Оңтүстікте мал басы көп, жайылым жоқ

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4847

Оңтүстікте соңғы жылдары мал басы артып келеді.

Оңтүстікте мал басы көп, жайылым жоқ Фото: voxpopuli.kz

Алайда, жайылым мен шабындық азайып, шаруалар қиындыққа тап болып отыр. Төрт түлікті көбейту бар жерде, оны күтіп баптау қатар жүреді. Жем-шөбі мен жайылымы жоқ болса, мал басын артыру – бос әурешілік. Осы түйткілге қарамастан, жыл сайын облыста мал басы артып келеді екен.

"Қазіргі таңда облысымызда 849,3 мың ірі қара мал бар. Қой мен ешкі – 3888,7 мың, жылқы – 232,3 мың, түйе 23,4 мыңға жетіп отыр", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков.

Бүгінде Оңтүстікте 8895 га жайылым бар. Ал талап бойынша мал басына шаққанда 20 мың 515 га болуы тиіс екен.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, Созақ өңірінен басқа аудандар төрт түлікті қажетті жайылыммен қамтамасыз ете алмай отыр. Әсіресе, қой басы мол Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш, Арыс, Түркістан, Бәйдібек, аудандарында жайылыммен 8,5-32,5%-ы ғана, Отырар, Шардара, Созақ аудандарында 67,2-249,0%-ы, ал Созақ ауданында 188,6%-ы қамтамасыз етіліпті.

Алайда, бұл аудандардағы жайылымның басым бөлігі Құзылқұм, Мойынқұм құмды алқаптарында және Бетпақдалада жатыр. Су көздерінің тапшылығы бұл жайылымдарды толық игеруге қол байлау болып отыр екен. Мал басы негізінен Қаратау бөктерінде және Сырдария мен Шу өзендері бойындағы жайылымдарда шоғырланған.

Мәселен, Ордабасы ауданы Қараспан ауыл округіне қарасты Ақжол ауылының шаруалары мал ұстаудың машақатын аз көріп отырған жоқ. Өрістің аздығы мен шабындық алқабының қысқаруы әбден титықтатып жіберді дейді тұрғындар.

"Біздің ауылдың төңірегінде жайылым жер қалмады. Бәрінің иесі бар. Шындығында, біреудің өрісіне мал жаю – қылмыспен пара-пар болып кетті. Санаулы төрт түлігімізді азаннан қара кешке дейін бағып-қағудан қажыдық. Осы қиындықтардан ауылымызда мал саны жылдан жылға азайып барады. Негізгі күнкөрісіміз – төрт түлік болғандықтан, алаңдап отырмыз", – дейді Ақжол ауылының тұрғыны Ертай Әлкеев.

Бұл елді мекен тұрғындарының 80%-ы мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда мал ұстайтындар жаздыгүні шабындық таппай қиналады. Әркім өзіне тиесілі үлеске, яғни, егістік жерлеріне жоңышқа, жүгері, бидай мен мақсары егіп, мал азығын қамдайды екен.

"Биыл қыс қатты. Жиған жем-шөбіміз таусылуға таяу. Егер толық таусылса, қымбат бағаға сатып алуға тура келеді", – дейді "Сабырәлі" шаруа қожалығының төрағасы Ахмет Қалқабеков.

Дәл осындай қиындыққа Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана, Махамбет елді мекенінің тұрғындары да тап болып отыр. Мұндағы тұрғындар жан-айқайын бұрынғы премьер-минстр Серік Ахметовке де жолдаған екен. Алайда, шаруалардың мәселесі ескерусіз қалыпты.

Олар әр ауылдың тұрғындар санына, мал басына орай жеткілікті шабындық және жайылым жерлері болуы керек деп есептейді. Егер бұл талап ескерілмесе, мал басын көбейту қиындай түспек. Бұл күнкөрістің қиындай түсуіне әкеп соғады деп отыр.

"Осыған байланысты, бірінші кезекте, бұл алқаптардағы бұрынғы су көздерін қалпына келтіру мәселесін шешіп, Қаратау бөктері және Сырдария мен Шу өзендері бойындағы жайылымдарға салмақты азайтуды қолға алып, өнімділігі төмендеген немесе тоза бастаған жайылымдарды жақсарту іс-шараларын асыру керек", – дейді басқарма басшысы.

Шаруалар шабындықтың тапшылығына өңірдегі құрғақшылықтың да әсері бар екенін жасырмайды. Өйткені, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында көктемде жаңбыр аз түседі. Осының салдарынан шүйгін жерлердегі шабындық жаз болмай жатып-ақ сарғайып кетеді екен.

Қазығұрт ауданы таулы аймақ саналады. Десек те, мұндағы шөп шүйгіндігі көктемгі жаңбырға тәуелді. Жауын жақсы жауған жылы шаруалар шөптен тапшылық көрмейді. Ал жауын аз түскен жылы суармалы шабындық егуге тура келеді. Сондай-ақ өзге аудандардан бағасы қымбат шабындық тасымалдауға тәуелді.

2016 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2700 га-ға қоршалған екпе жайылым мен 750 га тұқымдық егістік әзірлепті. Алдағы жылы мұның көлемін 5 мың га-ға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жоспарланған екпе жайылым жасауға 2016 жылы 13,5 тонна, 2017 жылы 25 тонна тұқым қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу