүктелген. 

Бұрынғы билік қорғасын өндірісін демонополияландыруға жол беріпті. Елімізде бұл қажет әрі қат металды жалғыз "Қазмырыш" ЖШС өндіреді. Ол жыл сайын 108 мың тонна тазартылған қорғасын шығарады. Алайда оның небәрі 24 мың тоннасын немесе 23%-ын ғана отандық өңдеуге береді. Қалғаны шетелге әкетіледі. Оның бәрі кейін елімізге оқ болып атылмасын делік.

Өкінішке қарай Қазақстанда қорғасынды жалғыз ғана кәсіпорын өңдейді. Ол "Қайнар-АКБ" ЖШС. Компания 80% жүктелген. Бірақ ол шикізатты жатжұрттардан тасымалдауға мәжбүр. Өйткені қорғасынға деген мұқтаждығы 30 мың тоннаны құрайды.

Егер жаңа заң қабылданса, онда жағдай өзгеруі мүмкін.

ИИДМ хабарлауынша, заң күшіне енген соң 6 ай ішінде шикізат өндірушілер жер қойнауын пайдалануға арналған контрактілерімен лицензияларына өзгерістер енгізу үшін уәкілетті органға жүгінуге міндетті.

Себебі, отандық өңдеуші кәсіпорындарды қазақстандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін мынадай қос міндет бекітіледі. Бір жағынан, елімізде шикізатты өндірушілер өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтуға міндеттеме алады. Екінші жағынан, өңдеуші кәсіпорындар сол шикізатты тұрақты сатып алуға және елімізде өңдеуге міндеттеледі. Олар оны өзге фирмалар арқылы шикізат күйінде шетелге шығарып жібермеуге тиіс.

Уәкілетті орган (әзірге бұл ИИДМ) отандық шикізатпен қамтамасыз ету туралы өтінімдерді тұрақты негізде қабылдайды.

Уәкілетті орган өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарауы шарт. Егер талапқа сәйкес болса, 15 жұмыс күні ішінде өтінішке сараптама жүргізеді, оның нәтижесінде есеп қалыптастырып, оны өтініш берушіге – танысуға, ал шикізатты өндірушіге – шарт жасасуға жолдайды. 

Міндеттемелер бекітілген шартта мыналар көзделеді:

• отандық шикізатты өндірушілер;

• өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары – отандық шикізатты алушылар;

• отандық шикізаттың түрлері;

• отандық шикізатты жеткізу көлемдері;​

• отандық шикізатты жеткізу мерзімдері;

• отандық шикізаттың құны.

Егер олигархтарға тәуелді өндіруші компаниялар ішкі нарықты шикізатпен молықтыру міндеттемесін орындамаса не болады? Заңда мұндай жағдайда мемлекеттің олармен арадағы контрактіні бұзатыны қарастырылмақ. 

"Міндеттемелерді орындамағаны үшін келесі шаралар қарастырылған: біріншіден, жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты – жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт-контрактіні біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын бұзу түрінде жауапкершілік көзделген. Екіншіден, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияға қатысты шара қолданылады. Үшіншіден,компания өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін шикізат құнына қарай орындалмаған міндеттеме сомасында өсімпұл төлейтін болады", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Яғни міндеттемесін орындамаған монополистерге үш түрлі жаза қолданылады. Жер қойнауын пайдалану контрактісі тоқтатылады, лицензиясын мемлекет кері қайтарып алады, одан миллиардтаған өсімпұл өндіртіледі.

Егер Жаңа Қазақстан ынжықтық емес, ержүректік және саяси ерік-жігер танытса, бәлкім, осы тетік арқасында қаңтарға да қыңбаған олигархтардың дәуірі де аяқталып қалатын шығар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу