Шетелдік компаниялар уәделерін орындамады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
15222

"Қаламқас-теңіз" және "Хазар" кенішін игеруге жаңа инвестор қажет.  

Шетелдік компаниялар уәделерін орындамады

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан "Қаламқас-теңіз",  "Хазар" кеніштерінің қойнауындағы мұнай мен газды игеру жобасы жүзеге аспайтын болды. Себебі North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы мен Royal Dutch Shell (Shell) концерні аты аталған кеніштерді игеруден бас тартты.

Шетелдік компаниялар ел билігіне "Қаламқас-теңіз" бен "Хазар" кеніштері шығыны көп, табысы аз жоба деген уәж айтты. Осыған байланысты

ҚР Энергетика министрлігі "Қаламқас-теңіз" бен "Хазардағы" жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекет меншігіне қайтару және жобаға басқа инвестор тарту мәселесін күн тәртібіне қойды.

Әу, баста NCOC пен Shell компанияларының басшылары "айды аспанға" шығаруға уәде берген. Олар қос кенішті игеру үшін Каспий хабын құратындарын жариялаған.

"Каспий хабы қаржыны, адами ресурстарды орталықтандыруға мүмкіндік береді", – деген Shell концернінің Қазақстандағы төрағасы Оливье Лазар. Ал NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн: "Қазақстанда екі кенішті екі компанияның бірлесіп игеруі бірінші рет жүзеге асайын деп отыр. Бұл әлемде кең таралған тәжірибе. Мысал ретінде Британияның Солтүстік теңіздегі, Американың Мексика шығанағы жағалауындағы іс-шараларын келтіруге болады. Қазір инженерлік-техникалық зерттеу жұмыстарының алғышарттары жасалып жатыр. NCOC консорциумы кен орындарын игеру жоспарын 2019 жылдың екінші жартысында ұсынады", – деді.

Бруно Жардэн NCOC консорциумы "Ақтоты", "Қайран" кен орындарын да зерттейтінін мәлімдеді. Міне, осының барлығы бос сөз, құр уәде болып қалды. Шетелдік компаниялар "Қаламқас-теңіз", "Хазар" кеніштерін игеруден бас тарту арқылы "Ақтоты" мен "Қайран" кеніштерінің де болашағына балта шапты.

Естеріңізге салайық, NCOC халықаралық консорциумы 2013 жылы "Қаламқас-теңіз" кен орнын ашты. Ал "Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В." компаниясының жобасы болып табылатын "Хазар" кен орны 2007 жылы пайда болды.
Барлау нәтижесінде "Қаламқас-теңіз" бен "Хазар" кен орындарында 100 млн тонна мұнай, 9 млрд куб газ қоры бар екені анықталды. Бұл байлықты  игерудің алғашқы кезеңі 2021-2027 жылдар аралығын қамтуға тиіс болатын.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу