Ресейлік құбыр өндірушілер Қазақстан нарығынан Қытайды ығыстырып шығарды

4942

Соған қарамастан, отандық құбыр шығаратын кәсіпорын Үкіметтен Мәскеу бастамасын қолдауды сұрап отыр. 

Ресейлік құбыр өндірушілер Қазақстан нарығынан Қытайды ығыстырып шығарды

Жіксіз болат құбырлардың түр-түрін шығаратын қазақстандық "KSP Steel" компаниясы Үкімет мүшелеріне тосын ұсыныспен шықты: ол ішкі нарықты қолдау үшін Ресей ілгерілетіп жатқан "Еуразиялық одақта болат құбырлардың жекелеген түрлерінің импортын автоматты лицензиялау" идеясына тосқауыл қоймай, керісінше қолдауды өтінді, деп жазады Inbusiness.kz.

Айта кетер жайт, "KSP Steel" жіксіз шегендеу құбырларын, мұнай-газ құбырларын, сорғы-компрессорлық құбырларын толық циклды өндіретін отандық жалғыз өндіруші. Тиісінше, ішкі нарықты қорғау одан басқа ешкімге керек еместей.

"Жаһандық алпауыттар Қазақстан нарығын шабуылдауда"

Басында, 2007 жылдың желтоқсанында, Индустрияландыру аясында Елбасының қатысуымен осы зауыт ресми ашылғанда, ел Үкіметі ол жылына 270 мың тонна өнім шығарады, тек отандық қана емес, бүкіл ЕАЭО мемлекеттерінің сапалы құбырға деген қажеттілігін қамтамасыз етеді деп дәріптеген болатын. Іс жүзінде олай болмады.

Кәсіпорын 2020 жыл қорытындысында барлық түрдегі құбырлар өндірісін қоса алғанда, өз қуатының жартысындайына, 61%-ға ғана жүктелді.

Компаниядағылар бұған әлемдік құбыр өндірушілерді айыптайды:

"Біздің "KSP Steel" ЖШС үнемі жосықсыз бәсекелестік фактілеріне жолығуда. Алыс-жақын шетелдің өндірушілері демпинг жасайды. Соның кесірінен кәсіпорын жүктелудің ұтымды деңгейіне шыға алмай отыр. Бұл жағдай алда тек күшейеді, себебі әлемде протекционизм өрістеуде: өзге елдер болат құбырларына қатысты сауда шектеулерін енгізіп жатыр. Ал жаһандық құбырлар нарығында 100 миллион тоннадай басыартық қуаттылық қордаланған. АҚШ, ЕуроОдақ, Түркия секілді ірі нарықтары өз өндірушілерін қорғап, өзгесін ысырып шығаруда. Нәтижесінде, өндірген тауарын өткізе алмай дағдарған шетелдік өндірушілер Қазақстан, Ресей секілді нашар қорғалған нарықтарды шабуылдайды. Осы жолда бәсекенің адал емес әдістерін қолданады", – деді компания өкілі Жалғас Мұхамеджанов Үкіметке хатында.

Отандық өндіруші ішкі нарықты қолдаудың қандай әдісін ұсынады?

Компания ұстанымынша, Еуразиялық одақ нарығын қорғау шараларының тиімділігін арттыру – төтенше маңызға ие. Мысалы, шетелден келетін құбырлар импортына жедел бақылау орнату керек.

Осы орайда қазіргі кезде одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия "ЕАЭО-да 2024 жылға дейін болат құбырлардың жекелеген түрлерінің импортын автоматты лицензиялау мен бақылауды енгізу" туралы Ресейдің ұсынысын қарауда.

"Бұл шара импортқа шектеу қоймайды, бірақ ішкі нарықты қорғаудың қолданыстағы шараларының тиімділігін арттыратын құрал саналады. Осы тәсілді Еуропалық одақ та, АҚШ та белсенді қолданады. "KSP Steel" көзқарасынша, осындай бақылау аясында алынған өзекті әрі жедел ақпарат мемлекеттің құбырлардың жаңа түрлерінің өндірісін дамытуға, импорталмастыруға бағытталған өнеркәсіптік саясатының тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік берер еді. Мұндай ақпарат өндірістік қуатты дамыту жөнінде шешім қабылдау, зерттеу жүргізу және жаңа өнім түрлерін әзірлеу үшін бізге, кәсіпорындарға да керек. Сондықтан Қазақстанның ЕАЭО-да автоматты лицензиялауды енгізу бастамасын қолдауын сұраймыз", – деді Жалғас Мұхамеджанов.

Бастама іске қосылғалы отандық өндіріс құлдырады

Дегенмен, қазақстандық өндіруші Мәскеу бастамасын қолдауды өтінгенде, қателесіп отырғанға ұқсайды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, одақ аясында сынақ түрінде мұндай бақылау былтыр сынақтан өтті. Осы арқылы Ресей одақтағы үстем жағдайын тіптен күшейтіп алды. Ал қазақстандық өндірушінің одан адымы ашылғаны, тынысы кеңейгені шамалы көрінеді.

"Ресей Еуразиялық одақ аясында 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін болат құбырлардың импортын автоматты лицензиялауды, бақылауды қайтадан енгізу ісіне бастамашы болды. Мұндай шара 2020 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін әрекет етті. Автоматты лицензиялау қолданылған осы кезеңде Ресейден Қазақстанға болат құбырлар импорты 2019 жылмен салыстырғанда бірден 29%-ға артып, құбырлар импортының жалпы көлемінің 86%-ына жетті. Сонымен бірге Қытайдың үлесі осы кезеңде 26,2%-дан 8,2%-ға дейін күрт құлдырады. Осылайша, ресейлік болат құбыр өндірушілер Қазақстан нарығынан Қытай өндірушілерін ысырып шығарды", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Сауда министрі бұл шара отандық өндірушіге де опа бермегенін жасырмады.

"Осы кезеңде қазақстандық болат құбырларын өндірушінің өндіріс көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 8%-ға кеміп кетті. Біздің ойымызша, тауар импортын автоматты лицензиялау экономикалық тұрғыдан орынды, негізді болуға тиіс. Оның қажеттілігін Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) өз шешімімен мақұлдауы шарт. Бұл мәселе таяудағы отырысында ВАК-тың қарауына шығарылады деп жоспарлануда. Сонда мүдделі меморгандарымыздың осы мәселеге қатысты бірлескен ұстанымы түзіледі", – деді Б.Сұлтанов.

Бұл мәселеге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та пікір білдірді. Ол кәсіпкерлер қауымдастығының ұстанымын басшылыққа алатындарын жеткізді.

"Болат құбырлар импортын автоматты лицензиялау Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 4 маусымдағы шешімімен 2020 жыл бойы қолданылды. Ресей аталған бастама осы нарықтағы тұрақсыздықтарға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік беретінін алға тартады. Жаңа шешім жобасында тарифтік емес реттеудің аталған шарасын 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін енгізу ұсынылып отыр. Біздің министрлік автоматты лицензиялауды ұзарту мәселесін "Атамекен" палатасының ұстанымын ескере отырып қарауды орынды деп санайды", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Жалпы, одақты "өз аумағым" деп есептейтін Ресейдің лоббистік бастамаларына қолдау білдірмес бұрын біздің кәсіпкерлердің де, Үкімет мүшелерінің де ұлттық мүдделерді басшылыққа алып, "жеті рет өлшеп, бір рет кескені" жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу