Толассыз табыстың соңына түсіп, еңбеккерлердің қауіпсіздігін ескерусіз қалдыратын кәсіпорындардың арасында танымал алпауыттар да бар көрінеді. Бұл туралы облыстық прокуратураның кезекті алқа отырысында мәлім болды. Құзырлы органның дерегінше, еңбек заңнамасына салғырт қарау салдарынан былтыр 19 адам қаза тапқан. Жарақат алғандардың саны – 219 адам.
Сол қайғылы жайттардан жергілікті жұмыс берушілер қандай сабақ алды? Адам қазасына дейін апарған ақаулар жойылды ма? Прокуратура қызметкерлері осы сұрақтарға жауап табу үшін өндіріс ошақтарына тексеру жасаған екен.
Еңбек заңнамасын ереже құрлы көрмейтін кәсіпорындар арасында өңірдегі ең үлкен өндіріс ошағы – "Қазцинк" ЖШС да бар. Ал "Казминералс" компаниясына қарасты "Шығыстүстімет" ЖШС-ның да заңнамаға пысқырып қарамайтыны белгілі болып отыр. Осы екі кәсіпорында ғана 19 мыңнан астам адам еңбек ететін ескерсек, бұл алаңдауға тұрарлық жайт. Тексеру барысында аталмыш компанияларда еңбек заңнамасына қайшы келетін 1,5 мың факті тіркелген. Жұмысшыларға тиісті еңбек жағдайын жасамау, өндірістік қауіпсіздіктің сақталмауы, өндірістік жарақаттарды жасырып қалу, ескірген жабдықтарды жаңасымен алмастырмау сияқты кемшіліктердің кесірінен жұмысшылардың өміріне сәт сайын қауіп төнуде.
Кемшіліктің көбі кен орындарында анықталған. Прокурорлардың айтуынша, кеніштердегі әрбір үшінші жұмыс орны заң талаптарына сай емес. Мысалы, "Шығыстүстімет" ЖШС-на қарасты Орлов кенішінде кеншілер 700 метр тереңдікте 65 градус ыстықта жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ал қауіпсіздік ережесі бойынша кеніштегі ауа температурасы 26 градустан аспауға тиіс. Кеніштегі кемшілік бір бұл ғана емес, кен қазу кезінде ауаға тараған күкірт газының мөлшері шектеулі көрсеткіштен 20 есеге артқан. Яғни, жұмыс улы ортада жүрген. Прокурорлар Орлов кенішінің басшылары былтырғы жағдайдан сабақ алмағанын айтады. Бір жыл бұрын осы кен орнында топырақтың қопарылуынан 8 адам зардап шегіп, біреуі қайтыс болған еді. Тексеру кезінде сол қайғылы апатқа тау жыныстарының дұрыс бекітілмеуі себепкер болғаны анықталып отыр. Мұндай ақау бір ғана кеніштің 15 нүктесінде тіркелген.
"Желдету жүйесінің істен шығуы, жарықтың толық түспеуі, ауа баптағыштардың болмауы сияқты кемшіліктер өңірдегі әрбір кенішке тән кемшілік. Сондай-ақ, 7 кеніште қосалқы шығу жолдары мүлде болмаған. Бұл апат бола қалған жағдайда кеншілердің аман қалуы мүмкін емес деген сөз. Сондықтан, аталмыш 7 кеніштің жұмысын тоқтатқанбыз", – дейді облыстық прокуратураның қоғамдық мүдде жөніндегі басқарма басшысы Ержан Рыспаев.
Отырыс барысында кәсіпорындардағы қауіпсіздік пен еңбек заңнамасының сақталуын қадағалайтын мемлекеттік органдардың атына да сын айтылды. Мәселен, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті былтырдың өзінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 1000-нан астам заңбұзушылықты анықтаған. Алайда, ақауы бар механизмдердің қызметін тоқтату немесе тыйым салу бойынша ешқандай шара қолданбаған.
Ал облыстық еңбек инспекциясы өндірістік нысандарды аттестациялау кезінде анықталған кемшіліктер мен жасырын жарақат фактілеріне қатысты тексеру жүргізбеген.
Прокуратураның өзі анықтаған 1,5 мың заңбұзушылық қазіргі таңда түгелдей жойылған. Оған жол берген 21 лауазымды тұлға жауапқа тартылып, 2 млн теңгеден астам айыппұл төлеген.
"Қосалқы өткелі жоқ 7 кеніш те кемшілікті жойып, ескертуімізді орындады. Орлов кенішіндегі 15 нүктеге тіреулер қойғыздық. Сондай-ақ "Қазцинк" ЖШС-ның Тишин, Шүбе, Риддер-Сокол кеніштеріндегі 39 қондырғы күрделі жөндеуден өткізілді. Олардың барлығы тозығы жеткеніне қарамастан, жұмыс істеп келген болатын. Аталмыш кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана өндіріс ошақтары жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды", – дейді Ержан Рыспаев.
Жиын барысында сын садағына ілінген мемлекеттік органдар мен прокуратура қызметкерлері бірлесіп, өндірістік жарақаттың санын азайту бойынша іс-шаралар жоспарын құруға уағдаласты. Бұл жоспардың жағдайға қаншалықты оң әсер ететіні әзірге белгісіз.
Тамыз айының өзінде Шығыс Қазақстанның екі кенішінде тағы да адам өлімі тіркелді. Оның бірі "Қазминералс" компаниясына тиесілі болса, екіншісі "Қазцинк" компаниясының Тишин кенішінде орын алған болатын. "Қазминералс" өкілдері кәсіпорын жұмыскері денсаулығының кенеттен сыр беруі салдарынан көз жұмғаны туралы ресми ақпарат таратқан еді.
"27 тамызда сағат 21:00 шамасында "Шығыстүстімет" ЖШС-на қарасты Орлов кенішінің шпур бұрғылаушысы жұмыс кезінде есінен танып қалды. Қызметкерді Жезкент ауылдық ауруханасына жеткізгенде дәрігерлер оның қайтыс болғанын мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құрылды" – делінген ресми хабарламада.
Ал 24 тамыз күні Риддер қаласының іргесіндегі Тишин кенішінде топырақ опырылып, астында машинист қалып қойған. Алғашында құтқарушылар машинисі тірі күйінде табуға әрекеттеніп баққан. Ол үшін тіпті бес техника, 40 адам тәулікті режимде жұмыс істеген болатын. Арада 12 күн өткенде "Қазцинк" компаниясы машинисті құтқару шаралары "іздеу" санатына көшкенін ресми түрде мәлімдеп, әріптестерінің туған-туыстарына көңіл айту хатын жолдады.
Қазір бұл оқиға бойынша еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік қауіпсіздік ережелерін қадағалаушы органдар бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Есімжан Нақтыбайұлы