Оңтүстікте жұмыссыздық деңгейі қашан төмендейді?

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4610

Халқы тығыз орналасқан Оңтүстікте 60 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр.

Оңтүстікте жұмыссыздық деңгейі қашан төмендейді?

Басты себеп – жұмыс орындарының аздығы мен жалақының төмендігі. Статистикалық мәліметке сәйкес, Шымкенттің өзінде 3 мың адам екі қолға бір күрек таппай отыр екен. Бұл өзекті мәселені тарқатқысы келген жергілікті билік бос орындар жәрмеңкесін жиі-жиі ұйымдастырып-ақ жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, өнеркәсіптік аймақтардың да жұмысын күшейтіп келеді. Алайда, мәселенің толық шешілетін түрі көрінбейді.

"2009 жылы облысымызда жұмыссыздар саны 75 мың адамға жеткен болатын. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 62,1 мың адамға төмендеп отыр. Яғни, жұмыссыздық деңгейі 6,6%-дан 5,1%-ға азайған. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 8,1%-дан 3,5%-ға кеміді", – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатов.

Оңтүстікте бүгінде халық саны 2,8 млн-ға жетіп отыр. Яғни, бұл облыста республика халқының 15%-ы тұрады деген сөз. Халық санының ең жоғарғы табиғи өсімі де осы өңірде тіркелді. 66 мың 19 адам әлеуметтік қолдау шарасымен қамтылса, 5573 адам аз қамтамасыз етілгендердің қатарына жатады. Соңғы 25 жылда өңірдегі аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек ретінде 42,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Десек те, облыста жалақы мөлшері тым төмен. Өзге өңірде ең төменгі жалақы мөлшері – 133 мың теңге болса, бұл көрсеткіш облыста – 90 мың теңгенің төңірегінде.

"90 мың теңгелік жұмыс табу өте қиын. Бұл жай статистикалық көрсеткіш ретінде айтылған болса керек. Әйтпесе, облысымызда ең төменгі жалақы 50-60 мың теңгенің көлемінде. Осының салдарынан жастарымыздың басым бөлігі солтүстік жаққа жұмысқа кетіп жатыр", – дейді жергілікті тұрғын Нұрбол Орынбасаров.

Басқарма берген мәліметке сүйенсек, биылдың өзінде 100-ден астам отбасы теріскейге көшіпті. Өйтпеске амалы жоқ. Туған жерден жұмыс бұйырмағандар солтүстікке барып жан бағып, үйлі-жайлы болуға ынталы.

Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне себеп ретінде мамандық таңдаудағы салғырттықты да айта кеткен жөн. Жасыратын несі бар, шымкенттік шәкірттердің көбісі экономист немесе құқық саласының маманы атанғысы келеді. Кәсіптік техникалық мамандықтарды игеру ісінде өзге ұлттардың балаларында құлшыныс басым.

"Қазақ жастарына мамандық таңдауда қателеспеген абзал. Қазір көпшілік балаларын аса тапшы емес қаржыгер немесе педагог атануын құп көреді. Бұл дұрыс емес. Керісінше, кәсіптік мамандықтарға деген құлшыныс байқалмайды. Дәнекерлеуші, зертханашы, инженер, механик секілді мамандықтарға тіпті жоламайды", – дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы Гауһар Серкебаева.

Оңтүстіктің халқы өте еңбекқор. Кез-келгені кәсіп жасауға бейім. Сауда-саттықта да салы суға кетпейді. Жаңа технологияны меңгеруде де аса белсенді. Қазіргі таңда "Оңтүстік өнеркәсіптік аймақта 41 кәсіпорын жұмыс істесе, онда Шымкент қаласының 3 мың тұрғыны еңбекпен қамтылған.

Бір ғана Шымкентте 75 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанында 136 мың адам "екі қолға бір күрек" тапқан.

"2000 жылдары Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейі 17,2% болса, қазір ол көрсеткіш 5,2%-ға азайды. Бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді. Қазіргі таңда қаламызда "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 16 мың адам уақытша жұмыспен қамтылды", – дейді қала әкімі Ғабидолла Әбдірақымов.

Жұмыссыздық деңгейін төмендету жолында жаңадан ашылған кәсіпорындардың үлес салмағы басым. Алайда, мұндай нысандардың көбісі қаланың саудаға бейім жоғары бөліктерінде ашылады. Сондықтан, ауыл жастарының басым бөлігі жұмыс іздеп қалаға сабылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу