Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терінің жекеге сатылуына қарсы петиция 10 мың қол жинады

2546

Республика бойынша арзан электр энергиясын өндіретін Шығыс Қазақстандағы екі ГЭС мемлекет меншігінен шығарылып, жекеге сатылғалы жатыр.  

Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терінің жекеге сатылуына қарсы петиция 10 мың қол жинады

Оған наразы болған халық петиция ұйымдастырып, он мың қол жинады. "Ұлт игілігі "құрметті" бір адамның қолына өтіп кетеді", "ең табысты гидростанциялардың жекешелендірілуі тегін емес" деген күдікті ой энергетика саласында жүрген мамандарды да мазалайды.

Сарапшылар айтады: "Сатып алатындар тарифті көтеруді ойлап отыр. Бұл халықтың қалтасына салмақ салады".

"Менен "гидростанцияларды қандай сомаға сату керек" деп сұрады"

Денис Данилевский – жергілікті flashpress.kz сайтының редакторы. Ол осы мәселе бойынша Президентке ашықхат жазған адам. Себебі энергетикаға тікелей қатысы бар болғандықтан жағдайды көріп, "бәрін түсініп" отыр.

– Денис мырза, әуелі энергетикаға қатысыңызды айтып берсеңіз.

– Менің алғашқы мамандығым – энергетик, Өскемен энергетикалық техникумын тәмамдағанмын. Ерте жасымнан анама көмектесуім керек болып, училищеге оқуға түстім, өйткені онда стпиендия төленетін еді. Сол стипендияның өзі едәуір көмек болатын. "Электр станциялары, желілері және жүйелері" мамандығы бойынша техник-электрик біліктілігін алып шықтым. Шығыс Қазақстан электр желілерінде (қазіргі ШҚ АЭК) өндірістік тәжірибеден, Қарағанды ГРЭС-2-де дипломалды тәжірибден өттім. Содан кейін "Алтайэнерго" бірлестігінде жұмыс істедім. Гуманитарлық мамандық бойынша сырттай ғана білім алдым. Электр энергетикасын ең төменгі сатысынан бастап біле бастадым. Бұл мен үшін тамаша өмір мектебі болды.

– Түсінікті. Енді Президентке ашықхат жазуыңыздың себебіне Өскемен, Шүлбі су электр станцияларының жекешелендірілуіне тоқталсақ.

– Екі гидростанцияның мемлекеттің жекешелендіру бағдарламасына, тіпті бірінші кезекте жекешелендірілуге тиіс объектілерінің қатарына қосылғанын білгенде менің наразылығымда шек болмады. Оған нақты себептер бар. Өкінішке қарай, "еститін мемлекетіміз" халық үніне құлақ асып отырған жоқ. Менің президентке жазған ашық хатымнан басқа, интернетте ГЭС-ті жекешелендіруге қарсы петиция басталды. Оған 10 мыңнан астам адам қол қойды. Бірақ хатқа да, петицияға да көшірме ретінде жазылған таза ресми жауаптардан басқа, біз ештеңеге қол жеткізе алмадық. Президент әкімшілігінің қызметкері телефон шалды. Бірақ онысы спектакль екені бірден белгілі еді. Өйткені менен "Сонда станцияларды қандай сомаға сату керек деп ойлайсыз" деп сұрады. Мен "ГЭС-ке баға жетпейді" деп жауап бердім.

"Бұл Қарулы Күштерді сатумен тең"

– Нақты себептерді айтыңызшы.

– ГЭС – аса күрделі технологиялық объекті. Кез-келген сәтсіздік апатқа әкелуі мүмкін. Мысалы, Өскеменде 60-шы жылдары су басу аймағы (қаланың сол жағалауында ондаған шаршы шақырым аумақ) белгіленіп, онда құрылыс жүргізуге тыйым салынды. Су басқан жағдайда орындалуы тиіс іс-қимыл жоспары әзірленіп, әрбір шағын ауданда эвакуация орны белгіленді. Нысанның қаншалықты маңызды екенін осыдан біле беріңіз. Ал мұншалықты маңызды станцияның қауіпсіздігін жеке біреуге сеніп тапсыруға бола ма? Ресейдегі Саяно-Шушенск су электр станциясында болған апат менің есімде. Сол жолғы қайғылы оқиғада 75 адамның өмірі қиылған. Ол станцияның да капиталының белгілі бір үлесі жеке компания иелігінде болатын.

ГЭС – стратегиялық нысан. Оны сату, менің ойымша, Қарулы Күштерді сатумен тең. Жекенің қолына ажыратқыш қана емес, бөгет, шлюздер де өтіп кететінін ойладыңыз ба? Одан бөлек Ертістегі балық қоры, су ағынының реттелуі, жайылмалы шалғындардың жағдайы – бәрінде ГЭС үлкен рөл атқарады. Мұның бәрі мемлекеттік маңызы бар мәселелер.

ГЭС – бюджетке ешқандай жүктеме салмайтын, табысы жоғары кәсіпорын. Қаржылық есептерді қарасаңыз таза пайда миллиардтап келіп жатқанын көресіз. Алғаш бұл гидростанциялардың құрылысына өте мол қаржы салынып, көп адамның күш-қуаты пайдаланылған. Өзен арнасын жауып тастау, бөгет, шлюздер салу, су қоймасын толтыру, адамдарды су басатын елді мекендерден көшіру – осының бәрі зор қажырмен істелді. Осыншама еңбекпен салынғаннан кейін қазір жабдықталып, тұрақты жұмыс істеп, жоғарыда айтқанымдай жылдар бойы пайда түсіріп тұр. Ал енді осындай дап-дайын гидростанцияны әлдекім орта жолдан иемденіп кете бермек пе? Ары қарай, көп болса, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін шығар. Әйтпесес, қазандықтар немесе реакторлар үшін ешқандай отын қажет емес. Су ағынының күші бәрін де жасап тұр.

