Статистика комитетінің мәліметінше, биыл қаңтар айында отандық авиатасымалдаушылар 33,1 млрд, ақпанда 22,1 млрд теңге табыс тапты. Ақпанда азая бастаған табыс наурызда көзден бұлбұл ұшты.
Коронавирустың кесірінен 3 ақпанда Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 тұрақты әуе рейсіне шектеу қойылды. 16 наурызда 49 тұрақты халықаралық авиарейс мүлде тоқтатылып, 84 халықаралық рейс қысқартылды. Бұған қоса Air Astana, SCAT әуекомпанияларының шет мемлекеттерге бағытталған 68 тұрақты рейсі ұшу кестесінен алынып тасталды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев: "Әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты жолаушылардың билетке төлеген ақшалары толық көлемде қайтарылады. Бұл үшін билет алған жерге хабарласу керек. Әуе рейстеріне уақытша тыйым салынды. Вирусқа қатысты жағдай дұрысталғанда, барлығы қалпына келеді", – деді.
Жолаушылар ағынының азаюы авиатасымалдаушылардың қалтасын қақты. Бірақ үкімет шектеуге шек қоя алмады. Керісінше 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы әуежайларының жолаушы рейстерін қабылдауын тоқтатып, 1 сәуірден Нұр-Сұлтан, Алматы әуежайларына халықаралық және эвакуациялық әуе рейстерінің қонуына тыйым салды. Мұны азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі: "Үкімет коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу шараларын қабылдап жатыр. 2020 жылдың 1 наурызынан бастап карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесінің кеңеюіне байланысты сол елдерден келген жолаушыларға 4 - күшейту кезеңі енгізілді", – деп түсіндірді.
Отандық әуе компаниялары мен әуежайлар коронавирус пандемиясының зардабын шегіп жатқанын "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы АҚ атқарушы директоры, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымалдау комитетінің азаматтық авиация жөніндегі қосалқы комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин де айтты. Ол 29 наурыздан бастап елішілік және халықарлық әуе рейстерімен жолаушы тасымалдау тоқтатылғанын, тек транзиттік, гуманитарлық және жүк тасымалдау рейстерінің ұшып-қонуына ғана рұқсат берілгенін баяндады.
"Әуе компаниялары мен әуежайлардың 95-97%-ға азайды. Қазір олар күрделі әрі қиын қаржылық жағдайды өткеріп жатыр. Өңірлердегі бірқатар әуежайлар мүлдем табыссыз қалды. Авияциялық емес қызметпен айналысатын және терминалдары жабылған әуежайлар тығырықтан шығатын жол таппай отыр. Олар қиындықты өз бетінше еңсере алмайды. Саланы қалпына келтіру үшін мемлекеттік қолдау шаралары қажет. Осыған қатысты хат 26 наурызда үкімет басшысының кеңсесіне жолданды. Әуежай басшылары үкіметтен мүлік, көлік, жер және мемлекеттік нысанды пайдаланғаны үшін төлеуге тиісті салық мерзімін шегеруді сұрады", – деді Дәулет Хамзин.
Атқарушы директордың сөзінше, әуежай өкілдері еңбекақы төлеу қоры мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеуге тиісті салық түрлерін де тоқтата тұруды өтінген.
"Халықаралық рейстер мен шетелдік тасымалдаушыларға қызмет көрсететін әуежайлар үкіметтің алдына 2019-2020 жылдардағы қосымша құн салығын кері қайтару мәселесін де қойды. Сонымен қатар дағдарыс кезінде бекітілген тариф аясында инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыра алмағандары үшін айыппұл төлеуге міндеттемеуді сұрады", – деді Дәулет Хамзин.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық әуежайлардың инвестиялық жобалары тоқтап тұр.
"Әуекомпаниялары мен әуежайлар қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болып отыр. Бірқатар қызметкерлер 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны алып үлгерді. Өздеріңіз білетіндей, әуекомпанияларында шетел азаматтары да жұмыс істейді. Оларға еңбек визасын алу тәртібін жеңілдету қажет. Себебі олар ел аумағынан шыға алмай қалды", – деді атқарушы директор.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, коронавирус пандемиясы әлемдік және отандық азаматтық авиация индустриясын теңселтіп тұр. Бұрын соңды азаматтық авиация саласында мұндай қаржылық қиындық болмаған.
"Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында 97 халықаралық бағыттағы 438 рейс қысқартылды. Барлық тұрақты ішкі рейстердің жабылуына байланысты ел аумағында тұрақты әуе қатынасы жоқ. 2020 жылдың 22 наурызына дейін 45 ішкі бағыт бойынша тәулігіне 77, аптасына 540 рейс орындалды. 2 сәуірден бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық ішкі тұрақты рейстер тоқтатылды", – деп хабарлады министрлік.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының болжамынша, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әуе тасымалына жүгінетін жолаушылар саны 500 млн адамға азаяды. Ал әуе компанияларының операциялық шығыны 124 млрд долларды құрайды.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2020 жылы жолаушылардан түсетін кіріс 252 млрд долларға кемиді деп жағымсыз болжам жасады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның да жағдайы мәз емес. 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында еліміздегі жолаушылар ағыны 70%-ға азайды. Ұшу рейстерінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуе компаниялары 235 млрд, әуежайлар 24,5 млрд, "Қазаэронавигация" РМК 28 млрд теңге шығын шекті.
Абылай Бейбарыс