Халал өнімдердің жол картасы жасалған жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2345

Адал асқа 3 трлн доллар жұмсалады.

Халал өнімдердің жол картасы жасалған жоқ

Үкімет басшысы Асқар Мамин осыдан біраз бұрын ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа 2019 жылдың 15 та­мызына дейін халал-өнімдердің жол картасын әзір­леу туралы тапсырма берді. Уақыт өтті, бірақ жол картасы жасалмады. Неге?

Сапархан Омаровтың сөзінше, Қазақстанда халал өндірісіне қатысты заң жоқ. Бұған қоса халал өндірісі мен оны сертификаттаудың ортақ талабы мен тәртібі белгіленбеген. Мақсатқа жету үшін заң, жоспар және жоспарды жүзеге асыруға уақыт қажет.

Халал индустрия нарығының дамуына бірыңғай халықаралық стандарттың жоқтығы да кері әсерін тигізіп тұр. Себебі мұсылман елдерінің барлығында  өнімді сертификаттайтын ұйым бар. Бірақ бір елдің сертификатын екінші ел мойындамайды. Мысалы әлемде халал стандартын беретін 120 ұйым, ал елімізде 5 ұйым бар. Олардың жұмысы бір ізге кел­тірілмеген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл соңына дейін 5 ұлттық "Халал" стандарты қа­был­­данады деген жоспар бар.

Баршаға ортақ бірыңғай стандартты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен халал өнім­дерді сертификаттайтын жеке компаниялар әзірлейді. Кейін бұл стандарт денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктеріне ұсынылады. Бірыңғай стандартта малды сою, етті тасымалдау, өнімді сақтау және таңбалау талабы нақтыланады. Талапты орындамаған өндірушілерге халал стандартымен жұмыс істеуге тыйым салынады.

Қазақстанда халал өндірісі мен өнімі жоқ емес, бар. Тұтынушы да жетерлік. Бізде ақсап тұрғаны – халал өнімнің  экспорты. Адал асқа арналған жол картасы отандық өндірушілердің мұ­сыл­ман нарығындағы бәсекеге қабі­лет­­ті­лігін арттырады және халал өнімдердің өндірісіне қойылатын талапты күшейтеді. Мұны үкіметтегілер бір кісідей түсініп, біліп отыр. Бірақ әзірге қылар қайрандары жоқ.

Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ислам ұйымы бас директорының міндетін атқарушы Ерлан Байдәулеттің пікірінше, халал стандартымен жұмыс істейтін ұйымдардың арасында мүлде байланыс жоқ. Мәселені жекелеген елдердің үкіметі шеше алмайды. Сондықтан бұл сұрақты ислам ынты­мақтастық ұйымының күн тәр­тібіне қою қажет.

"Қазақ­станда халал өндірісті да­мыту үшін бірыңғай серти­фикат тағайындайтын ұлт­тық орган құру керек", – деді Ерлан Байдәулет.

Ислам экономикасының 2018-2019 жылдарға арналған жаһандық есебінде

2023 жылы халал индустриясының әлемдік нарықтағы көлемі 3трлн долларға жететіні жазылды. Сондай-ақ құжатта 4 жылдан соң әлем халқы халал өнімге жылына 1,9 трлн доллар жұмсайтыны көрсетілді. Бұл халал индустриясы көз ілеспес жылдамдықпен дамиды деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу