Өз-ағаңдар тауарларын Қазақстанға экспорттауға мүдделі

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2371

ТМД елдері арасында Өзбекстан Қазақстанмен өзара саудада Ресейден кейін екінші орында тұр.  

Өз-ағаңдар тауарларын Қазақстанға экспорттауға мүдделі

2016 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын құрап, тұтастай алғанда оң нәтиже көрсетті.

"Біз тамырлас әрі бауырлас елміз, оның үстіне шекаралас мемлекетпіз. Біздің ынтымақтастығымыз екі ел кәсіпкерлерінің өзара байланыс орнатуына үлкен серпін береді, ал бүгінгідей бизнес форумдар екі елдің экономикалық ынтымақтастығын күшейтіп, қазақ-өзбек аумағына қолайлы тығыз кооперация орнатуға мүмкіндік береді. Қазақпаратбюросына берген сұхбатында Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович біздің елдер арасындағы ынтымақтастыққа үлкен әлеуеттің жұмылдырылмай отырғанын мәлімдеген еді. Ол өз сөзінде Өзбекстанда Қазақстанның қатысуымен 230 кәсіпорынның жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ал Қазақстанда өзбекстандық кәсіпкерлердің атсалысуымен 130-дан астам кәсіпорын еңбек көрігін қыздыруда. Бұл көрсеткіштерді өзбек елі басшысы бірнеше есеге өсіруге болатынын айтқан еді. Бізде бұдан үлкен әлеует көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан маңында екі үлкен рынок бар, бірі Ресей Федерациясы, екіншісі Қытай халық республикасы. Міне, осы екі ел нарығынан туындайтын сұраныстарды біздің кәсіпкерлер ғана емес, біздің алпауыт бизнес те игере алмай жатыр. Өйткені, сұраныс көлемі үлкен. Ал бауырлас екі ел арасындағы, қазақ-өзбек бизнесмендері арасындағы кооперация жаңағы елдердің нарығына шығуға мүмкіндік береді. Екі елдің аумағы бизнесті өркендетуге, экономикалық байланысты дамытуға қолайлы. Бұл арада адам ресурсын, жер ресурсын, өнеркәсіп әлеуетін алсақ та, қай саланы болсын бірлесе дамыту мүмкіншілігі зор", – деді Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында "Атамекен"  ҚР КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйегінде ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Өзбекстанға жұмыс сапары шеңберінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде үш бірлескен сауда үйі құрылып жатыр. Олар азық-түлік, өнеркәсіп, фармацевтика саласы, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу, мұнайгаз және химия салалары бойынша екен. Қазір жеңіл өнеркәсіп сауда үйін құруға келіссөздер жүргізілуде. Демек елімізде өзбек жеңіл өнеркәсібі өнімдерін тарататын сауда үйінің ашылар күні де алыс емес.

Алайда Нұржан Әлтаевтың айтуынша, экономикалық ынтымақтастықтың қарқынын бәсеңдетіп, өсімін тойтаратын факторлар да жоқ емес. Мәселен, қазақстандық бірқатар өнімдерге, атап айтқанда, ұн, керамика плиталары, тағысын тағы өнімдерге салынатын акциздер мөлшерлемесінің жоғары болуы, қазақстандық жүктердің Өзбекстан арқылы транзиті, сондай-ақ, валюталарды айырбастау сияқты түйінді мәселелер бар екен. Бірақ бұл мәселелер де Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапары барысында толыққанды шешілген сыңайлы. 

Еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі екі жақты сауда мәселесіне айрықша көңіл бөлуге, бизнестің өрісін кеңейту үшін қолайлы жағдай тудыруға шақырды. Осы мәселеде қазақстандық кәсіпкерлер аса  қызығушылық танытуда және бұл бизнесін түрінен күтерлері де көп.

Осы тұрғыда Өзбекстан тарапынан сауда бизнесінің жағдайына ерекше ықпал етер құжат та бар екенін айтады Әлтаев мырза. Ол жақында ғана бекітілген құжат –  2107-2021 жылдарға арналған Өзбекстан республикасының басымдыққа ие бес бағыты бойынша дамуының әрекет ету стратегиясы екен. Сол стратегияның  үшінші бағыты, экономиканы ырықтандыру және дамытуға негізделген. Экономиканы жаңғырту және ырықтандыру, сыртқы экономикалық байланысты кеңейту, құрылымдық өзгерістер жасауға бағытталған стратегия Өзбекстан экономикасын қарқынды дамытудың іргетасын қалаумен қатар, сондай-ақ, көрші елдермен, соның ішінде Қазақстанмен арадағы экономикалық байланысты күшейтуге көзделген.

"Қазақстанда да биыл экономиканы үшінші жаңғырту бағдарламасы іске қосылды. Бұл бірегей бағдарлама техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа экономика негізін қалауға, бүгінгі заманауи қарқынға сәйкес әрекет етуге негізделген. Екі елде осындай тың бағдарламалардың қабылдануы, бүгінгі шынайы өмірге түсінушіліктің танытылып отырғанын, дайындығын, жаңалануға бетбұрыс жасалғанын дәлелдейді", – дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Қазақстан – Өзбекстан бизнес форумында қол жеткізілген үлкен жетістік Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы арасында іскер кеңесін құру туралы келісімге қол қоюы болды. Бұл құжат өз кезегінде екі елде болып жатқан бизнес форумдар, іскерлік басқосулар сияқты түрлі шаралар туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік бермек.

"Қазақта да, өзбекте де бір мақал бар: "Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық" немесе "Көрші – құдайдан" дейді. Біз жай ғана көрші емеспіз, бауырлас елміз. Тарихтан білеміз, Ұлы Жібек жолы  қазақ-өзбек, яғни тек осы біздің елдер аумақтары арқылы үш бағытқа жол салған. Бүгін біздің алдымызда осы жолды жаңғыртып, заман ағымынан қалмай, ары қарай бүкіл әлеуетімізді пайдаланып, қарқынды даму мәселесі тұр. 170 келісім бар екі ел арасында. Бүгін құрылып жатқан Іскерлік кеңесін екі ел арасындағы бизнесті өркендету үшін тиімді пайдалануымыз керек. Өзбекстанда да, Қазақстанда да жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай бар екенін көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстанмен шекаралас аумақта өнеркәсіптік еркін экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Бірақ біз жаңасын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің бірлесе жұмыс істеп, жаһандық нарықта бәсекелестікке төтеп берулеріне мұрсат береді. Біз барлық бағыт бойынша мейлінше серіктес болуға дайынбыз. Алдағы уақытта да табысты келісімшарттардың жасалуына тілектеспіз, Өзбекстанда да осындай бизнес форум аясында бас қосып, нақты істерге жетелейтін бизнес жобаларды жүзеге асыруға қол жеткізуге шақырамыз" деп бауырлас халықтың қонақжайлылығына алғысын білдіре кетті Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Әлішер Шайхов.

Бизнес-форум барысында екі елдің фармацевтика саласының өкілдері өз салаларына қатысты түйткілдерін ортаға салды. Өзбекстанның да Қазақстан сияқты импорттық дәрі-дәрмекке тәуелділігі басым екен. Осы ретте, өзбек елінің өкілі Өзбекстанның өсімдік әлемі емдік қасиеті бар түрлі шөптерге бай екенін, тіпті дәрілік мақсаттағы кейбір шөп түрлері арнайы өсірілетінін атап өтті. Автокөлік саласының өкілдері өз кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісті. "Орталық-Азия сауда үйі" ЖШС басшысы Махмудов мырза бұл кәсіпорын қазақ-өзбек кәсіпорындарының бірлескен жобасы екенін атап өтіп, қазір аталған сауда үйі табысты жұмыс істеп жатқанын, қандай функциялар атқаратынын бүге-шігесіне дейін жеткізді.

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында өзбек елінің әртүрлі саласына қатысты өнімдері қойылған үлкен көрме өтті. Бұл көрмені көрген де, көрмеген де – арманда. Таза мақтадан тігілген балалар киімдері, үлкендерге арналған киімдер, былғары аяқкиімдер, орамал, Түркияның технологиясына сүйене отырып, тігілген пальтолар, ер адамдарға арналған күртешелер, түрлі-түсті нәскилер, спорттық тауарлар, тіпті, 70-80 пайызы өзбекстандық үлесті құрайтын плазмалық теледидарлар, кір жуғыш машиналары, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыштар, қала берді өзбек мәдениетінен, қолөнерінен сыр шертетін құмыра, ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, ал далада мақта жинайтын трактордан бастап, жеңіл автокөлік, жүк машиналары, тағысын тағы бұйымдар көрме сәнін келтіріп, қазақстандық кәсіпкерлер қызығушылығын тудырып жатты. Ал өзбек ағайындар Қазақстанға соның ішінде, халық көп шоғырланған Алматы мен Астана қалаларында сауда үйін ашып, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты тауарларды экспорттауға мүдделілік танытып отырғандарын жасырмады. Тіпті, мектеп киімін де тігіп беруге дайын екендерін айтып қалды. Шараға екі елдің премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары қатысып, экономикалық сипаттағы екі жақты құжаттарға қол қойды.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу