Онлайн медицина – табыс көзі

4597

Медициналық мобильді қосымшалар нарықтағы бәсекелестік жағдайында дамиды. 

Онлайн медицина – табыс көзі

Экономикалық дағдарысқа ұласқан пандемия кеселі әркімге оңай соқпасы анық. Дегенмен дағдарыс уақыты жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын көп естиміз. Осындай карантин режимі мен коменданттық сағат жарияланған уақытта қаржы көзін қайдан табуға болады? Бұл ретте, кәсіпкерлер қызметтерін онлайн көрсетуге көше бастауы байқалуда.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтің айтуынша, қазіргі кезде интернет арқылы тауар сатуды үйрену керек.

"Цифрлық форматқа көшу өте маңызды. Онлайн платформалар сауда орталықтарының цифрлық нұсқасына айналды. Онлайн тауар сату жолын үйреніп алған абзал. Үйде отырып та көп жұмыс бітіруге болады. Ол үшін бұрынғыдай ІТ маманы қажет емес. Барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, табыс табуға ұмтылып, жұмыс істеуді жалғастыра беру керек. Онлайн сауда жасауды білмейтіндерге үйрететін курстар да бар. Егер өзіңізге қажетті қазақстандық курстар таппасаңыз, Coursera, Udemy, edX тәрізді шетелдік тегін оқыту платформаларына кіріңіз. Біздегі кәсіпкерлерге тегін білім беретін Atameken Academy ресурсын пайдалануға да болады. Ондағы бір блокта онлайн кәсіпкерлікке көшу мен қолданыстағы платформаларды пайдалануға үйретеміз. Жалпы, онлайн бизнес жүргізу жайлы білім беретін ресурстар аз емес. Оларды тек пайдалану қажет", – деп түсіндірді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Демек онлайн ресурстардың дамуымен қатар тың мүмкіндіктер ашылуда. Қазіргі кезде өзекті болып отырған медицинаны алайық. Денсаулық сақтау саласына ақпараттық технологиялардың дендеп енуі, медициналық қызметтерді қашықтықтан қолжетімді етуде. Бұл адамдардың уақытын үнемдеуіне, шығындарын азайтуға, өмір сүру сапасын арттырауға әсер етуде. Карантин кезінде адамдар үйінен шықпай қажетті дәрі-дәрмек сатып алып, дәрігер мен мейірбике кеңесін алғысы келеді. Сол себепті, осындай мүмкіндік беретін мобильді қосымшаларды пайдалану қажеттілігі туындауда. Жалпы, әлемде науқастарға арналған немесе күнделікті өмірде денсаулықты бақылап отыратын медициналық мобильді қосымшалар жоқ емес.

Мәселен, шетелдік CareZone медициналық қосымшасы 5 миллионнан астам мәрте жүктеліп алынған. Оған қажетті дәрі-дәрмектер тізімін, мөлшерін және дәрігердің нұсқаулықтарын енгізіп алуға болады. Сондай-ақ, қосымшада кесте жасап, күнтізбеде белгі қою қарастырылған. Сондай-ақ, денсаулыққа қатысты жағдайларды тіркеуге арналған журнал бастап, дәрігермен және дәріханамен байланыс орнату мүмкіндігі бар.

Халық алдындағы міндетін орындау үшін билік те қоғамның әртүрлі салаларына инновациялық шешімдер енгізуде. Дегенмен елдегі инновация мен цифрлық дамудың қазіргі шама-шарқы қандай екенін азаматтар соңғы кездері байқап қалды.

Айта кетсек, инновациялардың жаһандық индексінде (The Global Innovation Index) еліміз 129 мемлекет арасында 2018 жылы 74- орынға табан тіресе, 2019 жылы Бахрейн мен Кениядан кейінгі 79- орынға сырғып түскен. Бұл тізімде посткеңестік ел Эстония 24- орын иеленсе, қазба-байлық игеру мен ауыл шаруашылығына иек артқан Монғолия бізден көш ілгері, 53- орынға жайғасыпты. Еліміздің алар белесі әлі алда болса керек. Бұл салада тек мемлекет қана емес, жекелеген кәсіпкерлер де өз еншісін алуға мүдделі.

Денсаулық сақтау министрлігінің цифрландыру жөніндегі вице-министрі Олжас Әбішев inbusiness.kz-ке еліміздегі медициналық мекемелердің жүйесін автоматтандыру ісімен айналысатын компаниялар жайлы айтты.

"Қазіргі кезде нарықта ақпараттық жүйелерді жасайтын отыздан аса ІТ компания бар. Олар біздің медициналық мекемелердің жүйесін автоматтандыру жөнінде ұсыныстарын жасай отырып, нарық заңына сай бизнесін жүзеге асырып отыр. Біз министрлік тарапынан минималды функционалдық талаптар қоямыз. Ал медициналық мекеме қандай ІТ шешім керек екенін өзі таңдайды", – деген вице-министр мобильді қосымшаларға да тоқталды. Ол жобалар мемлекеттің көмегіне сүйенбей, нарықтағы сұранысқа жауап беруі керек.

