ӨСАБ бойынша есепте алшақтық бар

10210

Кен өндіруші ірі компаниялардың басым бөлігінің төлемдер бойынша есебі мен қазынаға түскен нақты түсімдер арасында сәйкессіздік байқалып отыр.

ӨСАБ бойынша есепте алшақтық бар

Көптеген кен өндіруші ірі компанияларда төлемдер бойынша есептілік пен қазынаға түскен нақты түсімдер арасында сәйкессіздік бар екені байқалған.

Қазақстандағы өндіруші компаниялардың салықтық төлемдер бойынша және мемлекеттік бюджетке нақты түскен түсімдеріндегі айырмашылық 2017 жылы 13,5 млрд теңге болды. Бұл туралы 2017 жылы Қазақстандағы өндіруші салалардың ашықтығы бастамасын (ӨСАБ) іске асыру туралы 13-ұлттық есепте айтылған. Құжатты инвестиция және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша UHY SAPA Consulting компаниясы дайындаған.

Сәйкессіздік әсіресе шикізат өндірушілердің салықтық төлемдері бойынша есепте және былтырғы жылы олардан қазынаға түскен сомалар, жеке табыс салығы бойынша болып отыр деп көрсетілген есепте. Нәтижесінде айырмашылық көлемі 12,7 млрд теңге болған. Мұндай қарама-қайшылық "Теңізшевройлдың" ЖТС төлеудегі салықтық есебінде бар екені белгілі болды, яғни компания 6,1 млрд теңгені көрсетіп, ал мемлекет болса бұл бап бойынша 18,5 млрд теңге табысты растаған. Яғни екі тарап – үлкен кен орны операторы мен мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері арасындағы айырмашылық 12,4 млрд теңге болып отыр.

"Теңізшевройл" ЖШС-да БКК 101201 бойынша айырмашылық 12,422 млн теңге болды, төлеуші мұны "Шеврон" компаниясының іссапарларға жіберілген қызметкерлері үшін төленген ЖТС сомасы деп түсіндіріп отыр. "Шеврон" компаниясы ЖТС-ны еліміздің бюджетіне тікелей төлейді, есептеу "Теңізшевройл" ЖШС-ның жеке шотына БКК 101201-ға жыл сайын аударылады. Алайда төлеуші бізге құжат түріндегі нақтылауды ұсынбады", – деп көрсетілген есепте.

Жалпы шикізат өндіруші компаниялардың корпоративтік табыс салығын төлеу бойынша айырмашылықты тап осы бап бойынша мемлекеттік бюджетке түскен кіріспен салыстыратын болсақ, онда ол 395 млн теңгеден аспайды, ал әлеуметтік салық бойынша сәйкессіздіктер 286 млн теңге шамасында болды. Жер салығы бойынша төлеушілердің көрсеткен саны мен мемлекет атынан алушы арасындағы айырма 6 млн теңге, ал мүлікке арналған салық бойынша сәйкессіздік 25,7 млн теңге. Есепке сәйкес, Қазақстанда өндірілген тауарларға арналған ҚҚС бойынша сәйкессіздік 3,6 млн теңге болған, ал ЕАЭО аумағынан басқа импортқа арналған ҚҚС 2,8 млн теңгені құраған. Резидент еместерге салынатын ҚҚС небәрі 62 мың теңге болған. Шикізат өндіруші компаниялардан түскен сомалар мен мемлекеттің ПҚӨС-нан алған кірісінің арасында айырмашылық болған жоқ, ал кедендік төлемдерде сәйкессіздік 1,9 млн теңгеге жеткен, шикі мұнайды шетке шығару кедендік баждарындағы айырмашылық 1,4 млрд теңге болды. Бұл ретте шикізат өндірушілердің салықтық төлемдер есебі бойынша Ұлттық қорға салықтарды бөлудегі айырма есепке сәйкес 106 млн теңге болып отыр. Жалпы Қазақстандағы мұнай-газ, тау-кен өндіру, уран саласындағы ірі компаниялардың барлығында салықтық айырмашылық болғанын атап кету керек.

Ашықтық жетіспейді

Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының халықаралық хатшылығының шешіміне сәйкес Қазақстанға 2019 жылдың тамыз айының ортасына дейін көптеген мүдделі тараптарды басқару, лицензиялар тізілімі туралы ақпаратты ашу, мемлекеттің геологиялық барлауға, өндіруге, өндіріс көлемдері, айырбастық мәмілелер, шикізатты тасымалдау бойынша деректерді ұсынуға қатысуын, ӨСАБ-ның жалпы стандартына қол жеткізу бойынша көрсеткіштерін жақсарту қажет. Сонымен қатар елімізге мәліметтер, әлеуметтік және квазиқазыналық шығыстар мониторингінің сапасы бойынша түзету шараларын қабылдау, сондай-ақ ӨСАБ-ны енгізу және нәтижесі бойынша есеп беру ұсынылды.

"Қазақстан кейінге қалдыру туралы өтініш жасауы мүмкін, бірақ ол үшін салмақты себеп болу керек. Егер кезекті валидация талаптар толық орындалмағанын анықтайтын болса, онда Қазақстанға түзету әрекеттері бойынша ұсыныстар беріліп, оны орындауға уақыт беріледі. Ал егер Қазақстанның беталысы жоғары деңгейде – қанағаттанарлық (satisfactory) болса, онда келесі валидация басқарманың шешім қабылдаған күнінен кейін үш жылдан кейін болады. Мысалы, егер басқарма шешімді 2019 жылдың қазанында қабылдайтын болса, онда келесі валидация 2022 жылдың қазанында өтеді", – деп түсіндірді abctv.kz-ке Қазақстандағы азаматтық қоғам тарапынан ӨСАБ диалогтік алаң модераторы Мария Лобачёва.

Пайда көрушілерді іздеу

Бұған дейін БАҚ-та инвестиция және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаменті өкілі Азамат Шалабаевтың 2020 жылдан бастап мұнай- және тау-кен өндіру саласындағы барлық компаниялар өздерінің бенефициарлық иелерін ашуға тиіс болады деп айтқаны жарияланған болатын.

Мария Лобачёваның ақпары бойынша, биылғы жылы энергетика және инвестиция және даму министрлігінің мұнай, газ, көмір, уран және ҚПҚ-ны өндірудегі есептеу түрлері туралы бұйрықтары бекітілді. Олардың қосымшаларында компаниялардың өздерінің бенефициарлық иелері туралы есеп беруге тиіс форма бар. Бірақ та есепті бермегені үшін қандай да бір қатаң жауапкершілік жоқ.

"Жер қойнауы туралы кодексте жер қойнауын пайдаланушылардың түпкілікті бенефициарын анықтау, не мәліметтерді анықтау бойынша норма жоқ. Кодексте тек тікелей бақылау жайлы ғана анықтама берілген, ал жанама бақылау туралы түсінік анық емес. Сондай-ақ кодексте "саяси маңызды тұлға" деген анықтамада көрсетілмеген. ӨСАБ-ның халықаралық хатшылығы мен азаматтық қоғам өкілдері осы мәселелерге мән берген болатын, алайда инвестиция және даму министрлігінің өкілдері бұл мәселелер заңға тәуелді актілер арқылы реттелетінін айтты", – деді Мария Лобачёва.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу