Energyprom.kz ұсынған мәліметтеге сүйенсек, 2018-2019 жылдардағы ғаламдық ислам экономикасы есебінде мұсылмандардың саны 2060 жылы 70%-ға артып, 3 млрд адамға жетеді. Ал халал өнімдер мен мұсылмандық қызмет көрсетудің әлемдік нарығы жылдан жылға кеңейіп, 2023 жылы 3 трлн долларды құрайды.
Халал өнімдерін ең көп тұтынатын мемлекет – Индонезия. Бұл мемлекеттің аталмыш саладағы ақша айналымы 170 млрд доллар.
Әрине, Қазақстанға мұндай көрсеткішке жету үшін бірнеше жылдар керек. Елімізде халал сертификатын алған 1000-нан аса компания бар. Алайда, отандық өндіріс орындарының әлемдік нарыққа өнім шығаруына кедергілер көп. Олардың бастысы – әр елдің өзінің стандарттау жүйесі, яғни, бір елдің талаптары екінші елге келе бермейді. Бүгінде әлемде халал сертификатын беретін 120 ұйым жұмыс істейді. Олардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған "Халал Даму" ЖШС. Бұл ұйым 2014 жылдан бері қазақстандық және шет елдік өнімдерді стандарттаумен айналысады.
"Біз халықаралық үш стандарт бойынша сертификат береміз. Ол: мал бауыздау және ет өңдеу, азық-түлік және қызмет көрсету, халал өнімдерін өндіру, даярлау, өңдеу, сату. Қазіргі кезде 300-ден астам компанияға "Халал" белгісін бердік. Алайда бір ескерте кететіні – бұл сертификат тек бір жылға жарамды",– дейді "Халал Даму" ЖШС директоры Әнуар Елжанов.
Бүгінде желіде "халал сертификатын алу оңайдың-оңайы, сараптама шынайы өтпейді", деген пікірлер кездеседі. Бірақ Әнуар Елжанов мұны жоққа шығарды.
"Халал халықаралық сертификатын алу ерікті іс. Оған қол жеткізу үшін шамамен бір ай уақыт кетеді. Бірінші өнімдерді лабораториялық зерттеуге жібереміз. Ол жерден нәтижелер бір аптаның ішінде келеді. Тек ДНҚ сараптамасы оң нәтиже көрсеткен соң өндіріс орнын тексереміз. Міне, осындай кезең-кезеңмен жұмыс істейміз. Ал сертификат алғаннан кейін ай сайын бір жыл бойы компания жұмысын бақылаушыларымыз қадағалап тұрады. Орталықта 50-ге жуық маман жұмыс істесе, оның 40-ғы еліміздің әр өңірінде еңбек ететін бақылаушылар. Біз өз кезегімізде тексеріс нәтижесін әлеуметтік желіде жариялап отырамыз",– дейді ол.
Сертификаттың өзі тегін беріледі екен.
"Біз тек сараптама жұмыстары барысында көрсетілетін қызмет ақысын аламыз. Ол лабораториялық зерттеулер, бақылаушылардың шығыны т.б. Барлығы өндіріс ошағының көлеміне байланысты. Орта есеппен 60 мың мен 100 мың теңгенің айналасында. Бұл сома орталықта жұмыс істейтін мамандарға еңбекақы ретінде төленеді. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз пайда табу емес, мұсылмандарға қол жетімді, халал дүниелерді насихаттау",– дейді орталық директоры.
Бүгінде ҚМДБ жанындағы орталық берген сертификаттар әлемнің 43 еліне өнім экспорттауға мүмкіндік береді. Оның ішінде Қытай, Франция, Иран, Пәкістан, Түркия т.б. сынды мемлекеттер бар.
Қазіргі кезде дүкен сөрелерінде халал белгісі бар өнімдер өте көп. Қарапайым адам оның қайсысы шынайы сертификатталғанын біле бермейді. Бүгінде стандарттау орталығы тұтынушыларға арнап телефон қосымшасын жасауда.
"Қыркүйек немесе қазан айларында халал өнімдерін анықтауға мүмкіндік беретін қосымша ұсынамыз. Ол тұтынушыға дүкендегі тауар штрих кодын сканерлегеннен кейін, біздің сертификатымызды алғаны, алмағаны жөнінде ақпарат береді.
Бір ерекшелігі, халал өнімдерін тек мұсылман мемлекеттері тұтынбайды. Мысалы әлемде ең көп халал тауарлар шығаратын мемлекет Австралия халқының дені мұсылман емес. Сонымен қатар, халал косметика өндірісі бойынша көш бастап тұрған Оңтүстік Корея да ислам дінін ұстанбайды. Бұл әлемдік нарықта мұндай өнімдерге сұраныс өте жоғары екенін көрсетеді.
Жуырда ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ауыл шаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік органдарға "Халал өнімдерін дамытудың жол картасын" жасау туралы тапсырма берді.
"Халал өнімдерін экспорттауды дамыту керек. Мұсылман нарығындағы халал өнімдерінің жоғары бәсекелестігі тексеріс жүйесін халықаралық талаптарға сәйкес жақсартуды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қызығушылық танытқан мемлекеттік органдарға 15 тамызға дейін үкіметке Халал өнімдерін дамытудың жол картасын ұсынуды тапсырамын",– деді Асқар Мәмин.
Егер үкімет басшысының тапсырмасы жүзеге асса, бұл Қазақстанның халал өнімдерін шет елдік нарыққа шығару жолына жасалған үлкен қадам болады.
Құралай Құдайберген