Жекешелендіруді жүзеге асыратын билік ірі буржуазияның мүдделерін алға тартады. Ешкім халықтың мүддесі туралы ойламайды.

– Түсіндіруіңізге рахмет.

"ГЭС-ті сатып алу – тарифті көтеру құқығын сатып алу"

Экономист, 1994-1996 жылдары ҚР Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттің төрағасы болған Петр Своик мәселені баспасөз бетінде көтеріп келеді. Біз маманның пікірін өзінен сұрағанды жөн көрдік.

– Тарифі төмен су электр станцияларына жекеменшік сатып алушылар не себепті қызығады? Қайта оларға тарифі жоғары нысандар керек емес пе?

– Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі деген үш ГЭС-те тариф Қазақстан бойынша арзан. Бірінші орындағы Бұқтырма ГЭС-і бұдан бұрын жекешелендіріліп, "Казцинк" кәсіпорынының иелігіне өткен. Оны екінші мәрте жекешелендіре алмайсың. Ал одан кейін екінші, үшінші орында Өскемен, Шүлбі ГЭС-тері тұр. Міне, енді қазір сол екеуі сатылмақ. Әдейі бір "құрметті" адам үшін сату ұйымдастырылып жатқандай. Иә, сіз "тарифі арзан ГЭС-тен пайда таба ала ма?" деп сұрап отырсыз. Таба алады.

Түсіндірейін. Заңда электр энергиясының тарифін Энергетика министрлігі белгілейді деп жазылған. Ал мұндай ГЭС-ті министрлікке тікелей ықпал ете алатын адамдар сатып алады. Демек, олар өздеріне қолайлы тарифтерді белгілете алады. Олар сатып алуға кеткен шығындарын толтыру үшін, бағаны міндетті түрде жоғарылатады. 

Былайша айтсақ, олар жағдайы жақсы, тұрақты клиенті бар кәсіпорынға қызығып отыр. ГЭС-терді сатып алу арқылы тарифтерді белгілеу құқығын сатып алғалы отыр.

Заң қалай бұзылып отыр?

– Мемлекет жекешелендіру себебін қалай түсіндіреді?

– Жалпы қазір мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту үшін, Үкіметте жаппай жекешелендіру жүріп жатыр. Ал жаңағы екі ГЭС-ті жекешелендіру "Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ережесін сақтау" деген желеумен іске асырылмақ.

– Бұл халық тұрмысына қалай әсер етеді және сіз неге қарсы болып отырсыз?

– Тариф көтерілсе, оны тұтынатын халықтың қалтасына салмақ түседі. Сондықтан ел тұрмысына тікелей әсер етеді.

Менің қарсы болатыным мынау: осы аталып отырған Өскемен мен Шүлбі ГЭС-тері нарықтық дүние емес, ұлттың қазынасы болып есептеледі. Мұнда мемлекеттік баға белгіленіп, энергия сол баға бойынша өндіріледі және халыққа тасымалданады. Электр энергетикасы туралы заңда "ұлттық электр желілері" деген нәрсе бар. Оны жекеге беруге болмайды. Бірақ сол заңда ГЭС-терді жекешелендіруге тыйым салынбаған. Ойлап қарасақ, электр станциясы жоқ болса, электр желілері дегеніміз – жай ғана тартылған сым емес пе. Демек, заң шын мәнінде бұзылып тұр. Ал шартты түрде бұзылмай тұрған секілді көрінеді. Ұлт игілігін бұлайша біреуге бере салуға болмайды.

Бізде табысты кәсіпорындар жекеге беріліп, әбден шығынға батқан компаниялардың мемлекет меншігіне қайтарылатыны өте түсініксіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Қос нысанға кімнің "көзі түсіп" отыр?

Сарапшылардан ГЭС-терді кім сатып алуы мүмкін екені туралы болжамын сұрадық.

"ГЭС-терді, ресми түрде, шетелдіктер, араб елдерінің инвестициялық қорлары алуы мүмкін. Бірақ бұл қордың артында Энергетика министрлігіне ықпал ете алатын жергілікті бір күш тұратынына сенімдімін. Қазақстанда Үкіметтің әрекетіне кім ықпал ете алатынын, шамамен, болжай аламыз ғой..." – деді Своик.

"Мұндай ірі және пайдалы нысандарды жекешелендіру бір адамның мүддесі үшін басталғаны түсінікті. Бұл – өте үлкен олигарх немесе биліктегі Олимп шыңынан да жоғары тұрған өте ықпалды адам. Бенефициардың атын білу екіталай. Ресми түрде жалпыланған ақпараттарды ғана береді. Қазір осы күнге дейін екі нысанды бағалау бойынша іс-шаралар өткізілуде. Бағалау gosreestr.kz сайтында жүріп жатыр. 17 наурызда басталған, арада жарты жыл өтті. Неліктен ұзаққа созылып кетті? Шамасы, олар халық наразы болмайтындай, болашақ иесіне қымбатқа түспейтіндей бағаны анықтай алмай жатқан болар. Әйтпесе, жоспар бойынша, 20 тамызда сату-сатып алу шартын жасасу керек еді", – деді Данилевский.

Р.s. "Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы"  қаулыда жекешелендірілетін нысандар тізімделген. Онда "басым тәртіппен" бәсеке ортасына берілуге тиіс төрт ұйым көрсетілген. Қатарында жоғарыдағы екі ГЭС және астанадағы "Ұлттық ғылыми медициналық орталық" пен Алматыдағы "Алатау" қонақ үйі енгізілген.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу