Өзбекстандықтар зейнетке неше жастан шығады?

25425

Өзбекстан тәжірибелі мамандарды зейнетке мерзімінен бұрын шығаратын бұйрықты бекітті.

Өзбекстандықтар зейнетке неше жастан шығады?

Norma.uz ақпарат агенттігі Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің 4 мамырдағы жаңа бұйрығын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Бұйрықтың толық атауы – "Жекелеген негіздер бойынша еңбек шартының тоқтатылуына байланысты жұмыстан босатылған қызметкерлерге зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындау тәртібі туралы нұсқаулыққа өзгерістер енгізілу". 

Нұсқаулықта зейнетке мерзімінен шығуға негіз болатын себептер тізімі жазылған.  Біріншіден, технологиядағы, өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты жұмыстан қысқарған тәжірибелі жұмысшылар мерзімнен бұрын зейнетке шығу туралы өтініш жаза алады. Бастама авторлары бұл норма жаңа технологиялардың салдарынан табыссыз қалатын адамдардың қатарын көбейтпеуге сеп болады деп отыр.

Екіншіден, кәсіпорындағы штаттың қысқаруы немесе жұмыстар жұмыс көлемінің қысқаруы салдарынан жұмыссыз қалған Өзбекстан азаматтары да осы мүмкіндікті пайдалана алады. Үшіншіден, жұмысы таратылған кәсіпорындардың тәжірибелі мамандары да мерзмінінен бұрын зейнетке шығуға құқылы. Аталған үш жағдайда да мерзімінен бұрын зейнетке шығушының жасы әйел адам болса, 53-тен, ер адам болса 58-ден кем болмауы керек. Жас шектеуімен қатар еңбек өтіліне қатысты да талап бар.

Жасы 58-ден асқан ерлер аталған үш жағдайдың біріне тап болса және еңбек өтілі 25 жылдан кем болмаса, зейнетке шығуға өтініш бере алады. Ал 53-тен асқан әйелдердің еңбек өтілі 20 жылдан кем болмауға тиіс.

"Сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдар еңбек шарты бұзылған күннен бастап халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің аумақтық орталықтарына жүгіне алатын мерзім күнтізбелік 10 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу орталықтарының қызметкерлері қолайлы жұмыс іздеуге 3 ай бойы көмектесуге міндетті", – деп жазылған бұйрықта.

Егер жұмыстан босатылған адамдар күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін өтініш білдірсе, онда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу орталықтарының қызметкерлері күнтізбелік 10 күн ішінде қолайлы жұмыс іздеуге көмектесуге тиіс.

Өзбекстанда зейнеткерлік жас ерлер үшін – 60, әйелдер үшін – 55 жас.

Постсоветтік елдердің ішінде зейнетақы жасы ең жоғары елдердің бірі – Қазақстан. Біздегі меже Еуропамен интеграцияланып кеткен Эстония, Литва, Латвия сияқты елдермен қарайлас. Ал Ресей үкіметі зейнетке шығу реформа арқылы біртіндеп көтеріп, әйелдер үшін – 60, ерлер үшін – 65 жасқа жеткізбекші. Мұндағы басты аргумент – ресейліктердің орташа жас мөлшері келешекте ерелерде 75 жасқа дейін, әйелдерде 85 жасқа дейін ұзаруы мүмкін.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу