Өзінде бар өнімді өзгеден тасып жүр

3386

Павлодарда болат, пластикалық және полиэтиленді құбыр шығаратын үш зауыт бола тұра, су, жылу желілерін жүргізуге қажетті материалдың басым бөлігі өзге өңірден тасымалданып жатыр.

Өзінде бар өнімді өзгеден тасып жүр

Павлодар құбыр илемдеу зауыты облыстағы ірі өндіріс орындарының бірі болып табылады. Кәсіпорын жыл басынан бері 5770 тонна тік тігісті болат құбыр шығарды. Ақсу қаласындағы "ДАНиЕР" ЖШС келесі жылы дәл осындай құбыр шығару өндірісін қолға алмақ. Жобаның жалпы құны – 1,1 млрд теңге. Жоспарға сәйкес, бір жылда диаметрі 133-325 мм болатын 37 мың тонна тік тігісті болат құбыр өндіріледі. Әзірше аталмыш компания тек пластикалық және полиэтиленді құбыр дайындаумен айналысып жатыр.

Павлодар қаласындағы "ArInvest" ЖШС да тұтынушыларға құбырдың осы түрін ұсынып отыр.

Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, жоғарыда аталған екі компания соңғы 9 айда 297 тонна пластикалық және полиэтиленді құбыр жасаған.  

"ArInvest" компаниясы өнімді Қырғызстан мен Ресейге экспорттайды. Аймақта осындай үш ірі өндіріс орны болса да, облысқа құбырдың дені басқа аймақтан жеткізілуде.

"Павлодар облысы аумағында жыл басынан бері 311 шақырым су құбыры жаңартылды. Жаңа құбырлардың басым бөлігі өзге өңірлерден, оның ішінде  Қарағанды облысынан сатып алынды. Осының салдарынан жергілікті кәсіпкерлер табыстан қағылды. Келесі жылы тағы 23 ауылда құбыр ауыстырылады. Осы жағдай сол кезде де қайталануы мүмкін.

Неге сатып алушылар өзіміздің емес, өзгенің өніміне басымдық береді?" – деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Белгілі болғандай, мәселені баға саясаты туғызып тұр екен. Нұрлан Нұрмағамбетов басшылық ететін "ДАНиЕР" ЖШС өнімдерін бәсекелестерінен 10 пайыз артық бағамен сататын көрінеді.

"Құбыр ұзақ жыл қызмет ету үшін шикізаттың сапасы жоғары болуы керек. Ал сапалы өнімнің құны қымбат болады. Сондықтан біздің баға бәсекелестеріміздің бағасынан сәл қымбаттау. Бұлай болмаса біз шығынға  батамыз", – деді Нұрлан Нұрмағамбетов.

Ал "ArInvest" ЖШС-ның коммерциялық директоры Ержан Жабаев мәселені жергілікті билік өкілдерінің құлықсыздығымен байланыстырады.

"Ақсу қаласындағы қазандық құрылысын жобалар тұста әкімдікпен байланысқа шығып, өз өнімімізді ұсындық. Олар құбырдың қымбат екенін алға тартып, бағаны төмендетуді өтінді. Біз талапты орындадық. Десек те құрылыс барысында Қарағанды қаласында жасалған құбырлар қолданылды.  

Жергілікті билік өкілдеріне неге өзіміздің өнімді алып, қолдау көрсетпейсіздер  деген сауал қойдық. Олар барлығын мемлекеттік сатып алу нәтижесіне сілтеді", – деді Ержан Жабаев.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу