Өзбекстан Қазақстанның бидайын өңдеп Ауғанстанға сатып жатыр

4308

Мәжіліс депутаты Айбек Паяевтың айтуынша, Өзбекстан Қазақстаннан астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіре бастаған.  

Өзбекстан Қазақстанның бидайын өңдеп Ауғанстанға сатып жатыр Фото: Серікжан Қобыланбаев

Тіпті өзбек тарапы өзінің ішкі нарығын қамтып қана қоймай, Қазақстан ұнының 66%-ын сатып алатын Ауғанстанның да нарығын жаулауға көшіпті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігі экспортқа бағытталған. Солардың бірі – қазақстандық ұн. Біздің ұн әлемдік беделі бар, сапасына сұранысы көп,  жақсы бренд. Ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орында көш бастап келген Қазақстан, қазір Түркиядан кейінгі екінші орында. Бүкіл халқымыз тұтынатын қазақстандық  ұн Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстанға, Қытайға және тағы басқа елдерге экспортталады", – дейді Айбек Паяев.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық ұнның негізгі импортшылары – Орта Азия елдері бізден астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіргісі келеді. Өзбекстан ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салған. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастаған. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосқан. Ұн тасымалдаушыларға теміржол тасымалының ставкасын жеңілдеткен (өздеріне 20$, бізге 54$). Бидайымыздан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қоймай, біздің 66% ұнымызды сатып алатын Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтамасыз етуге көшті. 

"Қазақстанның ұн өндіру саласы мемлекеттік қолдау мен дамытуды қажет етеді. 2000 жылдары ұн өндіретін 2300 компаниямыз болса, содан қалған 300-ге жуық диірменнің 50% банкротқа ұшырап, тоқтап қалған, жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр. Мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беріп отырған кәсіпорындардың кәсіптерін қарқындатуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінде осы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеулер мен кедергілер  бар. Бұл мәселелерді шешу оңай емес, жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысын тежейтін салықтық кедергілер мен нарықтық тосқауылдар мемлекет тарапынан үлкен  қолдаушылық көрсетуді талап етеді. 

"Астық тасымалдаушы теміржол операторларының тасымал жүйесін үздіксіз қамтамасыз ете алмауы себебінен, тасымал тарифтерін негізсіз көтеру салдарынан еліміздегі барлық диірмен кәсіпкерлері зардап шегіп, бизнестер құрдымға кетіп жатыр. Мысалы, қазақстандық  ұнның 50% өндіріп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының  диірменді кәсіпорындары жыл сайын келісімшарт бойынша астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады. Бұл жағдайға себепкер – астықты темір жолмен тасымалдаушы "АстықТранс" АҚ компаниясы.  Өзіміз бидай өсіріп отырып, астық тапшылығын көрудеміз. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Ал, ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру болып отыр. Бұл жағдай да өндірістің құлдырауына әкеледі", – дейді ол.

Қазақстан дайын өнім шығарғанда ғана, яғни өндіріс индустриясын дамытқанда өркендейтіні белгілі. Бір ұн өндіретін диірмен бизнесінен бірнеше бизнес көздері пайда болады. 

"Осы айтылғандардың негізінде Үкімет Қазақстанның ұн тартушы диірмен кәсіпорындарын дамыту мақсатында осы жүйенің тиімділігін және  сапасын арттыратын қандай кешенді шаралар жүргізуде? Мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі аз несие беру, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді (энергия, су, газ) төмен бағамен беру мәселесі қалай шешіліп жатыр? Экспортталатын бидайға экспорттық кедендік баж енгізіп, отандық бизнесті қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Ұн тарту кәсіпорындарының қызметін оңтайландыру жолында олардың құқықтарын қорғап, заңсыздыққа жол бермеу қарастырылған ба?", – деген нақты сұрақтарын депутат Үкімет басшысына жолдады.

Аян Бекенұлы 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу