Өмірдің құны – миллион

1905

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның  Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметі бойынша, облыстық еңбек басқармасының басшысы Ерғали Асқаровтың парақорлығы әшкереленген.

Өмірдің құны – миллион

Мекеменің баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, "Ерғали Асқаров өзінің қол астындағы қызметкерінің делдал болуымен "Павлодар жеңіл конструкциялар зауыты" ЖШС-ның өкілінен кәсіпорын жұмыскерінің өліміне себеп болған жазайым оқиғаға оң қорытынды шығарғаны үшін 1 млн теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы алғаны анықталды".

Еңбек қауіпсіздігіне деген мұндай "ықылас" Павлодар облысындағы кәсіпорындарда қайғылы оқиғалар санының ұлғаюына себеп болуы әбден мүмкін. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы кәсіпорында жапа шеккендер саны республика бойынша 2 307 адамнан 1 683 адамға қысқарғанымен, Павлодар облысында керісінше, 164-тен 191 адамға дейін өскен, оның ішінде 27 (бір жыл бұрын 9) оқиға адам өліміне әкеп соқтырса, 99 (бір жыл бұрын 78) адам ауыр жарақат алды. Өндірісте орын алған жазатайым оқиғалар саны бойынша облыс алдыңғы үштікке кіреді. Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, 2014-2015 жылдары өндірістік жарақаттан ең көп зардап шеккендер Ақсу ферроқорытпа зауыты, "Қазақстан аллюминийі" АҚ, "KSP Steel" ЖШС, "Кастинг" ЖШС, "Богатырь Көмір" ЖШС, "Евроазиаттық энергетикалық корпорация" АҚ секілді кәсіпорындарда тіркеліп отыр. Десе де "Қазақстан аллюминийі" АҚ, "KSP Steel" ЖШС, "Кастинг" ЖШС өкілетті органның тексеру өткізу тізіміне өткен жылы да, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында да енгізілмеген.

"Былтырғы жылдың желтоқсанында прокуратура өкілетті мемлекеттік органның қызметіне тиісті талдау жүргізді. Талдау нәтижесі мемлекеттік еңбек инспекторларының өндірістік жарақат алу деңгейін төмендетуде шара қолдануға құлықсыз екенін көрсетті. Сөйтіп бұл өкілетті орган жұмысын мұқият қадағалауға негіз болды. Еңбек басқармасы басшысының парамен ұсталуы еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген нақты себептің жасырын қалғанын көрсетеді", – деп баса айтты алқа отырысында облыс прокуратурасы 1-басқармасының бастығы Саят Әбділманов.

Облыс прокуроры Серік Қарамановтың ойынша, еңбек инспекциясы бағынатын орган ауыстырылғаннан кейін "азусыз" қалды: "Қызмет облыстық әкімдікке берілгеннен кейін, жұмыста жаңсақтық туындай бастады. Қазір еңбек инспекторлары ешкіммен ұрыспаймыз деген ыңғайлы ұстанымды жалау етіп отыр. Өзге мемлекеттік мекемелермен ортақ қарым-қатынас жоқ. Біз басқарманың қызметін тексеріп,  сегіз қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойдық".

Кәсіподақтың өзі әділдік іздеп жүр

Өндірістегі әрбір жазатайым оқиғаны арнайы құрылған комиссия тексереді, оның құрамына кәсіпорынның кәсіподақ басшысы да кіреді. Прокуратураның мәліметіне көз жүгіртсек, бұл мәселе ірі кәсіпорындарда дұрыс жолға қойылған, оларда кәсіподақ ұйымдары бар, алайда орта бизнес туралы бұлай айта алмаймыз. Алайда кәсіподақтың болуы – олар міндетті түрде жұмыскердің сойылын соғады деген сөз емес.

"Біздегі кәсіподақтар не үшін жұмыс істеді? Кәсіподақтар кімді қорғауы керек? Жұмыскерді! Кәсіподақтың кез-келген мүшесі кәсіподақ басшысына келіп: "Сен неге бөлек кабинетте отырсың, неге қызметтік көлікпен жүресің деп сұрауға құқы бар", – деді облыс прокуроры.

Бүгінде аталмыш тәуелсіз кәсіподақтар саны саусақпен санарлық. Шындығына келгенде олар өзінің жұмыс істеуге құқығын дәлелдеуге тура келеді. Осылайша былтыр "Богатырь Көмір" ЖШС жұмыскерлерінің бастамасымен құрылған "Екібастұз жергілікті көмір кәсіби одағы" ҚБ-нің өкілі өз құқығын сотта қорғады. Бір кәсіпорында екі кәсіби одақ құрылған, ал ҚР Еңбек кодексі талаптарына сәйкес келіссөз жүргізіп, ұжымдық шартқа тиісті өзгеріс енгізу үшін жалғыз өкілеттік орган құрылу қажет еді. Бірақ басшылықпен келісу мүмкін болмады, оның үстіне, кәсіподақ төрағасы Сергей Чапаланың айтуынша, компания басшылығы құрылымдық бөлімше бастықтарына жұмыскерлерді жұмыстан шығарымыз деп қорқытып, аталған кәсіподақ ұжымына кіруіне кедергі келтірсін деген тапсырма беріпті. Бір кәсіподақтан екіншісіне өтуге ниет білдірген жұмыскерлерге ұжымдық шартта кепілдік берілген әлеуметтік жеңілдіктерден айырамыз деп қысым көрсетілген.

Осының салдарының бұл іс сотқа дейін жетті. Кәсіподақ ұйымы сотта жеңіске жетті, бірақ бұған қыруар уақыт пен күш жұмсалды. Жұмыскерлердің құқығын қорғаудың орнына кәсіподаққа өз мүддесін қорғауға тура келді.

Не істейміз?

Прокуратураның тапсырмасы бойынша өнідірістегі жазатайым оқиғаларды тергеумен айналысатын  арнайы шұғыл тергеу тобы құрылды.

"Еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы туралы, нақтырақ айтсақ, адам өліміне әкеп соқтырған істерді қадағалауда процессуалдық прокурорлар институтын қолдану керек. Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде сот-технологиялық сараптамалар мен еңбек қауіпсіздігі сараптамаларын жиірек тағайындау  қажет. Жазатайым оқиғаның мән-жайын тексеретін адамдарға қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізуді тәжірибеге енгізу, аталған санаттағы істерді тергеуде тәжірибесі бар тергеушілерді мамандандыру керек. Мұндай тергеушілердің білімін жетілдіру үшін аталған санаттағы істер жөнінде шығарылған үкімдер бойынша сот тәжірибесі зерттелетін арнайы курстар ұйымдастыру керек. Мемлекеттік еңбек инспекторы адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаның орнына баруын міндеттеу туралы қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет", – деп мәлімдеді облыс прокуратурасы 1-басқармасының бастығы Саят Әбділманов.

Бүгінде облыс прокурорлары арасында болсын, полиция ішінде болсын өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергейтін мамандардың жоқ екенін мойындаған облыс прокуроры  енді екі айдан кейін еңбек қатынастары саласының мамандары дайын болады деп сендірді.

Марина Попова, Павлодар 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу