Астана өңірлік саяси кеңістікке түрен салды

2327

Биліктегі ауыс-түйіс бүгін де жалғасты.

Астана өңірлік саяси кеңістікке түрен салды

Таң ата тездетіп Үкімет отырысын өткізе салысымен, премьер Асқар Мамин мемлекет басшысының шұғыл тапсырмасымен Ақтөбе облысына аттанды. Мұнда ол облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Заң бойынша аймақтың жаңа әкімінің кандидатурасына Астана жергілікті "парламенттің" келісімін алуы шарт.

Үкімет жетекшісі мәслихат депутаттарына Елбасының "Оңдасын Оразалинді Ақтөбе облысының әкімі лауазымына ұсынғаны" туралы хатын оқып берді. Ақтөбелік депутаттар еш сөзге келмей, президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдай салды.

Қолдамасқа негіз де жоқ. Жаңа әкім осыған дейін еңселі ақордада қызмет атқарғанымен, шынында жергілікті "асау" күштерді құрықтау үшін жоғарыдан жөнелтілген астаналық шенеунік емес, ақсақалдар "өз баламыз" дейтін адам. Оңдасын Сейілұлы 1963 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Оны аз десеңіз, сол кездегі жастардай бірден астанаға шабылмай, алдымен жергілікті Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Тек бертінде, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы Алматыдағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Содан 2006 жылға дейінгі еңбек жолы туралы түйіндемесінде тек жалғыз ғана өңір аталады. Тарата айтсақ, 1985-1986, 1987-1988 жылдары – Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы, 1988-1990 жылдары – Ақтөбе педагогикалық институтының комсомол комитетінің хатшысы, 1990-1993 жылдары – жергілікті жарнамалық ақпараттық-коммерциялық агенттіктің бөлім бастығы, 1993-1999 жылдары – "Рика" банкінің басқарма төрағасы, 1999-2000 жылдары – "Облтрансгаз" ЖАҚ, "Ақтөбегаз" ЖАҚ басқарма төрағасы, 2000-2003 жылдары – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының әкімі, 2003-2004 жылдары – Ақтөбе облыстық сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасының бастығы, 2004-2005 жылдары – Ақтөбе облысы ішкі саясат департаментінің директоры, 2005-2006 жылдары – Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған.  

ХХ ғасырдың алғашқы ондығы түгесілер тұста елордаға келіп, президент әкімшілігінде инспектор, бөлім меңгерушісі секілді әртүрлі қызметтер атқарды. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары  лауазымына тек 2017 жылғы 22 наурызда тағайындалды.

Енді міне, портфелін арқалап, туған жеріне әкім болып оралып отыр. Өмірбаянында оның "орыс және ағылшын тілдерін меңгергені" айтылған. Ақордадағы жұмыс отырыстарында орысша сөйлейтінін білеміз. Ақтөбе облысында қазақ тілін еркін меңгереді деген сенім бар.

Айтқандай, Оңдасын Оразалин бұл лауазымда ешкімді де орнынан ысырған жоқ, ешбір тұлғаны орынтағынан тайдырмады. Яғни, бұрынғы әкімге арқа сүйеген әлдебір күштерді ызаландыратын негіз жоқ. Ақтөбе облысын 2015 жылдың 11 қыркүйегінен бері басқарған Бердібек Сапарбаевты елбасы Астанаға шақырып алып, министр лауазымын ұсынып, халықтың қаһары мен келемежіне қатар ұшыраған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәртебесін көтеруді, ел сенімін қайтаруды тапсырғаны мәлім.

Асқар Мамин мәслихат депутаттарымен әңгімелесу барысында Бердібек Машбекұлының абыроймен кетіп бара жатқанына назар аудартты. Премьердің пайымдауынша, батыстағы осы өңірге жетекшілік еткен 3,5 жыл ішінде Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: жаңа индустриялық жобалар іске асырылды, әлеуметтік салаға үлкен серпін берілді.  

Ал жаңа әкім Оңдасын Оразалинді үкімет жетекшісі "Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметінде үлкен жұмыс тәжірибесі бар азамат, өңірлік жұмыстың, сондай-ақ әлеуметтік жаңғыру саласының қыр-сырын меңгерген" деп таныстырды және жұмысына сәттілік тілеп, әкімге облыс активімен бірлесіп, елбасы алға қойған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ететуді жүктеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілістің кешегі отырысында сөйлеген сөзінде "өз өңірлерінде әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге жауапкершілік жүктелетінін", "олар тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел ден қоюлары, ең бастысы, тиісті шаралар қабылдаулары тиістігін" қадап айтқаны мәлім.

"Қазір еліміздің әрбір өңірі үшін "сенімді лидер" тауып, тағайындау міндеті тұрғанға ұқсайды. Ол жетекшілер жергілікті халықтың өз шағымдарымен Астанаға, тікелей елбасыға дейін шабуын тоқтатып, ың-шыңды облыстан сыртқа шығармай, мәселені сол жерде шешуге қауқарлы болулары қажет. Ендеше әкімнің саясат тілінде "крепкий хозяйственник" деп аталатындай, өз ісіне мығым шаруақор ғана болуы жеткіліксіз, ол сонымен бірге топ алдында сауатты сөйлей білетін шешен әрі нақты істерімен танылар тиімді менеджер болуы шарт. Тиісінше, бүгінде өңірлік саяси кеңістікті басқарудың тың көзқарастары қарастырылуда. Олай болса, бұл әкімдерге қатысты ауыс-түйістің басы ғана", – деп болжайды саясаттанушы Зейін Сабырқұлов.

Бұл сапырылыс нәтижесінде әкімдер корпусының сапасы мен тиімділігінің қаншалықты артатынын тек уақыт көрсетеді. Жаңа әкімдерден бұрынғылардай тек республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтық трансферттер мен дотациялар тасқынын игерумен ғана шектелмей, енді жергілікті экономиканы өрістету, әлеуметтік түйткілді проблемалардың түйінін тарқату, сондай-ақ жергілікті саяси ортаны білікті басқара білу қажет етілмек.

Бүгін сондай-ақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы ғана жаңадан ашылған Түркістан облысының басшылығын ауыстырды. Осы қызметті атқарып келген Жансейіт Түймебаевтың орнына Түркістан облысының әкімі болып, Өмірзақ Шөкеев тағайындалды. Өмірзақ Естайұлы бұған дейін үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келген болатын.

Жарлық шыққанға дейін саясаттанушы Ербол Еділов әлеуметтік желілерде жергілікті шенділердің экс-әкімді шығарып салуына қатысты "Жансейіт Түймебаев Түркістан облысы әкімі лауазымынан кетті" деп аталған бейнеролик жариялап жіберді. Онда шенеуніктер Жансейіт Қансейітұлы иығына қымбат шапан жауып жатқаны бейнеленген.

Сарапшылар өңір әкімдерін ауыстыру науқаны ары қарай жалғасады деген пікірде.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілістің кешегі отырысында сөйлеген сөзінде "өз өңірлерінде әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге жауапкершілік жүктелетінін", "олар тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел ден қоюлары, ең бастысы, тиісті шаралар қабылдаулары тиістігін" қадап айтқаны мәлім.

"Қазір еліміздің әрбір өңірі үшін "сенімді лидер" тауып, тағайындау міндеті тұрғанға ұқсайды. Ол жетекшілер жергілікті халықтың өз шағымдарымен Астанаға, тікелей елбасыға дейін шабуын тоқтатып, ың-шыңды облыстан сыртқа шығармай, мәселені сол жерде шешуге қауқарлы болулары қажет. Ендеше әкімнің саясат тілінде "крепкий хозяйственник" деп аталатындай, өз ісіне мығым шаруақор ғана болуы жеткіліксіз, ол сонымен бірге топ алдында сауатты сөйлей білетін шешен әрі нақты істерімен танылар тиімді менеджер болуы шарт. Тиісінше, бүгінде өңірлік саяси кеңістікті басқарудың тың көзқарастары қарастырылуда. Олай болса, бұл әкімдерге қатысты ауыс-түйістің басы ғана", – деп болжайды саясаттанушы Зейін Сабырқұлов.

Бұл сапырылыс нәтижесінде әкімдер корпусының сапасы мен тиімділігінің қаншалықты артатынын тек уақыт көрсетеді. Жаңа әкімдерден бұрынғылардай тек республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтық трансферттер мен дотациялар тасқынын игерумен ғана шектелмей, енді жергілікті экономиканы өрістету, әлеуметтік түйткілді проблемалардың түйінін тарқату, сондай-ақ жергілікті саяси ортаны білікті басқара білу қажет етілмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу