Орта Азиядағы теңдессіз мұнай-химия кешені

3692

Атырауда полипропилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды.

Орта Азиядағы теңдессіз мұнай-химия кешені

Ұлттық мұнай химия технопаркі аясында қолға алынған жобаның алғашқы кезеңінде жылына 500 мың тонна полипропилен өндірілетін болады. Жалпы мұнай өндіруші ірі елдердің қатарындағы Қазақстанның көмірсутегі шикізат өнімдерін мұнай-химия өндірісінде терең өңдеуден өткізуге батыл қадам жасауы заман талабынан туындауда.

Естеріңізде болса, жалпы құны 10 млрд долларды құрайтын елімізде мұнай-химия кешенін құруға  қатысты құжатқа мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне биылғы ресми сапары аясында қол қойылған болатын.

Мұнайлы аймақта полипропилен өндіру жобасына бойынша ҚР энергетика министрлігі, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ және аустриялық Borealis компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық меморандумы жасалып та қойылды. Осы тұста айта кетейік, Borealis әлемдегі жоғары технологиялы ең үздік төрт полиэтилен өндіруші-компаниялардың құрамына кіреді. Аталған компанияның акционерлері: Mubadala (БАӘ) (64%) және OMV (Аустрия) (36%) болып табылады. Алдағы уақытта Borealis компаниясы еліміздегі полипропилен жобасының техникалық-экономикалық талдау-сараптама жұмыстарына кіріспек. 

Келісім аясында кешеннің жобалау сатылары нақтыланып, мемлекеттік қолдаудың шаралары қабылданды. Айталық, мұнай-химия аймағында шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетіліп, жобалау және құрылыс кезінде халықаралық стандарттарды тікелей қолдану мәселесі шешілген. Бұл кешендің сатылы жобаларын дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесінде шығындарды 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

"Құны 900 миллиард теңгеден асатын жобаның екінші кезеңінде полиэтилен зауыты салынбақ. Құрылыс толық аяқталған кезде 3 мың адам жұмыспен қамтылып, кешенде жылына 1 миллион 250 мың тонна полимер өндіріледі. Осы арқылы Қазақстандағы тұңғыш мұнай-химия кешені негізінде өңірде еркін экономикалық аймақ құрылмақ", – дейді Атырау облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Маратова.

Бірлескен мұнай-химия компаниясының басқарма төрағасы Жеңіс Өсербайдың айтуынша, құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Құрылыс жұмысына 5 мыңдай адам тартылады. Оның 500-і жоба аяқталғанда маман ретінде тұрақты жұмыста қалмақ.

"Шығарылатын өнімге әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Сол себепті тауардың 90 пайызы Қытай, Түркия, Еуропа елдеріне экспортталатын болады", – дейді компания басшысы.

Сондай-ақ бұл кешен отандық бизнес өкілдерінің кәсіп көздерін ашуына мүмкіндік тудырады. Яғни мұнай-химия саласын дамытып қана қоймай, мұнайлы өңірде жүздеген жаңа кәсіпорындардың ашылуына ықпал етеді. Өндіріс толық қуатына көшкен кезде Атырауда 50-ден астам жаңа өнім шығатын болады.

Экономика ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтің айтуынша, жалпы экономикадағы баға – сұраныс пен ұсынысқа тікелей байланысты.

"Егер сұраныс жоғары болса, баға да өседі. Полимерлердің болашақта жалпы тұтыну көлемі 60%-ды құрамақ. Бұған жаһандағы халық санының өсуі және табыстың артуы бірден-бір себеп болып табылады. Яғни, 2030 жылға қарай әлем бойынша мұнай-газ-химия өнімін тұтыну 1 трлн АҚШ долларынан 1,8 трлн АҚШ долларына дейін жетпек. Бұл ретте мұнай-химия өндірісін дамытуға Қазақстанда толық мүмкіндік бар", – дейді ол.

Оның айтуынша, мұнай-газ-химия өндірісі мұнай-газ саласының даму қарқынын сақтау үшін де керек-ақ.

"Келешекте 2030 жылға қарай полипропиленге деген сұраныс 98 млн тоннаға, полиэтиленге деген сұраныс шамамен 160 млн тоннаға дейін артады деген болжам да жасалған", – дейді экономика  ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев.

Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу