Оңтүстік Қазақстан облысы жарыққа жарымай отыр

2281

3 млрд 100 млн теңгенің электр қуаты сырттан алынады. Ал Шымкенттің cолтүстік бөлігінде тұратын 350 мың адам сығырайған жарықпен өмір сүріп келеді

Оңтүстік Қазақстан облысы жарыққа жарымай отыр

Үш млн-ға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары электр тапшылығын қатты сезіне бастады. Өңірдегі 844 елдімекенде жарық жарқырап тұрғанымен, сапасы сын көтермейтін болды. Бүгінгі таңда облыс тұтынып отырған электр қуатының 70%-ын сырттан тасымалдап отыр.

"Жыл сайын облыс халқы 4 млрд 200 млн теңгенің электр қуатын тұтынады. Оның ішінде 3 млрд 100 млн теңгенің электр қуаты сырттан алынады.  Өзімізде өндірілетін энергия жеткіліксіз, 149 елдімекендегі электр сапасы тиісті деңгейде емес", – дейді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Марғұлан Марайым.

Облыстағы электр желісінің 55%  әбден тозған. Соның салдарынан Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде тұратын 350 мың адам сығырайған жарықпен өмір сүріп отыр. Қосалқы электр станциясының тапшылығын шағын аудандардың тұрғындары қатты сезініп отыр.

"Бізде жарық үнемі сығырайып  тұрады. Кәсіпкерлер трансформаторларды жекешелендіріп, әрқайсы әртүрлі тариф қойып алған", – дейді "Самал-2" шағын ауданының тұрғыны Эльмира Орынбасарова.

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы энергетика саласында түйіні тарқамай тұрған мәселе бар екенін мойындап отыр. Оның сөзінше, биыл құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 220 киловаттық "Бозарық" қосалқы станциясының құрылысы аяқталуы тиіс. Жоба жүзеге асатын болса, 350 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

"2016 жылы Шымкент қаласында 110 киловаттық қосалқы станцияның құрылысы басталды.  Жоспар бойынша ол 2018 жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 80 мың халық сапалы энергия тұтынатын болады", – дейді Марғұлан Марайым.

Қазір "Шардара" су электр станциясының да жағдайы мәз болмай тұр. Аталған станция бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Станциядағы 4 гидроагрегатты жаңарту  кезек күттірмейтін мәселе. "Станцияны жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Екі гидроагрегат ауыстырылады", – дейді  облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы.

Марғұлан Марайымның мәлімдеуінше, биыл облыстың энергетика саласына жергілікті бюджеттен 8,808 млрд теңге бөлініп, 38 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен. 33 нысан осы жылы, 5 нысан 2018 жылы ел игілігіне берілетін көрінеді. Бұл – оңтүстіктегі электр тапшылығын жою мәселесі 2018 жылдың еншісіне өтетіндігінің белгісі іспеттес.

Оңтүстік Қазақстан облысын энергияға  тәуелділіктен арылту үшін "MJM INVESTMENT LTD" компаниясы  маңызды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.  Аталмыш компания құны 50 млн долларды құрайтын құрылғының көмегімен жылына 200 мв электр энергиясын өндіруді қолға алмақшы. Бұл – жоспардағы жоба ғана. Оның іске асатыны я аспайтыны әзірше белгісіз.

Оңтүстіктегі электр тапшылығын Қырғызстан мен Тәжіксандағы энергия  дағдарысы одан сайын қиындатып отыр. Аталған елдердің суды тиімсіз пайдалануы жергілікті гидроэлектр станциясының жұмысын нашарлатып жіберген көрінеді.

"Оңтүстік Қазақстан облысында энергия тапшылығын болдырмаудың ең тиімді жолы – өңірдің табиғи әлеуетін кәдеге жарату. Біз баламалы қуат көзі ретінде күн шуағын тиімді пайдалануымыз керек. Сонымен қатар Қаратау бөктерін шайқап соғып тұратын желді де электр жарығын өндіру үшін қолдануға болады", – дейді Ш. Шокин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Халық Абдуллаев.

Оның сөзінше, қазіргі таңда облыста баламалы қуат көзін пайдалану мақсатында 27 жоба іске асырылып жатыр. Оның 11-і күн элекростанциясының құрылысына бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу