Өзбекстан жемқорлардың ашық тізімін жасамақшы

4124

Жемқорлық дауға іліккендер квазимемлекеттік секторда басшы бола алмайды. 

Өзбекстан жемқорлардың ашық тізімін жасамақшы

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзяев "Сыбайлас жемқорлыққа ымырасыз қарым-қатынас ортасын құру, мемлекеттік және қоғамдық басқарудағы сыбайлас жемқорлық факторларын күрт қысқарту және жұртшылықтың осы бағытқа қатысуын кеңейту шаралары туралы" Жарлық қабылдады.

Өзбекстан Әділет министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, құжат бойынша бұдан былай көрші елде жемқорлық қылмысы дәлелденгендердің электронды тізімі жасалып, есебі жүргізілмек. Ол тізімге кірген адамдар бірнеше шектеуге тап болады деген сөз. Өйткен ұнда да мемлекеттік қызметте жемқорлықпен ұсталып, кейін мерзімінен бұрын босап, мемлекеттің қатысы бар компанияларда былғары креслоға қонжия кету дәстүрге айналған.

Сонымен жемқорлардың тізіміне енген жылпостар бұдан былай мынадай істерден тыйылмақ:

— Мемлекеттік қызметке қайтадан аттап баса алмайды және мемлекеттік наградаларға ұсынылмайды;

— Өз атынан лауазымды орынға дамды таағйындауға немесе сайлауға ұсыну құқғынан айырылады;

— Қоғамдық кеңестерге, мемлекеттік орган жанындағы ведомствоаралық коллегиялық органдарға мүше бола алмайды;

— Ол құрған немесе үлесі бар кәсіпкерлік нысандары мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмайды, мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында келісімшарт жасай алмайды. Мемлекет өткізетін тендерлер мен конкурстық сауда-саттыққа, мемлекеттік активтерді жекешелендіруге қатысу құқығынан айырылады;

— Мемлекеттің үлесі 50%-дан асатын ұйымдарда, мемлекеттік білім беру мекемелерінде басшылық қызмет атқаруына тыйым салынады.

Шавкат Мирзяев қол қойған құжатта 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің, мемлекеттік және 50 пайыз үлесі мемлекетке тиесілі кәсіпорын басшылары мен орынбасарларының табысы мен мүлкін декларациялау міндетті шараға айналмақ. Декларацияны аталған тұлғалардың жұбайлары мен кәмелетке толмаған балалары да тапсыруы керек.

Декаларцияның тапсырудан бас тартып немесе жалтарған, көпе-көрінеу жалған мәлімет ұсынған шенеуніктер мемлекеттік қызметтен қуылады. Егер бұрмаланған ақпараттың салдары салмақты болса жауапкершіліккке де тартылады.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілерге шетелде шот ашуға және иелік етуге тыйым салынады. Яғни қалған 5 айдың ішінде қазір шетелде шоты барларға қамдану керек. Тек шот ұстауға ғана емес, Өзбекстан аумағынан тыс жерде ақша сақтап, мүліктің қандай да бір түрін ұстауға болмайды.

Жарлықта мүдделер қатығысы туралы да айтылған.

"Мүдделер қақтығысы – бұл лауазымды тұлғаның жеке мүдделеріне қатысты өз міндеттемелерін объективті және бейтарап орындауына әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін жағдай. Мүдделер қақтығысына көз жұмып қарау және оның алдын алу шараларын қолданбау белгіленген тәртіппен жауапкершілікке әкеп соғады", - деп жазылған құжаттың түсіндірмесінде.

Өзбекстан билігі осы Жарлықтың ахуалды өзгертуге әсері болуы үшін жаңа заңдар қабылдамақшы. Осылайша, Қылмыстық кодекске жемқорлық қылмыстардың тізімі нақты жазылмақ. Жемқорлық қылмысқа барғандарға қоданылатын жазаларды қатаңдатып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу көзделіп отыр.

Табысын декларациялау кезінде заңсыз байығаны анықталғандардың  жауапкершілігі заңмен бекітілмек.

Сондай-ақ "Мүдделер қақтығысн реттеу туралы", "Мемлекеттік қызметшілердің табысы мен мүлкін декларациялау туралы" Заңдар дайындалып жатыр.

Елдің Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, былтыр жемқорлық әрекеттердің кесірінен Өзбекстан бюджетіне   500 млрд сумнан астам (20 млрд теңге) е залал келген. Қаңтардағы мәлімет бойынша оның 355 млрд сумы (14,3 млрд теңге) өндіріп алынған.

Осы әрекеттерге жол берген және тікеле қатысы бар 1 723 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 9-ы республикалық деңгейдегі  лауазымды тұлға, 45-і облыстық, 1 669-ы министрліктер, ведомстволар мен ұйымдардың аудандық (қалалық) бөлімшелерінің қызметкерлері.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар арасында бөтеннің мүлкін иемдену және талан-таражға салу бойынша 835 адам, алаяқтық  бойынша 227 адам, пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу әрекеті үшін 132 адам, қызмет бабын теріс пайдалану бойынша 58 адам, билікті асыра пайдаланғаны үшін 31 азамат, немқұрайдылық үшін 25 азамат істі болған.

Transparency International ұйымының рейтингінде жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 2020 жылы Өзбекстан 180 елдің ішінде 146-орынға шықты. Ал Қазақстан аталмыш рейтингте 94-орында тұр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу