Орыс тілін ілгерілету қорын құруға Қазақстан неге бастамашы болды?

3389

"Бұл бастамадан қазақ тіліне залал келуі мүмкін бе" деген сауалға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеп көрді. 

Орыс тілін ілгерілету қорын құруға Қазақстан неге бастамашы болды? Фото: akorda.kz

Ресейдің Петерборынан жеткен хабар тіл жанашырларын тіксінтті. 2022 жылғы 7 қазанда Санкт-Петербургте ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуі өткен болатын. Бұл күні Ресейде ресми түрде Владимир Путиннің туған күні, мерейтойы атап өтілді. Кремль басшысы бейресми саммит отырысы барысында Қазақстан көшбасшысының "тосынсый" жасағанын жария етті.

"Қанағаттанған көңілмен атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ТМД аясында орыс тілін қолдау және ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйымды құру бастамасымен шықты. Біз бұл ұсынысы үшін Президент Тоқаевқа өте ризамыз. Бұл бәріміз үшін маңызды деген ойдамын. Себебі орыс тілі, сөзсіз, мемлекетаралық қатынас тілі болып табылады. Мұның практикалық пайдасының бары да күмәнсіз. Өйткені Ресейде миллиондаған ТМД азаматы еңбек етеді. Олар Ресейге даму жоспарларын жүзеге асыруға көмектеседі, өздері де отбасыларын қолдауға қажетті қаражат табады", – деп мәлімдеді В.Путин.

Ақорданың ресми сайтында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысқанына арналған материалда бұл туралы ештеңе айтылмаған.

Осыған байланысты әлеуметтік желілерде, телеграм-арналарда пікір білдірген сарапшылардың, отандық саясаткерлердің өзі Путиннің сөзіне күмән келтіріп, фейк шығар дегенді айтты. Ал саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұлов мұның қисыны барын білдірді.

"Білуімше, ондай ой шынымен тілге тиек етілген. Бірақ бұдан қатты шошынудың қажеті жоқ сияқты. Әлемде беделден айырылып, абыройы төгіліп жатқан Путин өзара әңгімеден осылай инсайд жасау арқылы өзін сол бұрынғыдай орыс әлемінің көшбасшысы, тілдің қорғаны етіп көрсеткісі келетінге ұқсайды. Әйтпесе, мұны жеңіл троллинг, келеке ретінде түсінуге де болады. Себебі орыс тілін қолдау ұйымын ТМД жанынан құру ұсынылды. Ал ТМД тіршілігі байқалмайтын, шалажансар ұйым екені мәлім. Мысалы, ТМД жанынан инвестқор құру ұсынылса, қаржыгерлер шегі қатқанша күлетін еді, себебі жұмыс істемейтін, мүшелерінің көбі шығып кеткен ұйымнан ешкім қайыр күтпейді. Оның үстіне бұл бейресми саммит, онда ешқандай шешім қабылданған жоқ", – деді саясаттанушы.

Оның байламынша, Қазақстан Президентінің сыртқы саясаттағы басты басымдығы – қазақ еліне жаудың сырттан басып кіруіне жол бермеу, бейбітшілікті сақтау. Қазақ хандығының да басымдығы сол болған. Ендеше осы жолда көрші елдермен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың түрлі бағыттары қарастырылуы заңды. Мысалы, Қазақстан Түркі академиясын құрып, сол арқылы Түркия мен Орталық Азия елдерінің мұрасын зерттеуде, қырғыздың Манас жырын зерделеп, насихаттау ісін қаржыландырды.

Ал орыс тілін ілгерілететін қор онсыз да бар. В.Путиннің жарлығымен 2007 жылы "Русский мир" қоры құрылған, ол мигранттарға орыс тілін үйретеді, осы тілді өзге елдерде насихаттауға күш салады. Франкофония немесе француз тілін ілгерілету ұйымы сияқты.

Тек бір мазалайтын мәселе, билік енді қазақ тілін халықаралық деңгейде дамытуға мән берсе, жөн. Әйтпесе, Еуропа түгіл, іргедегі Ресейде қалың қазақ тілін ұмыта бастады.

Қоғам белсендісі, филолог Раушан Мұқанова мемлекеттің басты басымдығы – мемлекеттік тілді дамыту болуға тиістігін нықтады.

"Ел басшылығы мемлекеттік тілді дамыту бағытында қадамдар жасап жатыр, жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Мысалы, биылдан бастап, қазақ мектептерінде орыс тілі тек 2-сыныптан бастап оқытылатын болды. Бұл бастамасы үшін Асхат балаға (министр Аймағамбетов) алғыс айтуға болады. Бірақ батылдау қимылдап, ең құрыса, бастауыш мектепте орысша оқытпау керек. Қазір бастысы – мемлекеттік тіл, содан соң ағылшын тілі. Санкция нәтижесінде Ресей технологияда кенже қалады, орыс тілі технология тілі болудан қалып барады. Сондықтан орыс мектептерін жауып, орыс тілін пән ретінде қалдыру керек. Ресей де қазақ мектептерін жауып, солай жасады емес пе?", – деді филолог Р.Мұқанова.

Жалпы педагогтердің мойындауынша, қазір Қазақстанда орыс тілінің мұғалімі – ең бір қадірсізі болып барады.

"2022-2023 оқу жылынан бастап, мектептерде орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша топтарға бөлуді алып тастады. Мен қазақ тілді мектепте бастауыш сыныптарда орыс тілінен сабақ беремін. Қазір жұмыс көбейді, бірақ жалақы сол деңгейде қалды. 25 оқушысы бар тұтас сыныппен жұмыс істеу қиын екен. Оқушыларым үшін орыс тілі жат тіл саналады. Басым көпшілігі отбасында орысша сөйлеспейді. Ал сабақтар аптасына 2 рет қана өтеді. Басқа әріптестерімде де жағдай осындай. Сондықтан енді біз балалардың орысша жақсы сөйлейтініне кепілдік бере алмаймыз", – дейді орыс тілінің мұғалімі Фарида Б.

Жалпы Ресей басқыншылық соғысын тоқтатып, шапқыншылық саясатынан бас тартып, санкция атаулыдан арылмай, көсегесі көгермесі анық. Ал ол кері кете берсе, оның тіліне де көрші елдерде сұраныс болмауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу