Отандық автозауыттарды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі енгізіледі

3203

Бұл тетік тек жеңіл көліктермен шектелмей, автобус, жүк көліктерін, ауыл шаруашылығы және арнайы техникаларды қамтитын болады, деп жазады Inbusiness.kz.

Отандық автозауыттарды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі енгізіледі

Бұл кімнің лоббиі екен?

Ел Үкіметі шетелдік автокөліктерді импорттаушылардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салмақ. Осыған ұқсас тетік бұрын болған. Дегенмен, біріншіден, ол меморгандардың тек шетелдік жеңіл көліктерді сатып алуына ғана тыйым салды. Екіншіден, ел Үкіметінің осыны қарастыратын 2019 жылғы 26 шілдедегі №538 қаулысы 2021 жылғы 26 шілдеде күшін жойды. Содан бері шенеуніктерге бюджет қаражаты есебінен шетелдік автомобильдерді алуына кең жол ашылды. 

Енді Үкімет сонымен шектелмей, мемлекет қажеттілігі үшін өзге елдерден кез келген машинаны сатып алуға тосқауыл қоймақ. Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауарларды ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі.

Құжатқа түсініктемесінде ведомство нақты кімнің мүддесін ілгерілеткелі отырғанын жасырмады. Олардың қысқа тізімі де қоса берілген.

Меморган қазақстандық көлік құрастырушы зауыттардың жүктелу көрсеткіші тым төмендігіне қапаланады. Нақтылай кетсек, 2020 жылы өндірістік қуаттардың орташа жүктемесі жеңіл автомобильдер бойынша – 53%, автобустар бойынша – 44%, тракторлар бойынша – 44%, комбайндар бойынша – 38%, жүк көліктері және арнайы техника бойынша – небары 16%-ды құрапты.

Сонымен, ИИДМ дерегінше, жеңіл автомобиль өндірісінде:

Қостанайда 2011 жылдан жұмыс істеп келе жатқан "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС зауытының өндірістік қуаты жеңіл көліктер бойынша 40 000 бірлікті, ал жүктелуі – 88%-ды құрады. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша – 10 000 бірлік, жүктелуі – 38%, автобустар бойынша – 1 200, жүктелуі – 88%.

  • Алматы қаласындағы "Hyundai Trans Kazakhstan" ЖШС 2018 жылы құрылды. Жылына 45 мың жеңіл автомобиль жасай алады екен, алайда 54%-ға ғана жүктелген.
  • Алматыдағы тағы бір автокәсіпорын – "Hyundai Trans Auto" ЖШС 2011 жылы ашылған. Ол жылына 10 мың жүк және арнайы автомобиль құрастыра алатын көрінеді. Жүктелу деңгейі – бар-жоғы 2%. Бұған қоса, 1 200 автобус құрастыруға қауқары болғанымен, қуатын 49%-ға ғана пайдаланады.
  • Көкшетаудағы "КамАЗ-Инжиниринг" АҚ 2005 жылы іске кірісті. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша өндірістік қуаты жылына 10 мың, жүктелуі – 12%.
  • Семейлік "СемАЗ" ЖШС 2006 жылы құрылған. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша өндірістік қуаты – 10 мың,  жүктелуі – 29%. Автобустар бойынша – 1 200 бірлік, жүктелуі 5%!
  • Семейлік "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС 2007 жылы ашылды. Автобустар бойынша өндірістік қуаттылығы жылына 1 200 бірлік болғанымен, жүктелуі 33%.
  • Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан "QazTehna" ЖШС зауыты биылғы 2021 жылы қолданысқа берілді. Автобустар бойынша өндірістік қуаттылығы жылына 1 200 бірлік. Әзірге қанша өнім шығарғаны туралы дерек жоқ.
  • Орал қаласындағы "УральскАгроРемМаш" АҚ 1955 жылы негізі қаланған кеңестік зауыттың мұрагері. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша өндірістік қуаты – жылына 10 мың бірлік, соның 12%-ын ғана іске жаратып отыр.
  • Өскемендегі "Азия Авто" зауыты күйреді, сондықтан бұл тізімге кірмеді. Нәтижесінде, осы тізім басындағы 2 кәсіпорын ғана елдегі бүкіл жеңіл автомобиль құрастыру нарығын өзара бөліске салып жатыр.

Атап айтқанда, 2021 жылдың 8 айында Қазақстанда 47,5 мыңдай жеңіл автомобиль құрастырылған. Бұл былтырғыдан 26,9% артық. Соның ішінде 30,8 мыңы – қостанайлық "СарыарқаАвтоӨнеркәсіпке", тағы 16,8 мыңы – алматылық "Hyundai Trans Kazakhstan"-ға тиесілі.

Демек, Үкіметтің жаңа қаулысы күшіне енсе, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар айналдырған осы екі автозауыттың өнімін ғана сатып алуға мәжбүр болмақ. Мұны "бір көзден сатып алудың" заңдастырылған схемасы деп атауға да болатындай.

Дәл осылайша, автобус парктеріне берілетін таңдау да сонша бай еместігін аңғаруға болады: небары төртеу: "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп", "Hyundai Trans Auto", "СемАЗ", "Daewoo Bus Kazakhstan".  

Сондай-ақ Үкімет шетелдің ауыл шаруашылығы техникаларын – тракторларды, комбайндарды сатып алуға да рұқсат етпейтін болады.

Оған қандай балама бар?

Индустрия министрлігінің тізімінде небары  ауыл шаруашылығы техникасының 5 өндірушісі ұсынылған. Бұлар:

  • Қостанайдағы "АгромашХолдинг KZ" АҚ-ы. Кәсіпорын 2003 жылы құрылған. Тракторлар бойынша өндірістік қуаты – жылына 3 мың бірлік, жүктелуі – 13%, комбайндар бойынша – жылына 1 мың бірлік, жүктелуі – 34%.
  • Көкшетаулық "Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы" ЖШС, 2016 жылы іргесі қаланған. Тракторлар бойынша өндірістік қуаты жылына 2 200 бірлік, жүктелуі – 48%, комбайндар бойынша жылына 500 бірлік, жүктелуі – 23%.
  • Семейлік "СемАЗ" ЖШС. Тракторлар бойынша өндірістік қуаты – жылына 3 000 бірлік. Бірақ былтыр тек 80 трактор құрастырған.
  • "Қостанай Трактор Зауыты" ЖШС 2019 жылы құрылған. Трактор бойынша өндірістік қуаты жылына 500 бірлік, жүктелуі – 38%.
  • Көкшетауда 2005 жылы ашылған "Kazrost Engineering Ltd." комбайндар бойынша өндірістік қуаты жылына 800 бірлік, 58%-ға ғана жүктелген.

Мұнда мысалы, комбайн алғысы келетіндерге айналдырған 3 компанияның бірін таңдауға тура келетінге ұқсайды.

ИИДМ байламынша, бұл қадам "ішкі нарықты қорғайды, сол арқылы кәсіпорындардың өндірістік қуатының жүктемесін орта есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді".

"Бұл – аталған кәсіпорындарды күшейту, дамыту және дағдарыстық жағдайдан шығару үшін қажетті, маңызды құрал. Отандық автомобиль және ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер 4,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Ұсынылған шара шетелдік техника және  көліктер жеткізушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын шектейді, тендерлерге тек отандық өндірушілер ғана қатыса алатын болады", – деп мәлім етті ведомство.

Жаңа тетік қашан енгізілмек?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі келесі енгізу мерзімдері мен кезеңдерін ұсынып отыр:

2021 жылғы 3-ші тоқсанда I кезең жүзеге асырылады, яғни нормативтік-құқықтық база бекітіліп, келісіледі.

2021 жылғы 4 тоқсанда II шешуші кезең басталады: бастама толық енгізіледі.

Техника ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Нұрлан Байгереев ұқсас шектеу Ресей, Беларусте бұрыннан қолданылатынын айтады.

"Бір айырмашылығы, олардың ішкі сұранысын отандық өндірушілері толық өтей алады. Ал бізде нарықты бірнеше кәсіпорын басыбайлы иеленіп алған. Олардың өнімін отандық деу қиын, шашып әкеліп, құрастырумен, әрі кетсе, шанағын бояумен, дәнекерлеумен айналысады. Өндірістің толық циклы жоқ. Мысалы, Беларустің егістік алқаптарында жұмыс істейтін барлық технианың 90%-дан астамы – отандық техникасы. Біздегісінің тек аты отандық, заты тегіс импорттық. Үкімет отыз жыл ішінде олардың локализациялану деңгейінің артуына қол жеткізе алмады, өйткені қатаң талап қоймады. Енді алдағы жылдары жергілікті мазмұн үлесін ұлғайта алатынына сенім жоқ", – дейді практик-ғалым.

Сарапшының дерегінше, елде тракторлардың 65%-ы (шамамен 100 мыңнан астамы) және комбайндардың 46%-ы (20 мыңдайы) ескірген. Бұл ретте 20 мың трактор және шамамен 4 мыңдай комбайн істен шығып, қаңтарулы тұр. Тағы 26 мың трактор, 5 мыңдай комбайн мүлдем жайрап қалған, есептен шығаруға жатады.

Ауыл шаруашылығы техникасының жаңару қарқыны шабан. 2020 жыл қорытындысында "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы ауыл кәсіпкерлеріне елімізде құрастырылған, жалпы құны 113 млрд теңге тұратын 5 900 техниканы лизингке берді.

Мұндай жағдайда Индустрия министрлігі жергіліктендіру бойынша қатаң талап қоймаса, автозауыттар отандық өндіріс дегенді жамылып, шетелдік өнімді импорттауын жалғастыра бермек. Ендеше бюджет қаржысы бәрібір шетелдік зауыттарға кетеді де, тыйымнан ел экономикасы зардап шегуі ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу