Сарапшылар 2025 жылы Қырғызстанның ЖІӨ өсімі 8,7%-ды құрайды деп отыр. Бұл бүкіл Орталық Азиядағы ең жоғарғы көрсеткіш. Болашақта мұндай қарқынын сақтай алса, қырғыз елі келесі онжылдықтарда дамыған озық елдерді қуып жете алар еді.
Алатаудың арғы бөктеріндегі ағайын бұл қарқынын әзірге сақтауда. Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2024 жылдың басынан бері Қырғызстан экономикасының өсімі ғаламат 9,4%-ды құрады.
Akchabar порталының түсіндіруінше, бұған инфрақұрылымға кең ауқымды инвестициялар құю, сондай-ақ тұтыныстың жоғарғы қарқыны септескен. Экспорттық салаларға қолдау да жоғарғы көрсеткіштерге жетуде шешуші рөлге ие.
Соңғы жылдары Қырғызстан ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға кірісті. Мысалы, бір ғана "Қамбар Ата ГЭС-1" жобасына Дүниежүзілік банк, Еуразиялық даму банкі, бірқатар шет мемлекеттер жалпы сомасы 4,5-5 миллиард долларға дейін қаражат құймақ. Алып нысанның негізгі құрылысы 2025 жылға жоспарланған екен.
Қырғызстан Ұлттық банкінің дерегінше, 2025 жылы қарқынды экономикалық өсімге энергетика, құрылыс, көлік инфрақұрылымы сияқты салаларда қолға алынатын ірі жобалар қолдау көрсететін болады.
Алатау бөктеріндегі бұл елдің өсеріне қияндағы ағылшын елі бек сенеді. Ұлыбритания патшалығы 7 желтоқсанда Қырғызстанға 1,8 миллиард фунт көлемінде теңдессіз көмек ұсынды. Ұлыбритания корольдігінің елшісі Николас Боулердің айтуынша, бұл қаражат Ұлыбританияның экспорттық-кредиттік агенттігі (UKEF) арқылы ұсынылады.
Оны үкіметтік құрылымдардан бастап, халықаралық ұйымдарға, жергілікті корпорациялар мен жеке бизнес құрылымдарға дейін ала алады. Басты шарт – қаржы британдық технологияларды, жабдықтарды, өнімдер мен қызметтерді сатып алуға ғана жұмсалуға тиіс.
"Егер Ұлыбританиядан Қырғызстанға тауарларды не қызметтерді жеткізу жөнінде контракт бекітілсе, соған тапсырыс берген ұйым оны қаржыландыруды сұрап, UKEF-ке жүгіне алады. Яғни, Қырғызстан нарығына кірген британдық компанияларға, сондай-ақ Ұлыбританиямен серіктестікті жолға қойған қырғыз компанияларына осы қаржыландыру қолжетімді болады. Біздің елшіліктің және сауда бөлімінің басты міндеті – осындай компанияларды тауып, оларға бірегей бағдарламаның игілігін пайдаланып қалуға көмектесу болады", – деді елші Николас Боулер.
Ол аталған бағдарламаға қатысу жөнінен ең перспективті секторлар ретінде тау-кен өндіру саласын, білім беруді, креативті индустрияны, ауыл шаруашылығын, жоғары технологиялық өндірісті атады. Бірақ бағдарлама осы салалармен шектелмейді. Кез келген технологияға, жабдыққа, тауар мен қызметке қол жеткізуге болатынын нықтады.
Тәжікстан – дамыған елге айнала алады
Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) байламынша, ОА өңірінде, тіпті ТМД кеңістігінде көшбасшылыққа таласа алатын тағы бір ел – Тәжікстан. Оның бұл байламы кейбіреулердің күлкісін туғызуы мүмкін. Тәжікстан дегенде Ресей мен Қазақстанды келімсек мигрантқа толтырған ел елестейтін стереотип қалыптасқан.
Шынында, кейінгі жылдары Тәжік республикасының экономикасы да аса жоғары қарқынмен өрлеп келеді. ЕАБД сарапшылары 2025 жылы да Тәжікстан қарқынды экономикалық өркендеуін сақтайтынын және бүкіл еуразиялық кеңістіктегі Қырғызстаннан кейінгі ең жоғарғы ЖІӨ өсімін (8,4%) көрсететінін болжады.
Халықаралық ұйым бұл елдің бірнеше артықшылығын атады. Оның экспорттық өнімдерінің бірі саналатын металдардың жаһандық нарықтағы бағасы өсуде. Сонымен бірге Тәжікстанда қуат көздері де, азық-түлік те арзан. Жалпы, тәжіктер инфляция бойынша еуразиялық аймақтағы ең төмен көрсеткішке қол жеткізе алды.
ТР ұлттық банкінің (Бонки миллии Тоҷикистон) дерегінше, 2024 жылдың І-ші жартыжылдығында инфляция 1,9% болды. Жыл соңына қарай ол жеделдеген және 2024 жыл қорытындысында 3,4%-ға дейін жетуі мүмкін. Бірақ соның өзінде бұл – дамыған елдердің көрсеткішіне тең.
Еуразиялық даму банкінің баяндамасында айтылғандай, 2024 жылы Орталық Азияда экономикалық өсімнің ең төмен көрсеткіші тек Қазақстанда тіркелуі мүмкін: ең жоғары дегенде 5,5%. Бұдан төмені – санкция астындағы Ресейде (2,4%) және Беларусьте (2,6%).
Бұл оптимистік болжам болса керек. Дүниежүзілік банктің болжамынша, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2025 жылы мұнай өндірісінің артуы есебінен шамалы көтеріліп, 4,7% болады. 2026 жылы 3-3,5%-ға дейін төмендейді.
ЕАДБ сарапшылары Қазақстанның 5,5% өсімге тек нақты бір талаптарды сақтаса қол жеткізе алатынын ескертті, болмаса ол да жоқ. Атап айтқанда, ел Үкіметі біріншіден, бюджеттік саясатымен экономика мен бизнесті ынталандыруға тиіс. Үкімет керісінше, бюджетті жамау үшін алда отандық бизнесті 128 салықтық жеңілдіктен айыруды жоспарлап отыр.
Екіншіден, ЕАДБ эксперттері Қазақстанның Ұлттық банкіне базалық ставканы және кредиттердің пайыздық сыйақысын төмендетуге (ол керісінше, көтерілуде), Үкіметке мұнай өндірісін арттыруға (ОПЕК+ келісімі аясында төмендетуде), өңірлік дамуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, құрылысты ынталандыруға, инфрақұрылым салуға кеңес берді.
"Тәжік ғажайыбының" құпиясы неде?
"Тәжікстан экономикасының артуы ел экспортының негізін құрайтын алтын және басқа да металдардың бағасының жоғарылауымен, сондай-ақ энергия тасығыштарының және азық-түліктің арзандығымен байланысты болады. Импорттық шығыстардың қысқаруы қосымша қаражаттардың босауына ықпал етеді. Оны мемлекет тұтынысты арттыруға және инвестициялар құюға пайдалана алады. Осы және басқасы экономиканың өсуіне септеседі", – дейді ЕАДБ аналитиктері.
Ұйым Тәжікстанның ЖІӨ-сінің өсімі – аймақтағы елдер арасындағы ең жоғарғысының бірі болып қала беретінін жеткізді. Бұл республиканың 2023 жылғы экономикалық өсімі де орасан – 8,3% болды. Сарапшылар ТР ЖІӨ-сінің өсімі 2021 жылы – 9,4%, 2022 жылы – 8% болғанын еске салды. Яғни, қарқынды өрлеу кейінгі жылдар бойы тұрақты сақталуда және бұл өсімнің уақытша, кездейсоқ еместігін паш етті.
ЕАДБ сарапшылары мұны "ел дамуының қуып жетуші сипатымен" түсіндіреді. Тәжікстан ұзақ жыл дамуда арттап қалды, сондықтан экономикасындағы салыстыру базасы төмен болды. Тиісінше, мысалы, бір зауыттың ашылуының өзі көрсеткіштерді күрт жақсарта алады.
Дегенмен, Тәжікстанның өзге елдер көп мақтана алмайтын сөзсіз бір артықшылығы бар. Онда халық саны да мықты қарқынмен артып келеді. Мысалы, 2020 жылдың басында ел тұрғындарының саны 9 миллионнан жаңа асқан екен. Countrymeters порталының есебінше, 2024 жылы тәжіктердің саны 10 миллион 304 мыңнан асып жығылды. Президент жанындағы Статистика агенттігі (Агентии омори назди Президенти Ҷумҳурии Тоҷикистон) тек 2024 жылғы 1 қаңтардағы статистиканы жариялады: 10 млн 277 миллион адамнан көп.
Айналдырған төрт жылда халқының миллионға жуық көбеюі жоғарғы екпіннен хабар береді. Мұндай қарқыны сақталса, қырық-елу жылдан кейін ондағы халық саны Қазақстандағыдан асып түсуі мүмкін. Көп адам – көп тұтыныс, ол да ЖІӨ-нің өсуіне серпін береді.
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары қуатты ішкі сұраныс пен экспорттың сенімді қарқынмен ұлғаюы біздің аймақта тек Қырғызстан, Тәжікстан мен Арменияда ғана жоғарғы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді деген тұжырым жасады.
Сондай-ақ Тәжікстан мен Қырғызстанда өнеркәсіптік даму қарқыны жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу көлемінен асып түседі. ЕАДБ аймақта ең жоғарғы инвестициялық белсенділікті де осы екі елден күтіп отыр.
Еуразиялық даму банкі Қырғыз Республикасы ең тартымды және тез өсуші туристік бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл қоғамдық тамақтандыру секторының айналымын арттырады, туризм мен тасымал салаларының табысын ұлғайтады. Елде ақша аударымдары да, нақты жалақы да өсуде екен. Бұл бөлшек және көтерме сауданың өсіміне сеп.
Қырғызстанның әрі қарайғы өрлеуіне туризм секторының кеңеюі, инфрақұрылымға инвестициялар, алтын мен күміс экспортының артуы әсер етеді. Бірақ сарапшылар Ресейге санкцияны айналып өтуге делдал болуына байланысты қайталама санкцияларға тап болу қаупін атап өтті.
Жалпы, мұндаймен қақ-соғы жоқ тәжік елінің озық елге айналу әлеуеті мол. Халықаралық валюта қорының дерегінше, елді өрге сүйрей алатын барынша перспективті салалар қатарында электр энергетикасы, тау-кен өнеркәсібі және туризм саналады.
2024 жылғы 9 айда Тәжікстанға 1 миллион 223,2 мыңнан астам шетелдік турист келген (өсім 3,4 есе). Республика жылына 527 млрд киловатт-сағат электр қуатын өндіру әлеуетіне ие. Алайда өзі соның шамамен 4%-ын немесе 21 млрд киловатт-сағатын ғана тұтынады.
Тәжікстанда мемлекеттік қызметшілердің, бюджет саласы жұмыскерлерінің жалақылары өсті. Зейнетақы мен ең төменгі жалақы көтерілді. Бұл биыл ішкі сұраныстың, халықтың әл-ауқатының артуына түрткі болды. Елде бөлшек және көтерме сауда "еңсе тіктеді", жаңа базарлар, заманауи сауда ойын-сауық орталықтары ашыла бастады.
Бағалы және жартылай бағалы металдар экспортының жандануы тәжікстандық бюджеттің табыстарын арттырды. Мемлекеттің инфрақұрылымға шығысы және негізгі капиталға салатын инвестициясы күрт көбейген. Олар да кейінгі жылдарда дами бастаған болашақ "Тәжік ғажайыбының" кірпіші болып қаланды.
Халықаралық сарапшылар бұл елде ішкі сұраныстың өсуі және инфрақұрылымға инвестициялардың ұлғаюы 2025 жылы жалғасатынына сенімді. Содан болар, Ресейге екі қолға бір күрек іздеп аттанатын тәжіктердің легі сұйылды. Росстат дерегінше, былтырға қарағанда биыл тәжікстандық еңбек мигранттарының саны 15%-ға азайды.
Егер бұрындары, 2011 жылы Ресейде еңбек ететін тәжіктердің саны 3 миллионға жуықтайтын болса, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл сан 386 987 адамды ғана құрапты. Бәлкім, болашақта еңбек мигранты мен тәжік деген тел сөздей болуын қоятын шығар? Елдің ресми билігі қазіргі кезде Тәжікстан тұрғындарының 1 миллионнан астамы ғана шетелге жұмыс іздеп шығатынын мәлім етті.