"Қазір нарықта отандық компаниялар жасаған отыздан астам мобильді қосымша бар. Қосымшаларды жүктеп алу-алмауды әр азамат өзі шешеді. Ол қосымшалар нарықтағы бәсекелестік жағдайында дамиды. Біз оған араласпаймыз", – деді ол.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласында пайдалануға әзірленген кейбір мобильді қосымшаларға көз жүгіртіп өтейік.

"МСҚ: Халықтық бақылау" қосымшасынан медициналық мекемелердің мекен-жайы, телефон нөмірі, рейтингі жайлы ақпарат алуға болады. 103.kz – дәріханалардан дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерді  онлайн іздеу. iKOMEK 109 Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірыңғай байланыс орталығы. Қосымшада коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс орталықтары біріктірілген. Qoldau 24/7 – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қосымшасы. 103apteka.kz – интернет-дәріхана. Damumed.kz – медициналық ұйымның кешенді ақпараттық жүйесі. Dariger – сырқаттарға диагностика жасау және емдеуге арналған клиникалық хаттамалардың деректер базасы. DariKz қосымшасы арқылы сатып алушы кез келген дәріханаға барғанда дәрінің қорабын телефон камерасымен түсіріп, дәрінің қандай бағадан аспау керектігін біле алады. Қажет болса, өкілетті органдарға тікелей шағымдануға мүмкіндік бар. Doctor.kz – ірі қалалардағы дәрігерлер мен клиникалардың базасы. DOQ.kz  – дәрігерді іздеу, онлайн жазылу.  eGov mobile – электронды үкіметтің мобильді қосымшасы. InfoMed KZ – пациенттің жеке кабинеті. i-teka – дәрі-дәрмек іздеу. K-vrachu.kz азаматтарға "Дәрігерге қабылдау" мемлекеттік қызметін электронды түрде ұсынады. Oncoscreen – онкологиядағы скринингтік бағдарламалар аясында қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалауға арналған. SKOmed – бірқатар қызмет түрін алуға болатын пациенттің кабинеті. Smart Astana (Смарт Астана) – елорда тұрғындарына арналған қосымша. "Олимп" КДЗ – жекеменшік зертхананың мобильді қосымшасы.

Сондай-ақ, республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының ана мен балаға арналған қосымшалары да іске қосылған.

Осы тізімде көрсетілмеген басқа да қосымшалар бар. Ал пайдаланушылардың отандық мобильді қосымшаларға деген пікірі әртүрлі. Бірі – оң, бірі – теріс. Дегенмен, онлайн медицина нарығында отандық компаниялар үстемдік ететін көрінеді.

Олжас Әбішевтің сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың алдын алу үшін тек отандық ІТ компаниялармен ғана жұмыс істеп жатыр.

"Коронавирустың алдын алу үшін бірқатар ІТ компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында азаматтарға дәрігер кеңесі мен медициналық қызметтерді онлайн ұсынатын сервистерді іске қосамыз. Бұл қызметтерді тек отандық компаниялар ғана әзірлеуде. Электрондық үкімет порталында дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақыру, емханаға тіркелу, психологиялық және наркологиялық тіркеу туралы анықтама алу тәрізді 6-7 медициналық қызмет жүзеге асырылады. Биыл 083 және 086 медициналық анықтамаларды беруді толығымен электронды түрге көшіреміз", – деп атап айтты вице-министр.

Демек отандық ІТ компаниялар мен жеке кәсіпкерлер денсаулық сақтау саласында жақсы мобильді шешімдер жасап, нарықтық бәсекеге төтеп берсе, қазіргі экономикалық дағдарыс уақытында да бизнесін жүргізуге мүмкіндік туады.

"Біз ДСМ тарапынан ешқандай жекеменшік компанияға жеңілдік немесе қолдау көрсете алмаймыз. Дегенмен олардың қандайда бір дайын ІТ шешімі болса, апробациялауға немесе тексеруге мүмкіндік беруге болады. Медициналық мекемелермен сөйлесе отырып, жобаларды іске асыруға жағдай жасау қолымыздан келеді. Алайда қаржылай немесе басқадай қолдау бізде қарастырылмаған. Жеке жобаларды қаржыландыруға қаржы бөлінбеген", – деп нақтылады Денсаулық сақтау вице-министрі.

Жалпы, мамандардың айтуынша, қазіргі технологиялардың дамуымен жылдам интернет – 5G, тамаша көрініс – 4К, үш өлшемді графика – 3D сынды үш технологияның басы біріксе, онлайн медициналық қызмет көрсету саласы алға қарыштай түседі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу