Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Мәскеуде президент Владимир Путинмен келіссөз жүргізгеннен кейін бір жарым ай өткенде Украинаға тарихи сапармен аттанып, жұма күні президент Владимир Зеленскиймен кездеспек.
Үндістан мен Украинаның ресми өкілдері бұл сапардың экономикалық байланыстар мен қорғаныс, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталғанын айтып отыр.
Кейбір сарапшылардың ойынша, Модидің сапарының саяси мақсаты да бар.
Моди Украинаға неліктен бармақ?
Бұл - Үндістан премьер-министрінің Украинаға Дели мен Киев 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бергі бірінші сапары. Моди Польшада екі күн аялдап, Киевке жұма күні барады.
Үндістан үкімет басшысы Ресейде 8-9 шілде күндері болды .
Оның Мәскеуге сапары НАТО елдері басшыларының Вашингтонда жиналуымен және Ресей армиясының Украинадағы ауруханаға зымырандық соққы беруімен тұспа-тұс келді. РФ армиясының ракеталық шабуыл көптеген адамның өмірін қиып, Зеленскийдің қатаң сынына ұшырады. Ал сол сәтте Үндістан премьерінің Путинді құшақтап тұрғанын көргенде, Украина лидері бұл кездесуді "түңілдіретін" және "бейбітшілік жолындағы әреттерге ауыр соққы" деп сипаттады.
Дегенмен, Моди сол кездесуде зымырандық соққыларға тікелей тоқталмаса да, Путиннің қасында отырып, қантөгісті меңзеп, жазықсыз адамдарға зиян келтіретін кез келген шабуылды айыптайтынын атап өтті.
"Модидің осы аптада Украинаға жоспарланған сапарының мақсаты -Үндістанның бүйрегі Ресейге бұрып тұрады деген көзқарасты өзгертіп, жағдайды теңестіруге тырысу", - дейді Стратегиялық мәселелер бойынша сарапшы және бұрынғы дипломат КС Сингх АР тілшісіне берген сұқбатында.
Батыстың қысымына қарамастан, Нью-Дели Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаудан және БҰҰ қарарларында Мәскеуге қарсы дауыс беруден бас тартып, біреудің жағына шығудан аулақ болып, Украина мен Ресейді жанжалды диалог арқылы шешуге шақырып келеді.
"Модидің сапары Нью-Делидің стратегиялық бағыты ешкімге қосылмауды көздейтінін және сыртқы саясаты тепе-теңдік қалайтынын көрсетуге арналған", - дейді Дерек Гроссман, RAND корпорациясының Үнді-Тынық мұхит аймағы бойынша сарапшысы.
Үндістанның Ресеймен байланысы қандай?
Үндістан мен Ресей "қырғи-қабақ" соғыстан бері тығыз байланыста болды. Және де Нью-Делидің Мәскеу үшін негізгі сауда серіктесі ретіндегі маңыздылығы Кремль 2022 жылдың ақпанында Украинаға әскер жібергеннен кейін тіпті артты.
Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары енгізген санкциялардан кейін Үндістан Қытайға қосылып, Ресей мұнайының негізгі сатып алушысына айналды.
Сарапшылардың ойынша, Модидің Мәскеуге сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Үндістан үшін Ресей - маңызды сауда және қорғаныс серіктесі. Үндістанның әскери жүйелері мен техникасының шамамен 60%-ы Ресейде өндірілген. Бұған қоса, Нью-Дели шетелден тасымалдайтын мұнайдың 40%-дан астамын Ресейден импорттап отыр.
Үндістан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі ел арасындағы сауда да күрт өсіп, 2023-24 қаржы жылында 65 миллиард долларға жуықтаған.
Үндістанның Украинамен байланысы туралы не деуге болады?
Үндістан мен Украина арасындағы сауда әлдеқайда төмен. Соғысқа дейін шамамен 3 миллиард долларды құраған. Бірақ Моди мен Зеленский жаһандық оқиғалар аясында бірнеше рет кездесті, ал Украина сыртқы істер министрі жыл басында Нью-Делиге барып қайтты.
Үндістан да Украинаға қарулы қақтығыстар басталғаннан кейін гуманитарлық көмектің бірнеше партиясын жіберді.
Сарапшылардың пікірінше, Модидің Путинмен кездесу мәселесін Зеленскийдің Киевте көтеруі екіталай, әсіресе - көпшілік алдында.
Бұл сапар қалай қабылдануы мүмкін?
Модидің Путинмен шілдедегі кездесуін сынаған АҚШ пен басқа батыс елдерінде бұл сапар жақсы қабылдануы мүмкін, дейді Гроссман.
Гроссманның ойынша, Моди үшін бұл сапар "Зеленскиймен өзара әрекеттесуге, үнділік мүдделерді қорғауға, Ресейдің шектен шығуына қарсы тұруға және Батысты тыныштандыруға" мүмкіндік береді.
"Бірақ бұл сапар Батысқа біраз сенім сыйлағанымен, Үндістанның Мәскеумен тығыз қарым-қатынастарына өзгеріс әкелмейді. Сонымен қатар, Моди Киевке сапарын Үндістанның бітімгершілік рөлін көрсетуге пайдалануы екіталай. Үндістан Ресеймен тығыз байланысын және әлемде өсіп келе жатқан ықпалын қолданып, мұндай қадамға соғыстың басында-ақ барар еді", - дейді Chatham House талдау орталығында Оңтүстік Азияны зерттеумен айналысатын ғалым Чиетидж Бажпаи.