Өткен жыл қазақ спортына сәтті болды ма?

793

2024 жылы бірнеше халықаралық ірі спорт жарыстарының куәсі болдық. 

Өткен жыл қазақ спортына сәтті болды ма? Фото: inbusiness.kz

Оның ішінде мерейімізді асырған да, көңілімізді түсірген де оқиғалары жетерлік. Әсіресе Париждегі XXXIII Олимпиада ойындарында Қазақстанның бір ғана алтынмен шектелуі – салаға жұмсалған қаржының ақталмай жатқанын көрсетті. Осы тұста елеулі жарыстардың біразын шолып, қазақ спортының жетістігі мен кемшілігін тізбектеп көрдік.

Кейінгі екі Олимпиадада жол болмады

Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындары биыл бүкіл жаһанның назарында болғаны белгілі. Жарыс бастала сала Қазақстан құрамасы көп жүлдеге ілігіп, Токио Олимпиадасындағы өкініштің орнын жуар деген дәме болғаны жасырын емес. 16 күнге созылған спорт мерекесінде 205 елдің өкілдері жүздеген жүлдені сарапқа салды. Осыншама елдің тек 93-і ғана медаль ала алған екен. Қазақстан спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы командалық есепте 43-орынға табан тіреді.

Алдыңғы Токио Олимпиадасында алған 84-орынмен (4 қола ғана) салыстырғанда көрсеткіш тәуір. Дегенмен Рио-2016 Ойындарындағы 30-орынмен (2 алтын, 5 күміс, 10 қола) теңестіруге келмейді. Сондықтан сарапшылардың көбі қазақ спортында даму емес, тұралау процесі көбірек болып жатқанын алға тартты.

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы дзюдо спортынан Олимпиадада алтын алып көрмеген еді. Бірақ Рио Олимпиадасында финалға жетіп, күміс еншілеген, Токиода қола алған Елдос Париж төрінде алтынға қол жеткізді. Бұған қоса ақтық сынға дейін жеткен үш спортшыны да ерекше атап өткен жөн. Күмісті спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов (тұғырлы ат жаттығуы) пен грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі), боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) иеленді.

Негізі жанкүйерлер бокстан кемі бір алтынның боларына үміт еткен. Бір тарап аяқтан шалушылық болғанын, екінші тарап боксшылардың бабы келіспегенін айтып жатты. Олимпиада аяқтала сала бокстан ұлттық құрамадағы жаттықтырушылар қызметінен босатылып, ауыс-түйіс болғанына қарағанда, екінші тараптың айтқанында шындыққа жақындық бар секілді.

Бұл жерде күтпеген жүлде – Нариманның күмісі. Жасырары жоқ, жанкүйерлер бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінен жүлде күтеді. Алайда бұларға қоса спорттық гимнастика, көркем гимнастика, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, су спорты мен жеңіл атлетика түрлері секілді салаларға көп көңіл бөлу қажет екенін Нариман дәлелдегендей еді.

Қола медальды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), бокстан Назым Қызайбай (51 келі) алғанын айта кетейік.

Қалай алғанда да, Париж төріндегі дода қазақ спортшылары үшін тым жақсы да, тым жаман да болмады. Даму болмаса да, сәл ілгерілеушілік бар. Бірақ Елена Рыбакина секілді "бір медаль алып береді" деп үміт күткен спортшылардың жеме-жемге келгенде басын алып қашқаны көпке дейін естен кетпейді.

Биыл қыркүйекте Қазақстан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізді. Жарыстың керемет өткені рас, әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық спортшы келіп, жалпы нәтижеде Қазақстан 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медальмен топ жарды. Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Аустралиядан спортшылар келді. Ерекшелігі сол, жаңа спорт түрлері ретінде Powerful Nomad Алыптар сайысы және бірнеше дәстүрлі интеллектуалдық ойындар қосылды.

Жарыстың жоғары деңгейде өткені рас, шетелдіктер де тамсанды.

Бокс пен күрестегі бір жетістік

Әрине, әр нәрсенің жаман жағын ғана тере бермейміз. Көңілді шаттандырған кезеңдер де болды. Қазан айында IBA-ның ұйымдастыруымен Черногорияда бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Осы додада Қазақстан құрамасы рекорд орнатты. 6 алтын, 1 күміс, 10 қола – жалпы 17 медаль еншіледі.

Командалық есепте 73 елдің арасында Қазақстан құрамасы көш бастады. Ал көптен бері басты қарсыласқа айналған Өзбекстан құрамасы екінші, үздік үштікті Ресей түйіндеді. Бұған дейінгі жарыстарда, яғни, 2018 жылы Венгрияда, 2021 жылы Германияда өткен әлемдік додаларда қазақстандық 17-18 жастағы спортшыларымыз 2 алтынмен оралған болатын. Сондықтан бұл жарыс көрсеткіші – тарихи нәтиже. Осылайша, жас буынның жетістігі ел боксының болашағы жақсы екеніне сендірді.

Дегенмен бокс спортында мәселелер жетерлік. Келер Олимпиадаларда бокс бағдарламасының болу-болмауы әлі талқылануда. IBA ұйымы Олимпиадада боксты ұйымдастырудан шеттетілді. Жаңадан құрылған World Boxing толыққанды нығайып үлгермеуде. Күмәнді нәтижелердің көбеюі бокстағы ұпай есептеу жүйелерін де қайта қарауға септігін тигізетін іспетті.

Боксшылардың жеңісін күресшілер де қайталай алғандай. Бұрын алтынсыз қайтаратын жарыстарда қазақстандықтардың жолы болды. Мәселен, биыл Албания астанасы Тиранада еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпанов (70 келі) жеңімпаз атанды.

Бұған қоса 97 келіде белдескен Ризабек Айтмұқан жастар арасындағы әлем чемпионы атағына ие болды. Жалпы, күрес түрлерінен әлемдік додаларда топ жару өте қиын саналады. Сондықтан бұл жолғы жеңістер өзгерістер барын көрсетті.

UFC-де алғаш рет қазақ чемпион бола ма?

Қазір әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен қатар қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың да аты аталып жүр. Әлі күнге дейін жеңіліссіз келе жатқан отандасымыздың кейінгі жекпе-жегі 7 желтоқсанда Лас-Вегаста өтті. UFC 310 турнирінде уақытша чемпиондық атақ үшін сайысқа шығып, ирландиялық жеңіліп көрмеген файтер Иан Машадо Гэрриді тізе бүктірді.

Жартылай орта салмақта өнер көрсететін ирландиялық UFC-де 2021 жылы дебют жасап, сол уақыттан бері 15 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Яғни, бұл мықтыны ұту арқылы Шавкаттың келесі кездесуі міндетті түрде чемпиондыққа талас ретінде ұйымдастырылатынын болжай аламыз.

Негізі Шавкат Рахмоновта келер жылды күтпей-ақ осы жолы UFC чемпионы атанар мүмкіндік болған. Себебі желтоқсандағы кездесу ирландиялық Гэрримен емес, қазіргі чемпион Белал Мұхаммадпен болуға тиіс еді. Алайда денсаулығына байланысты тегі палестиналық спортшы бұл кездесуден бас тартты.

Бірақ Иан Гэрриді жеңген сәтінде Рахмонов сегізбұрыш ішіне Белалды шақырып, көз түйістірді. Яғни, келесі жекпе-жек міндетті түрде осы екі спортшы арасында чемпиондыққа талас ретінде өтеді. Егер Шавкат жеңіске жетсе, UFC тарихында чемпиондық белбеуге қол жеткізген алғашқы қазақстандық атанады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу