"Әлеуметтік саясат жаңа үкіметтің негізгі міндетіне айналады"

3030

Елбасы ел парламентінің келісімімен, Қазақстан тарихындағы 11-ші үкіметті жасақтады.

"Әлеуметтік саясат жаңа үкіметтің негізгі міндетіне айналады"

21 ақпанда мемлекет басшысының қатаң сынына орай үкімет дереу отставкаға кеткеннен кейін саясатқа жүйрік жұртшылық жоғары жақтағы "кастингтің" қорытындысы қандай болатынын асыға күткен болатын. Оның алғашқы нәтижелері бүгін жариялана бастады.

Жаңа үкіметтің құрамына перспективті технократтар мен өзге салаларда өзіне артылған сенімді ақтаған басқарушылар кіруде. Бірақ сарапшылар олардан түбегейлі өзгерістер күту қиын екендігін айтады.

"Мамин үкіметі – технократтар үкіметі саналады. Асқар Ұзақбайұлы ешқашан саяси мәлімдемелерімен көзге түспеген, бірақ өз ісіне мығым белді технократ. Алайда Сағынтаев үкіметі де технократ болатын, ол саясатты ел басшылығына қалдырып, экономика, бизнес және әлеумет мүдделерін ілгерілетуге міндеттелді. Одан не шықты? Стресс-тесттен өте алмады. Бақытжан Сағынтаевтың ел есінде қалған бір саяси қадамы болды. Ол елбасы ұсынысынан кейін үкіметтің отырыстарын қазақ тілінде өткізуге көшіре алды. Асқар Мамин негізінен орыс тілі оң жамбасына келетін азамат, демек, үкімет отырыстарының ары қарай мемлекеттік тілді ұстын ететін-етпейтіні әзірге анық емес. Жаңа үкіметтің алдыңғысынан жас болып тұрғаны да шамалы. Мәселен, А.Мамин Б.Сағынтаевтан екі жас қана кіші. Ендеше үкімет шынайы түрде жаңарды деп айту қиын. Шынайы жаңару жүйедегі ойын ережелерін қайта қараған кезде ғана мүмкін болады. Бірақ конституциялық реформа жаңа құзыр-өкілеттіктер бергенімен, министрлер өз беттерінше батыл қимылдауға жүректері дауаламай, жоғары жаққа қарайлай береді. Мамин бұл тәжірибені жойса, бәрін елбасыға жүктей бермей, ел дамуы және халықтың әл-ауқаты үшін жауапкершілік арқалап, салыстырмалы түрде дербес шешім қабылдай алатынын көрсетсе жөн", – дейді саясаттанушы Ерболат Байдосов.

Айтқандай, жаңа үкіметтің құрылымы да өзгерді. Президент "Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлық шығарып, кейінгі кездері журналистер қауымдастығында, әлеуметтік желілерде сынға ұшыраған ақпарат және коммуникациялар министрлігін таратып жіберді.

БАҚ ведомствосы қоғамдық даму министрлігіне қосылды. Осылайша, жаңа министрлік "Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне" болып, қайта құрылды.

Банктердің бетімен кетуі, дәрменсіз жағдайға жетуі, банктер акционерлерінің депозиттегі миллиардтарды ұрлап, емін-еркін шетелге әкетуі, қаржылық сектордағы дағдарыс, несиелендірудегі былықтар, бизнестің үлкен бөлігінің қарыз батпағына батуы, теңгенің ары қарай құнсыздануы, ұлттық банкнотта өзгенің "шағаласын" заңсыз бейнелеу, "Мәскеу" бизнес орталығын "жарнамалау" секілді толып жатқан дауларға қалған Данияр Ақышевтің командасы да ауысты. Оның орнына Ұлттық банк төрағасы болып Ерболат Досаев тағайындалды. Ол бұған дейін үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Ал коммуникация саласы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Тиісінше, қатары толыққан бұл ведомство "Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" деп қайта аталып отыр. Оған бұған дейін Дәурен Абаев министрлігіне қарап келген байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді.

Мәжіліс депутаты Александр Суслов мемлекет басшысының ауыр сынына ұшыраған бұрынғы үкіметтің әлеуметтік саладағы жөнсіздіктерін түзету жаңа үкіметтің және оның басшысының қолынан келетініне сенімді. Оныншы үкіметте бірінші вице-премьер ретінде Асқар Мамин экономиканы жедел басқаруға, өңірлік саясатқа, көліктік инфрақұрылымды және логистиканы дамытуға, құрылыс және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға жауап берді. Енді осы айтылған салалар, яғни ауыл-аймақ жұртшылығының әл-ауқатына мән беру, халықты баспанамен қамту бірінші орынға шығып отыр.

"Әлеуметтік саясат – негізгі міндетке айналады. Бұл туралы бүгін президент айтты. Халқымыздың өмірі жақсаруы үшін қазір жаңа премьер бар күшін соған салатын болды. Бұл бағытта орасан зор ресурстар бағытталмақ. Ол мұндай жұмысты ұйымдастыра алады, ондай еңбегі бар. Сол үшін де оны президент қолдап отыр. Үкімет алдындағы негізгі және жаңа міндеттерді елбасы "Нұр Отан" партиясының алдағы сәрсенбідегі съезінде жария етеді. Бұл бүкіл Қазақстанға арналған нақты міндеттер болмақ", – деді мәжіліс депутаты.  

Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева Асқар Мамин парламентшілердің жүз пайыз дауысын жинағанын жеткізді.

"Отырысқа 106 депутат қатысты, 106 депутат жақтап дауыс берді. Басқаша болуы да мүмкін емес еді. Асқар Мамин – тек депутаттық корпусқа ғана емес, елдегі көптеген адамға белгілі тұлға. Ол қатардағы өндіріс жұмыскерінен еліміздің үкімет басшысына дейінгі өте үлкен кәсіби және еңбек жолынан өтті. Өңірлік проблемаларды жақсы біледі. Күрделі кезеңде Астана әкімі болған. Мәселелері көп ведомствода министр де болды. Сондықтан біз Асқар Ұзақбайұлы президент қойған міндеттерді атқара алады деген сенімдеміз. Атап айтқанда, үкіметке экономиканы өрістету, өндіріс қарқынын арттыру, кезең-кезеңмен импорттық тауарларды қысқарту, сондай-ақ елдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту міндеті жүктелуде", – деді төменгі палата басшысының орынбасары.

Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа үкіметке ел үмітпен қарайтынына назар аудартты.

"Үкімет барлық қажетті өкілеттіктерді алды. Енді халық алдындағы өз міндеттемелерін нақтылы орындауға, жауапкершілік арқалауға міндетті. Бұл жауапкершілік барлық деңгейлердегі әкімдерге де қатысты. Олар да әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігі үшін тікелей жауап береді. Олар халықтың сұранысына жедел ден қоюлары және тиісті шаралар қабылдауы тиіс!", – деді президент.

Айта кету керек, жаңа үкімет басшысының кандидатурасын ел президенті алдымен мәжіліс бюросының отырысында талқыға салып, спикермен, палата комитеттерінің төрағаларымен, саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен ақылдасты.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның премьер-министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынатынын жеткізді.

"Бұрынғы үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздерге жаңа премьер ретінде Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды", – деді елбасы.

Ол Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты. Яғни, оны Ресейде де, шетелде де сыйлайды. Ал бұл қазіргі алмағайып заманда ел мүддесін ілгерілету үшін маңызды фактор.

"Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек!" – деп баса айтты мемлекет басшысы.

Осыдан кейін үкімет басшысына кандидат барлық депутаттық корпусқа таныстырылды. Осы орайда ел басшылығының өткен үкіметке қабағы жылып, ызғары қайтқаны анықталды.

Қалаулыларға қайырылған Нұрсұлтан Назарбаев Сағынтаев үкіметі әлемді дағдарыс қысқан күрделі жағдайларда жұмыс жасағанын және экономикалық өсімге қол жеткізгенін айтып, оның командасына атқарған істері үшін алғысын айтты. Сонымен бірге, неге оны екі жылдан көп асырмай, отставкаға жібергенін түсіндіре кетті. Оның алдындағы үкіметтер төрт және одан көп жылдарға шыдағаны мәлім.

"Премьер болған Бақытжан Сағынтаев туралы жеке айтайын. Ол соның алдында Павлодар облысының әкімі, экономика министрі, вице-премьер, бірінші вице-премьер лауазымдарында өзін жақсы жағынан көрсете алды. Ол негізі, адал, ары таза, тәжірибелі адам. Басқа жұмыс учаскелерінде де еңбек ете алады. Бірақ жекелеген министрліктердің, әсіресе, әлеуметтік саладағы ведомстволардың жұмысындағы жөнсіздіктер бүкіл үкіметтің отставкасына соқтырды", – деді мемлекет басшысы.

Дегенмен, өткен үкіметтің тұтастай алғанда да кінәраты бар көрінеді.

Президент халықаралық аренадағы тұрақсыздықтың күшеюі және алпауыт державалар арасындағы санкциялық текетірестер Қазақстан үкіметінен де жаңа шаралар іздеуді және елдің әл-ауқатын нығайтатын шаралар қабылдауды талап ететінін нықтады. Сағынтаев үкіметі бұл үдеден шыға алмағанға ұқсайды.

Елбасы бұрынғы үкімет қабылдаған мемлекеттік және салалық бағдарламалар жерде қалмайтынын, олар нақты нәтижелеріне жетуге тиістігін нықтады. Сондай-ақ жаңа үкімет құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформаларды да аяғына дейін жеткізуге тиіс. Мемлекет басшысы сонымен қатар оған индустриялық бағдарламаны орындау, бизнесті дамыту және отандық өндірісті өркендету бойынша міндеттер жүктеді.

Ең бастысы, Мамин командасы халықтың көкейтесті проблемаларын пәрменді түрде шешуге міндеттеліп отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу