COVID-19 тұтқынындағы VIP-науқастар

4336

Коронавирус Үкімет басшысын оқшаулануға мәжбүр етті.

 COVID-19 тұтқынындағы VIP-науқастар  Фото: Максим Морозов

Қазақстанның COVID-19 індетімен шындап күресе бастағанына 3 ай болды. Әзірге жеңістің аулы алыс сияқты. Денсаулық сақтау министрлігінің бастапқы болжамдары желге ұшып, науқастар саны тоқтаусыз өсуде. Ведомствоның шұғыл желісіндегі ресми дерекке сенсек, бүгінгі таңда инфекция жұқтырғандар саны 14 809 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша халқының саны бізден 3 есе көп Оңтүстік Кореяның өзін артқа тастаппыз. 51 милионнан астам тұрғыны бар "Таңғы жұпар елінде" 15 маусымдағы мәлімет бойынша 11 018 адам індет жұқтырған.

Кейінгі күндері ресми тіркелген 14 809 қазақстандықтың арасынан елге танымал тұлғалар мен жауапты қызметтегі лауазым иелері де шыға бастады. Коронавирус жоқ дегенге сенетін отандастарымыз бұл ақпараттарды саяси қойылымға балауда. Осы теорияға сенетіндердің тілімен айтсақ, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Камалжан Надыровтан қалған  "эстафета" араға 1,5 ай салып қайта жанданды деуге болады. Мәселеге тереңірек үңілсек, мұқтаждығы қарапайым халықтың мұқтаждығымен сәйкеспейтін ат төбеліндей топтың ішінен ең алғаш Тілектес Барпибаев есімді адам індет жұқтырған болатын. Нұр-Сұлтан сотының төрағасы Германияға оқшау ұшақпен барса да, індет шеңгеліне ілініп, даудың ортасында қалған. Ал бұл жолғы VIP-науқастардың тізімі Ақордадан басталды. Нақтырақ айтсақ, 6 маусым күні Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің індет жұқтырғанын әлеуметтік желі қолданушыларына қынжыла отырып жеткізді. 

Абырой болғанда, Берік Уәлидің бойындағы инфекция мемлекет басшысына жұғып үлгермеген.

"Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған. Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда "Ауырған адамды көрсетіңдерші", "Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?", "Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?" деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек", – деп жазды Берік Уәли.

Кейін Президенттің баспасөз хатшысымен жақын араласатын адамдар танымал шенеуніктің әке-шешесі де індетке шалдыққаны туралы хабарлады. 

Ақордадан Парламент те "қалыс қалған" жоқ. 12 маусым күні Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да әлеуметтік желі арқылы жайсыз хабар жеткізді.

Кейінгі кезде жаппай екпе егуге үзілді-кесілді қарсы болып жүрген депутат хал-жағдайын сұрап хабарласқан журналистерге ауруханада жатқанын айтып, "Сөйлесуге шамам жоқ" деп қысқа қайырған көрінеді. 

Исі қазақ үшін депутаттығынан гөрі әншілік таланты қымбат Бекболат Тілеуханның жағдайына қарапайым халық расымен де қатты алаңдады. Сондай жанашыр пікірлердің ішінде "Бәлкім осыдан кейін вакцинаның керектігін түсінетін шығар" деген ойлар да айтылып жатты.

Аталған жайттардың бәрі суық ақылмен сараптай білетін адамға "коронавирус орта мен күтім талғамайды екен-ау" деген ой салды. Ал үш дүркін "Қазақ барысы" Айбек Нұғымаровтың індетке шалдығуы "COVID-19 деген тұмау ғана. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған адамға ол сөз емес" деген ұранның күлін көкке ұшырды. 

Дәл осы 14 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та инфекцияның шеңгеліне ілінгенін мәлімдеді.

"Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавирусқа тапсырған соңғы тест нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары", – деп жазды министр. 

Дерттің дақпыртынан әбден мезі болған әлеуметтік желі қолданушылары дәл мұндай беталысты күтпесе керек. Тіпті кейбірі Елжан Біртановты құнтсыздығы үшін айыптап жатыр. Жөнді-жөнсіз жазғырулардың мазмұны "Бізден талап еткен карантиндік шараларды өзі неге сақтамаған" дегенге саяды. Күн сайын түрлі деңгейде кездесулер өткізіп, түрлі нысандар аралап, науқастармен тікелей байланыстағы адамдардың ортасында жүрген министрден індеттің анықталуын шектен шыққан жауапсыздықтың салдары деп қарау, әлбетте, әбестік болар еді. 

Министрдің төсекке таңылуы Үкімет мүшелерін де састырды. Ең бірінші Премьер-министр Асқар Мамин өз-өзін оқшаулап, жұмыс барысындағы кездесулердің бәрін онлайн-режимге ауыстырды.

Үкімет басшысының бұлай сақтануына негіз де жоқ емес. Өткен жұмада ғана Жамбыл облысына іссапармен барған Асқар Мамин Қордай ауданының Гвардейский кентінде вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын "бастап" берген болатын. Осы сапар кезінде онымен бірге Денсаулық сақтау министірнен бөлек Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жүрген. 

Үкімет басшысы сияқты Асхат Аймағамбетов пен Бердібек Сапарбав та індетке қатысты тест тапсырып, таза екендеріне көз жеткізді. Дегенмен, олар да қазір лауазымдық міндеттерін қашықтан атқаруға көшкен.

Қазақстан халқының назары осы жаңалықтарға ауып жатқанда әлемдік БАҚ Гаити мемлекетінде әлеуметтік істер жөніндегі министрдің Covid-19 індетінен көз жұмғанын жарыса жазды. Ал әлі де болса коронавирустің шын екеніне сенгісі келмей жүрген отандастарымыз VIP-науқастар арасынан эстрада жұлздыздары мен блогерлерді де көргісі келетінін айтып әзілдеуде. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу