Өсім төрт пайыздан төмен түспеуге тиіс

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4048

Ел үкіметі жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімін 4%-дан төмендетпеуді көздеп отыр.

Өсім төрт пайыздан төмен түспеуге тиіс

Үкімет отырысында елдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, экономикалық қызметтің барлық сегментінде оң серпін байқалып отыр. Алты айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,1%-ды құрапты. Өсімге инфляциялық процестердің бәсеңдеуі және инвестициялық белсенділіктің артуы себеп болған.

"Инфляция біртіндеп азайып келе жатыр. Бүгінде соңғы үш жылдағы ең төменгі мәнге жетті. Жыл басынан бері инфляция 2,6%-ды құрады. Бұл ретте жылдық инфляция 5,9%-ға тең болды. Инфляцияның барлық компоненттері бойынша баға өсуінің бәсеңдеуі байқалады", – деді Тимур Сүлейменов.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсу үрдісі де сақталуда. Оның өсуі 25,8%-ды құраған.

Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 0,9%-ға ұлғайып, 89,9 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Ұлттық қордың активтері 1,5%-ға өсіп, 59,2 млрд АҚШ долларын құрады.

"Өнеркәсіп өндірісі 5,2%-ға артты. Өсу қарқындары сақталуда. Тау-кен өндіру өнеркәсібі 5,5%-ға ұлғайды. Өсу негізінен Қашағанда мұнай өндірудің асыра орындалуына байланысты болып отыр. Мұнай өндіру жоспардан 27,5%-ға асып түскен. Яғни, жоспарланған 4,9 млн тоннаның орнына 6,2 млн тонна мұнай өндірілді", – деді министр.

Өңдеу өнеркәсібінде де тұрақты өсу бар. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өсу қарқыны 5,2%-ды құрады. Өңдеу саласында екі мәндік өсу қағаз өнімдерін өндіруде (12,0%), химия өнеркәсібінде (11,0%) және машина жасауда (17,2%) сақталып отыр.

Металлургия (3,4%), мұнайды қайта өңдеу (4,4%) және тамақ өнімдерін өндіру (5,2%) сияқты өңдеудің басқа да ірі салалары бойынша оң динамика бар. Ауыл шаруашылығының өнімі 4,0%-ға артып, біртіндеп күшеюде.

"Тұтынушылық сұраныстың күшеюі мен экономиканың нақты секторындағы тұрақты іскерлік белсенділік көрсетілетін қызметтер саласының өсу драйвері болды. Оның өсуі 3,8%-ды құрады. Сауда мен көлік саласында да дамудың қолайлы серпінінің 5,9% және 4,9%-ға жеделдеуі тіркелді. Байланыс саласының өсу қарқыны 5,9%-ды құрады", – деді ұлттық экономика министрі.

Өңірлік бөліністе өнеркәсіп саласы бойынша үш облыс артта қалып отыр. Олар – Батыс-Қазақстан (-1,4%), Түркістан (-3,9%) және Қызылорда (-4,7%) облыстары. Қалған өңірлер өсім көрсетіп отыр. 8 өңірдің көрсеткіші республикалық мәннен (5,2%) төмен. Ауыл шаруашылығы бойынша 7 өңір республикалық деңгейден (4,0%) төмен қарқын көрсетті. Құрылыс бойынша теріс аймақта Астана мен Атырау қалалары қалып отыр.

"Экономиканы кредиттеу жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Биылғы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша экономиканы кредиттеу 1%-дан сәл ғана өсіп, 12,7 трлн теңгеге дейін жетті. Тұтынушылық кредиттер де өсіп отыр. Дәлірек айтсақ, 14,8%-ға ұлғайып, 4,7 трлн теңгені құрады. Бизнеске берілген кредиттер көлемі 5,9%-ға төмендеді. Көрсеткіш 8 трлн теңгеге тең", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде жоғары өсу траекториясын байқатты. Ол биылғы жылдың І-тоқсанында 24,3%-ға ұлғайып, 21 млрд АҚШ долларына тең болды. Алты айда экспорт 27%-ға өсті. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2%-ды құрады. Импорт 19,4%-ға ұлғайды. Ол негізінен импортталған инвестициялық тауарлар (машиналар мен құрылғылар) есебінен өскен.

"1 маусымдағы жағдай бойынша 178,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мамырда жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды (4,9%). Еңбекақы қалыпты қарқынмен өсуде. Қаңтар-мамырда орташа айлық еңбекақы 152,8 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 0,8%-ға өсті", - деді министр.

Тимур Сүлейменов жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуін 4%-дан асыруға мүмкіндік бар екенін еске салды. Ол үшін үшінші тоқсанда экономиканың дамуын 3,9% және төртінші тоқсанда 4,0% деңгейінде ұстап тұру қажет.

Үкімет башысы Бақытжан Сағынтаев та осы қарқынды жоғалтпау керектігін мәлімдеді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов игерілмеген сомаларды қайтарып алу керектігін айтты. Бұл ретте, осыдан бір ай бұрын үкімет басшысы қаржы министрлігіне тиісті тапсырма да берген болатын.

"Алты айдың қортындысы бойынша қабылданбаған міндеттемелері бар бюджеттік бағдарламаларға талдау жүргізілді. Нәтижесінде конкурстар өткізілмеген бюджеттік бағдарламаларды бюджет заңнамасына сәйкес жылдық жоспарынан 10%-ға дейін қысқарту механизімін қолдануды ұсынамыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Жалпы қысқартуға жататын шығыстардың сомасы 16 млрд теңгені құрап отыр. Мәселен, қорғаныс министрлігі 12,3 млрд теңгеден айырылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,9 млрд теңгеден қағылуы ықтимал. Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігінде көктемгі бюджеттің ңақтылануы кезінде берілген қаражаттарға (116,9 млн теңге) әлі де конкурстар өткізілмеген екен.

"Бұдан басқа игерілмеу қалу қаупі бар шығыстардың 46 млрд теңгесін күзгі бюджеттің ңақтылануы кезінде қайта қараймыз", – деді қаржы министрі.

Бақытжан Сағынтаев игерілмеген қаржыны басқа салаға бағыттау үшін тиісті құжаттарды жинақтауды тапсырды.

1 маусымдағы дерекке сүйенсек, игерілмеген бюджет қаржысы 50%-ға азайып, 36,2 млрд теңгені құраған. Бұл ретте, оның негізгі бөлігін 6 мемлекеттік орган құрап отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу