Өңірлердің өндірістік көрсеткіштері ала-құла

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3356

Жыл басындағы екі айда экономика 3,6% өсті.

Өңірлердің өндірістік көрсеткіштері ала-құла

"Көрсеткіштің өсу қарқынын жеделдету шикі мұнайды өндіру мен көтерме сатуды ұлғайту есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсумен, ауыл шаруашылығындағы оң динамикамен, сондай-ақ құрылыс секторындағы өсімді қалпына келтірумен қатар жүрді. Сондай-ақ, көрсеткіштің өсуіне машиналар мен жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ газ құбырларының бірінде компрессорлық станцияны салу шеңберінде инвестициялардың артуы оң әсер етті. Металлургия өнеркәсібі өндірісінің көлемінің төмендеуі нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп тежеуші әсер етті", деп хабарлайды Ұлттық банк.

Алға сүйреген және кері тартқан өңірлер
Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер бойынша ең қарқынды өскен өңір Атырау облысы. Екі айда облыс экономикасы 14,3% ұлғайған. Оның себебі шикі мұнайды өндіру мен көтерме сауда көлемінің ұлғаюы, көліктік қызмет көрсету мен құрылыстың жақсы көрсеткіштерінің жақсаруы. Ал байланыс қызметтерінің қысқаруы облыс экономикасына әлі кері әсерін тигізіп тұр.

Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы мен Қостанай облыстарында да (тиісінше 9,3% және  8,4% ұлғайған). Басқа өңірлерде экономиканың қысқамерзімді өсімі еліміздің орташа көрсеткіш деңгейінде байқалады.

Экономикасы ең қатты төмендеп кеткен өңір Қарағанды облысы. Облыста өнеркәсіптегі өндіріс азайып, шойын, болат және оқшауланған сым өндіру көлемі айтарлықтай төмендеп, өңірдің экономикасын кері тартып отыр.

Сонымен қатар, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында экономика көрсеткіші нашарлаған. Ең алдымен, өнеркәсіпте өндіріс көлемінің, атап айтқанда, шикі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемдерінің төмендеуіне бұл облыстарды төмен тартып тұр. 

Маңғыстау облысында да көрсеткіш кеміп, өнеркәсіп, құрылыс, сауда және байланыс көлемі азайған.

Салалар бойынша
Еліміз бойынша ең көшбасшы сала қаңтар-ақпандағы көрсеткіш бойынша саудаға тиесілі болды. "Тауарлар мен қызметтерді сату көлемі 2019 жылдың қаңтар-ақпанында 7,6%-ға өсті. Нақты ақшалай табыстың өсуіне, сондай-ақ тұтынушылық сұраныстың өсуіне байланысты бөлшек тауар айналымының өсуі 4,0%-ды құрады. Көтерме сауданың 8,4%-ға өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарлар, оның ішінде шикі мұнай мен металдар сату көлемінің артуымен байланысты болды", деп жазады бас банк. 

Тау-кен өнеркәсібіндегі өсім де айтарлықтай ұлғайып, 6,3%-ды құрды, бұл Қарағанды облысындағы көмір мен лигнит, сондай-ақ Қызылорда облысындағы шикі мұнайды өндірудің төмендеуі салдарынан 2019 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда біршама төмен. Тау-кен өнеркәсібінің өсуіне кен орындарында шикі мұнайды (4,3%-ға) және табиғи газды (5,4%), сондай-ақ металл кендерін (13,8%) өндіру оң үлесін тигізді.

Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі республикалық орташа көрсеткіш шамасында болып, 3,6% құрды. Өнеркәсіптегі өсімнің негізгі қозғаушы күші мал шаруашылығы (3,8%-ға өсім) болып табылады, бұл малдың және құстың тірі салмақта сойылу және де сиыр сүті мен тауық жұмыртқасының көлемінің ұлғайуына байланысты. Сонымен бірге өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі өзгеріссіз қалды.

Өсім қарқыны төмен салалар
Көліктің барлық түрлерімен жүк айналымы оң динамика сақталған, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында өсім 2,9% -ды құрады. Өнеркәсіптің өсуіне оң әсерін теміржол (2,7%-ға өсім), автомобиль (6,0%) және мұнай құбырлары (1,2%) көліктерінің қызметтері қамтамасыз етті. Жолаушылар айналымы теміржол мен автокөлік жолдары мен қалалық көліктердің өсуі нәтижесінде 3,5%-ға өсті.

Құрылыс саласы қаңтар айындағы төмендеуден кейін өсім көрсетті, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында өсім 2,0% құрады. Құрылыс жұмыстарының ең үлкен көлемі елдің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту (автомобиль жолдарын, жолдарды, теміржолдарды, көпірлер мен тоннельдерді салу) бойынша жүргізілді. Өндірістік нысандар мен инженерлік құрылыстарды салу және жөндеу бойынша жұмыстардың айтарлықтай көлемі жүргізілді. Құрылыс жұмыстарының максималды өсуі Түркістан облысында байқалды (1,3 есе өсті). Төмендеу Астана,Шымкент қалаларында және Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарында байқалды.

Байланыс саласы 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында 0,5%-ға өсті. Интернет қызметтері, сондай-ақ телекоммуникация қызметтері байланыс саласында ең танымал түрлері болып қала береді.

Өңдеу саласы мүлде "минуста"
Өңдеу өнеркәсібі өндіріс көлемінің төмендеуін жалғастыруда, өндіріс 2,1% -ға төмендеді. Төмендеудің айтарлықтай улесін металлургия өнеркәсібі (төмендеу 9,6%- ға), негізгі фармацевтикалық өнімдерді өндіру (2,1%), темекі өнімдері (24,5%). Оң үлесін азық-түлік өндірісінің артуы (өсім 1,5%), кокс және мұнай өнімдерін өндіруі (4,9%) және машина жасау (9,5%) әсерін тигізді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу