"Өзбекстанда жасалған" бренді қазақстандық нарықты жаулауда

3707

Бүгінде Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артқан.

"Өзбекстанда жасалған" бренді қазақстандық нарықты жаулауда

Мамандардың бағамдауынша, Өзбекстан үкіметі Қытайдың әр саланы шоғырландырып дамыту саясатын басшылыққа алып, қызу жұмыс істеуде. Көрші елде аяқ киім, киім-кешек, кілем шығаратын 26 ірі фабрика мен 200-ден астам шағын цех дамылсыз өнім шығаруда. Осы орайда жеңіл өнеркәсіпті өркендетуде алашапанды ағайындардан біраз жайтты үйрену қажет-ау деген ой туындайтыны анық.

Қазіргі кезде жеті жүзден астам кәсіпорын "Өзбекстанда жасалған" маркісімен әлемнің елуге жуық еліне өз өнімдерін экспорттай бастады. Ал Ұлыбританиямен басталатын тізім Германия, Швейцария, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан және Түркия болып жалғасып жеңіл өнеркәсіп саласына инвестиция сала бастаған. Бүгінде Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артқан. Ал ел ішінде биылғы жылы құны 918 млн АҚШ доллары тұратын жетпістен астам  ірі жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде тоқыма өнімдерінің үлесі 3 есе, тоқыма-трикотаж өнімдерін 1,5 есеге өсіру межеленген.

Өзге елдердің нарығын бағындыруға мықтап кіріскен Өзбекстан тарапы мұнымен тоқтап қалмай, биылғы жылдың қаңтарынан бастап тауарлардың бес жүзге жуық түрлеріне кедендік салық жеңілдіктерін енгізді.

Осы орайда дабыл қаққан қазақстандық кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп саласындағы көкейтесті мәселелер Еуразиялық экономикалық одақ аясында қайта қаралуы қажеттігін алға тартады.

Біздің сауалымызға қатысты жауабында Қызылорда өңірінде кәсібін дөңгелетіп, қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Ділмұхамед Абызовтың  айтуынша, мұндай жағдайда көптеген қазақстандық кәсіпорын бәсекеге төтеп бере алмайды. Себебі, олардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен отырғандықтан, ашық бәсекеге түсе алмайтыны анық. Өзбекстан кәсіпкерлері салықтан босатылады да, қазақстандық кәсіпкер белгілі бір нарыққа шыққанда немесе шикізат сатып алғанда кедендік баж салығын төлеуі әділетсіздік дейді.

"Өткен жылы өзбек тауары біздің кәсіпорынның өнімінен 5 пайызға қымбат болса, биылғы жылы 7 пайызға арзандап кеткен. Сондықтан күніне 500, айына 10 мың жейде тігетін кәсіпорын үшін маржаны төмендетуге тура келді. Себебі қалайда өндірісті тоқтатпауымыз қажет болды", – дейді кәсіпкер.

Нөл пайыз жеңілдікпен қатар өзбекстандық кәсіпкерлер шикізатты да арзан бағамен алады. "Оңтүстік" еркін экономикалық аймағы осы жеңілдік шарттарын аталған кәсіпорынға да ұсынып отыр. Алайда мұндай мүмкіндіктер еліміздің басқа да өңірлеріндегі еркін экономикалық аймақтарда қолданылуы қажеттігін алға тартқан Ділмұхамед Абызов бүгінде Өзбекстанның жеңіл өнеркәсібі ғана емес, барлық саласына жеңілдіктер қарастырылғандығына қынжылысын білдірді. Осы орайда Қазақстан тығырықтан шығу жолдарын таппаса, жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелердің өршитіні анық. Тіптен бұл жағдайдың салдарынан ұн, машина, жиһаз, аяқ киім, т.б. өндірушілер зардап шеге бастады. "Оңтүстік" экономикалық аймаққа барудан басқа жол жоқ" деп санайтын кәсіпкер біздегі экономикалық аймақтардың аясы тар екендігін айтады. 

"Барлық елдерде бар артықшылықтар мен жеңілдіктер Қазақстанда жасалмаған. Соның салдарынан жеңіл өнеркәсіп саласы сыңар аяқтың күйін кешіп келеді. Саланы дамыту мәселесі он жылдан астам мерзімде күн тәртібінен түскен жоқ. Тиісті министрлікпен қатар ел Үкіметінің алдында көптеген мәселе көтерілді. Қазақстандық өнімді жылжытуға бағытталған "Қазақстанда жасалған" бағдарламасы жасалғанымен, ол да алға жылжымады.Шикізаттық әлеуетіміз бола тұра импортқа тәуелді болып отырмыз" деген пікірін білдірген Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Хлудова Өзбекстан ғана емес, Қазақстан аумағына тауарларын еркін тасымалдап жатқан Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Қытай сияқты елдердің кәсіпорындары салықтан босатылғандығын айтады. Тіптен, Үндістанда жеңіл өнеркәсіп саласын қолдайтын арнайы қор бар.Қытай тауарлары субсидияланатындықтан, импорттың бағасы төмен. Ал қытайлық кәсіпкер өз елінде арнайы өтемақы алады. Ресей мен Беларусь да саланың мемлекеттік қолдаусыз дамымайтындығына әлдеқашан көздері жеткен.  Любовь Хлудованың айтуынша,  мақсатты саясат болмаса, еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы дамымайды.  Қазақстанға келетін тауарлардың басым көпшілігі техникалық регламентке сай емес. Осы орайда тауар бағасының бәсекесі жайында сөз қозғамастан бұрын, тоқыма-тігін саласына қажетті шикізаттың мәселесі турасында айта кеткен жөн. Бұл бағытта біздер Қазақстанның Кедендік одақтың белсенді мүшесі екенін қаперде ұстауымыз керек. Өйткені Қазақстанға сырттан келетін заттың құны біршама жоғары болып келеді.  Жабайы базарлар шетелдерден астыртын келетін әрі жұртшылықтың денсаулығына зиян тауарлармен толыққан. Салада қордаланған мәселелерді жіпке тізгендей баяндап өткен Любовь Хлудова ең сорақысы бай шикізаттық қорымызды игілігімізге қолдана алмай отырғандығымызға алаңдаушылығын білдірді. Елімізде өндірілетін мақтаның 70 пайызын экпортқа жөнелтсек, жүннің 14, терінің 20 пайызы ғана өзімізде өңделеді екен. Бүгінде Қазақстаннан өзге елдердің ішкі нарығының қауіпсіздігі қатаң сақталады. Ішкі нарығын қорғау мақсатында мысалы , Беларуссия мен Ресейде шикізат және жартылай шикізаттық өнімдер елден шығарылмайды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қытай, Түркия елдерінің ішкі нарығына ену өте қиын. Балтық жағалауы елдері тіптен екі сатылы лицензиялау тәртібін енгізген.   

Осы тұста айта кететін мәселе, жеңіл өнеркәсіптің көшін бастаған қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға бір-екі рет өнімдерін сатуға ниеттенген. Бірақ сыртқа валютаны шығармауға баса мән беретін өзбектер біздің тауар өндірушілердің бұл ойына тосқауыл қойған. Ал қазақстандық кәсіпкерлер көрші елге тауар сатқанда Өзбекстанның Ұлттық банкі өз валютасын бірден долларға айналдырып бере салмай,  бір жылға дейін созылады екен! Осының салдарынан қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға тауар сатып, береке таппасын түсінген. Есесіне, өзбек тауары бізге ағылып келіп жатыр. Осы орайда бұл мәселеге ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің араласуы аса маңызды. Себебі өндіріске ақша салуға ниеттенген кәсіпкерлер тойхана салып, шетелден тауар тасымалдап, өзге елдің экономикасын дамытуға мәжбүр болып жүргені ақиқат.    

Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сынды бірқатар елдерден тасымалдайды. Көршілес екі елдің кәсіпкерлері шикізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі алым-салықтар төлейтіні анық. Өзбектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде болса, қазақ кәсіпкерлері 30 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. Бұдан кейін жеңіл өнеркәсіп саласында кімнің бәсі жоғары болатынын бағамдай беріңіз. Бұл үшін ҚР индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті сырт елдерден келетін жеңіл өнеркәсіп бұйымдарына салынатын кедендік баж салығын тиісті деңгейге дейін көтеруі қажет деп біледі мамандар.

Ал инвесторлардың Қазақстанды айналып өтуінің себебін біздің нарықтың дайын өнімге бағытталғандығымен түсіндірген Любовь Хлудова Өзбекстан, Қырғызстанның инвестициялық тартымдылығы осы елдердің ішкі саясатымен тығыз байланысты. Жаңа  жұмыс орындарының ашылуы мен өнім өндіру үлесінің артуы инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етіп келеді.Бұрындары мақта өсіріп, дайын бұйым шығаратын бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешім деп бағамдайды сарапшылар. Деректерге сүйенсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көреткіш 55 пайыздан асқан. Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған.

Өзбекстанның аяқ киім және теріден жасалған бұйымдары мен киім-кешектері Түркия, Италия, Ұлыбританияға экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Тіптен Өзбекстанды Орталық Азиядағы теріні тереңдетіп қайта өңдейтін ең ірі орталық-хабқа айналдыру да ниеті бар.  

Бүгінде Қазақстанда 1500-ден астам кәсіпорындар жұмыс істейді. Алайда тоқыма-тігін саласы ішкі нарықтың 10 пайызын, аяқ киім өндірісі 2 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Себебі елімізде мата шығаратын кәсіпорын жоқ. Осы кезге дейін жиі айтылып келген жүн кластерін құру мәселесі де жабулы күйінде қалып отыр. Бүгінде еліміздегі шикізат мүмкіндігі отандық былғары өндірісін дамытуға жетеді. Бір қуанарлығы ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап өңделмеген теріні сыртқа шығаруға тыйым салатын Үкімет қаулысы күшіне енді. Ендігі кезекте Семейде, Таразда, Алматыда орналасқан тері өңдеу кәсіпорындары  жанданып, толық қуатында жұмыс істейді деген сенім мол.

Маман мәселесін қозғағанымызда Любовь Хлудова қаншалықты мамандар көптеп дайындалып жатқанымен де жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіби мамандар емес, қарапайым жұмысшыларға зәру екендігін айтады. Саладағы маман мәселесіне қатысты қордаланған мәселенің де мемлекеттің араласуынсыз шешілмейтіні анық. Себебі өндіріс орындарына білікті мамандар тарту, кәсіби дизайнерлермен әріптестік байланыстар орнату әлі шешімін таппай келеді. Мысалы, Еуроодақ елдерінде дизайнер мен жеңіл кәсіпорындар арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осындай жүйелі өндірістік технологияның арқасында дизайнерлер дайын киім үлгісін кәсіпорынға сата алатын болса, өндіріс басшылары дизайнерлерді дайындайтын оқу орындарымен қоян-қолтық жұмыс істейді.

Елмира Бірімтай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу