Премьер-министр биыл мемлекет басшысының тапсырғанындай ішкі жалпы өнім өсімін 5%-ға жеткізу керектігін айтты.
"Бірқатар өңірлер өнеркәсіп, құрылыс салалары мен негізгі капиталға инвестиция көрсеткішінде қалып келе жатыр. Осы орайда жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер шараларды қолға алып, жылдың I тоқсанында оң көрсеткіш көрсетуі керек", деп тапсырды министрлер кабинетінің басшысы.
Премьер министрдің бұл тапсырмасы бірінші кезекте ұлттық экономика министріне қарата айтылғаны анық. Дегенмен, министр Дәленов бұл көрсеткішке жету мүмкін еместігін қазірден ескертіп, ары кетсе биыл 3,8%-дық өсім ғана көрсете алатынын айтып отыр.
"Түрлі факторларды ескере отырып, номиналды ІЖӨ 2019 жылы 64,3 трлн теңге болмақ. Бұл алдыңғы есептеуден 323,5 млрд теңгеге көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 9,4 мың АҚШ доллары болады", – деді Дәленов.
Расымен де, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 5%-дық өсім тым оптимистік екені байқалады. Өсімнің бұл көрсеткішке жете алмау мүмкіндігіне екі негізгі дәлел бар.
Біріншіден, былтыр Брент мұнайының орташа бағасы 72-73 доллар шамасында болғанда ІЖӨ өсімі 4,1% болғаны есімізде. Ал 2019 жылғы қара алтынның болжамды бағасы 63-67 доллар аралығында. Нақтырақ айтсақ, АҚШ энергетикалық мәлімет агенттігі биыл Брент маркасының орташа құны 63 доллар болады деп болжаса, Goldman Sachs орташа бағаны 65 доллар деп жорамалдап отыр. Ал Дүниежүзілік банк 67 доллар болады деп болжайды. Яғни, ең оптимистік болжамдардың өзі мұнай бағасының биыл былтырғыдан 7-8 пайызға төмен.
Екіншіден, Қазақстанда мұнай өндірісінің төмендеуі. Естеріңізде болса, былтыр Қазақстан мұнай өндіруден абсолют рекорд орнатып бір жылда 90,4 млн тонна қара алтын шығарған. Ал биыл көрсеткіш 89 млн тонна болатынын таяуда энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеген еді. Оған Дәленов та қосылып отыр.
"Мұнай өндірісі былтырғымен салыстырғанда 1,4 млн тоннаға, яғни 1,5% азаяды. Бұл өнеркәсіптегі өсімнің төмендеуіне әсер етеді. Дегенмен, қызмет көрсету саласы 4,8%, ауыл шаруашылығы 6,2%, құрылыс 3,7%, сауда 4,3%, көлік және қоймалау 3,8%, өнеркәсіп 1,6% өседі деген болжам бар. Ал өңдеуші өнеркәсіп өсімі тау-кен өнеркәсібінің өсімінен артық болмақ", – деді министр.
Сонымен қатар, болжам бойынша биыл экспорт $3 млн-ға артып $54,4 млрд-қа жетсе, импорт составит $32,9 млрд болады деп күтілуде.
Бауыржан Мұқан