Оңтүстікке қарағанда солтүстіктегі еңбеккерлердің елге үлесі жоғары

1535

Дегенмен бұл салада қордаланған көптеген мәселе бар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктер туындаған. Жалақы да аз.

Оңтүстікке қарағанда солтүстіктегі еңбеккерлердің елге үлесі жоғары Фото: dalanews.kz

Ел Үкіметі оларды шешу жолдарын пысықтап жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің байламынша, жалданып қызмет ететін, әсіресе айлығын конвертпен алатын азаматтардың табыстары негізгі қажеттіліктерін өтеуге ғана жұмсалады да, ақшасы жинақтауға жетпейді, өмір сүру жағдайларын жақсартуға шамасы келмейді. Бұдан бөлек, білім алуға, дағдыларын жетілдіруге, сөйтіп, кем дегенде орташа жалақы алатын жұмысқа ауысуға мүмкіндігі жоқ.

Сонымен бірге, еңбек өнімділігі де төмен.

"Алматы қаласын қоспағанның өзінде, еліміздің оңтүстік өңірлерінде бүкіл халықтың 38%-ы тұрады, алайда олардың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі небары 17% ғана. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде халқымыздың 22%-ы өмір сүреді, бірақ олардың ЖӨӨ-дегі үлесі 25%-дан асады. Яғни, оңтүстіктегілерге қарағанда, солтүстіктегі еңбеккерлердің ел экономикасына қосатын үлесі салмақты. Өйткені солтүстік аймақтардың экономикасы әртараптандырылған. Ірі зауыт, кәсіпорындар, өндіріс орындары соларда шоғырланған. Ал оңтүстікте жұмыстың 65%-ы сауда мен қызмет көрсету салаларына тиесілі", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Сонымен бірге қалалар мен ауылдық аймақтар арасында да өзгешелік бар. Еңбекминінің сарапшылары айтқандай, өңірлерде жұмыспен қамтуды "жасанды түрде ұстап тұру" құбылысы белең алған. Кейбір салаларда тұрғындар жұмыспен көп қамтылған, ал өнімділігі төмен. Бұған кейбір басшылар мен жауапты тұлғалардың қосып жазып, құжатта бар, іс жүзінде жоқ жұмысшылар ақшасын қалтасына тоғытатын жемқорлығы да ықпал етсе керек.

Бұл теріс құбылыс тіпті ең өнімді салалардың бірі болып табылатын мұнай өндірісіне, тау-кен өнеркәсібіне де тән екені анықталды: жекелеген аймақтардағы жұмыспен қамту жасанды түрде өсірілген. Бұл жағдай отандық салалардың технологиялық дамуындағы теңгерімсіздіктерді де көрсетеді. Дамыған елде бір маман атқара салатын жұмыс Қазақстанда бірнеше адамға жүктеледі.

Айталық ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы "Өзенмұнайгаз" және жаңаөзендік мердігер ұйымдарға тексеріс жүргізе келе, оларға өндіріске еш қатысы жоқ адамдар жұмысқа алынғанын әшкереледі. Бұл туралы жұмыс тобының жетекшісі, ҚазМұнайГаз басқарма төрағасының орынбасары Даулетжан Хасанов айтып берді.

"Қызметкерлерді жалған түрде жұмысқа алу деректері "Өзенмұнайгаз" АҚ-ында анықталды. Ақтаулық белгілі айтыскер ақын алдымен штаттық геолог, кейіндері қоғаммен байланыс жөніндегі маман лауазымына бекітілген. Персоналды кезектен тыс немесе қандай да бір біліктілік талаптарына сәйкес келмесе де штатқа ала салу фактілеріне жол берілген. Жеткілікті тәжірибесі жоқ адамдар жөндеу бөлімшелеріндегі жауапты, бейінді, тар мамандықтарда жұмыс істеген", – деді Д.Хасанов.

Жоғары дағды жоғары табысқа бастаса жөн

Жалпы мұндай түйткілдер ушыға беретінге ұқсайды. Себебі демографиялық ахуал жақсарды, қатарға қосылатын жаңа жұмыс қолдарының саны күрт арта бастады.

"Қазақстан халқының болжамды саны 2050 жылы 27,8 миллион адамды құрайды. 2030 жылға қарай жұмыс күші жыл сайын шамамен 100 мың адамға артып отырады. Ендеше ағымдағы үрдістер сақталса, өңірлік теңгерімсіздіктер күшейетін болады. 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті жастағы халық саны қазіргіден тағы 3,5 млн адамға өседі. Олай болса, осынша жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс. Урбанизация қарқыны жеделдейді, бұл мегаполистеріміз тұрғындарының саны 2 есеге өсуіне соқтырады. Қала халқының тез өсуі тұрғындардың әлеуметтік маргиналдануына соқтыру қаупі бар", – деп алаңдаушылық білдірді Еңбекмині сарапшылары.

Мамандар Қазақстанда күрделі жұмыс орындары тым аз деп отыр: тек 37% жұмысшылардан жоғары деңгейдегі дағдыларды талап етеді.

Жекеменшік сектордағы кәсіпорындарда кадрлардың жартысынан көбі қарапайым жұмыс орындарында жұмыс істейді. Олар қызмет көрсету, сату, әкімшілік қызмет көрсету, кеңсе жұмысы, ауыл шаруашылығы, өндірістік жабдық операторлары, өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшылары, біліктілігі жоқ жұмысшылар болып табылады.

Тағы бір парадокс: шеберлігі, дағдылары мен біліктілігі жоғары мамандар қызмет ететін салалар аз өнім береді, аз табыс табады. Жоғары біліктілік жоғары табыс дегенді білдірмейді.

Мысалы, дағдылары жоғары жұмыс орындарының 66%-ы өнер, ойын-сауық және демалыс саласында құрылған. Мысалы, бұл сектор кілең майталман, шетінен талант әртіс, режиссер, әнші, суретші, цирк өнерпаздары және басқа таланттарға толы. Алайда әрбір жұмыспен қамтылғандарға шаққандағы еңбек өнімділігі, яғни елге беретін қайтарымы осы салада небары 5,4 млн теңге ғана. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 1,5 есе аз.

Сонымен бірге біліктілігі жоқ жұмысшылардың 30%-ы, яғни ең көп саны сауда және ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл екі сала ел экономикасын ілгері сүйреген драйверлердің қатарында.

Әйелдерді еңбекпен қамту барысы қалай?

Әйелдердің жұмыссыздығы мәселесі де күн тәртібінде өткір тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы әйелдер саны 4,5 миллионнан асады. Олардың тек 75%-ы экономиканың түрлі салаларында еңбек етеді.

Министр жұмыс таба алмай үйде отырған нәзік болмыс иелерін жұмыспен қамтуға Отбасының цифрлық картасы ықпал ететінін, сол арқылы жұмыспен қамтуға мұқтаж әйелдердің санаттары айқындалатынын атап өтті.

"Әйелдер арасында жұмыссыздықтың үлесі жоғары. Сонымен қатар еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің үлесі де көп. Олардың қатарын 2000 жылдары туылған қыздар көбейтеді. Осыларды ескерсек, әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 947 мыңнан астам адамды, оның ішінде әйелдерді жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 267 мыңға жуық адам жұмыс тапты, оның 60,5%-ы немесе 161,4 мыңы – әйелдер", – деді Т.Дүйсенова.

Жұмысқа орналастырылған әйелдердің 49%-ы немесе 79,1 мыңы – жастар екен. Ал әлеуметтік санаттар бөлінісінде жұмысқа орналастырылған әйелдердің көпшілігі көп балалы (18,5 мың), мүгедектігі бар (3,7 мың) адамдар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған (3,1 мың) әйелдер болып келеді.

Жұмысқа орналасу фактілері міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады. Содан жұмысқа тұрған әйелдердің 84%-дан астамы үшін БЖЗҚ шотына тиісті төлемдер түскен.

"Қолданыстағы жұмыспен қамту тетіктерінің арқасында 114 мың отбасында еңбек табысы пайда болды, ал 47 мың отбасында жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санының артуына байланысты табысы өсті", – деді Тамара Дүйсенова.

Министр зейнеткерлік жасқа дейінгі әйелдерді жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Қазақстанда 50-ден 60 жасқа дейінгі 1 миллионға жуық әйел бар. Оның ішінде 325 мыңының табысы жоқ, жұмыссыз. Яғни, қария шағында олардың бәрінің тым мардымсыз зейнетақы алу қаупі бар.

"Болашақ тәуекелдер сөзсіз әлеуметтік сипатқа ие болады, осыған байланысты 2022 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін "Күміс жас" жобасы алғаш рет іске қосылды. Былтыр жоба аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, жартысы –әйелдер. Жобаға қатысушылар қатарын кеңейту үшін биыл біз қатысу жасын қайта қарадық. Егер өткен жылы жобаға 59 жастан асқан адамдар ғана қатыса алса, биыл жас шегі 50 жасқа дейін төмендетілді. Бұл 9,4 мың егде жастағы азаматты қамтуға мүмкіндік берді, оның 54%-ы – 50 жастан асқан әйелдер. Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдауға құқылы", – деді министр Тамара Дүйсенова.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тағы бір белсенді шарасы – бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру. Наурызда гранттарды бөлудің I кезеңі өтті. Қорытындысында мемлекеттік гранттарды 2 564 адам алды. Оның көбі, 62,4%-ы – әйелдер.

Республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі – көп балалы отбасылар қатарынан шықты: 1384 стипендиат. Соның ішінде 917 – әйел. Мүгедектігі бар адамдар арасынан 494 адам (168 әйел), мүгедектігі бар балалардың қамқоршылар тізімінен 306 адам (239 әйел), атаулы әлеуметтік көмек алатын 176 адам (127 әйел).

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2023 жылдан бастап жастарға жылдық 2,5%-бен арзан микрокредит таратылады. Ол несие кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған.

Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2023 жылғы республикалық бюджетте 29 миллиард теңге қарастырылған. Соның арқасында 5 796 жас кәсіпкерге 5 млн теңгеден микрокредит беріледі. Микрокредиттер Агрокредиттік корпорация арқылы ұсынылады.

Бүгінде жалпы сомасы 5,3 млрд теңге қарыз сұраған 1 118 өтінім түскен. Соның ішінде комиссия жалпы сомасы 482,5 млн теңгенің 102 өтінімін мақұлдады. Бұдан басқа, 420 өтінімді Агрокредиттік корпорацияның өңірлік филиалдары қарап жатыр. 149 өтінім қайта пысықтау үшін кері қайтарылды. 448 өтінім өңірлік комиссиялардың қарауында. 26 өтінім бойынша комиссиялар нақты бизнес-жоспарлардың болмауына байланысты микрокредиттер беруден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу