Пайдалы қазбалардың пайдасы қайда?

35940

Жаңа жылда Ұлы дала елін "санкциялау" үдерісі күтіп тұр. 

Пайдалы қазбалардың пайдасы қайда?

Бүгінде Қазақстан бүкіл жер бетіндегі көмірсутегіне бай 10 елдің қатарына кіреді, бірақ одан түскен табыс көрінбейді.

ОРЕС елдері мұнай өндіру көлемін шектеуге уағдаласып жатқанда, Қазақ елі, керісінше, қуат ресурсы өндірісін арттыра бермекші. Бұған ендігі жер астынан "қара алтын" ағызуға қайта кіріскен "Қашаған" кен көзі ықпал етуі мүмкін. Мұның сыртында, әлемдегі екі бірдей алып шикізат көзі – "Теңіз" бен "Қарашығанақ" мұнай-газ кен орындары да қазақ сахарасында орналасқан. Бірақ, одан ел қандай пайда көріп отыр?

Бүгін Астанада өткен Қазақстандағы Өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасын дамыту бойынша VIII Ұлттық конференцияда осы саладағы "Ұлттық есептің" тұсауы кесілді. Бұл құжат көптеген көкейтесті сауалға жауап беруге тиіс еді.

Мәселен, онда қазақ жерінің қойнауындағы қазынасын көсіп-қазып алып жатқан кәсіпорын-компаниялардан түсетін түсімдердің бір жыл ішінде екі есеге дерлік азайып кеткені ашық айтылған. Енді осы және басқа да мәселелердің мән-жайына толығырақ тоқтала кетейік.

2015 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін барлық өндіруші компания ел қазынасына шамамен 2,7 трлн теңге (дәлірек айтсақ, 2 трлн 670 мрлд 320 млн 225 мың теңге) аударған. Бұл – барлық салық пен өзге де міндетті төлемдер.

Бұл ретте мұнай-газ секторындағы компаниялардың еншісі – 2 трлн 430,9 млрд теңге. Ал тау-кен секторының үлесіне 239 млрд 358,9 млн теңге келеді.

Қолданыстағы заң бойынша өндіруші сектордан түсетін түсімдердің барлығы бірдей бюджетке арна тартпайды, басым бөлігі тікелей Ұлттық қорға құйылады. Осының арқасында Ұлттық қор 2015 жылы 1 трлн 629 млрд 795,6 млн теңгеге толықты.

Сондай-ақ, өндірушілер төлеген барлық салық пен өзге міндетті төлемнің 774 млрд 707 млн 783 мың теңгесі республикалық бюджетке түскен. Ал 265 млрд 816 млн 760 мың теңге жергілікті бюджеттерге бұйырыпты.

Осы орайда өңірлер арасындағы лидерлер белгілі болды: Қазақстандағы Өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасын (ӨҚАБ) 2015 жылы жүзеге асыруды көздейтін Ұлттық есепке жүгінсек, мұнай-газ және тау-кен секторынан қазынаға ең көп төлемді Атырау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары төлейді.

Нақты айтсақ, мұнай-газ секторында Атырау облысы бір өзі ел қазынасына былтыр 1 трлн 141 млрд 913,7 млн теңге беріпті. Бұл салада қалған облыстардың үлесі мынадай: Маңғыстау облысы – 465,3 млрд, Батыс Қазақстан облысы – 441,3 млрд, Қызылорда облысы – 176,4 млрд, Ақтөбе облысы – 146,3 млрд, Қарағанды облысы – 46,1 млрд және Шығыс Қазақстан облысы – 2,5 млрд теңге.

Тау-кен секторында көшбасшы – ОҚО болып табылады. Ол өткен жыл қорытындысында мемлекетке осы сектордан 44 млрд 758,6 млн теңге түсім берген. Қалған кенді өңірлердің еншісі келесідей: Ақтөбе облысы – 39,2 млрд, Қарағанды облысы – 34,2 млрд, ШҚО – 31,9 млрд, Павлодар облысы – 28,1 млрд, Қостанай облысы – 20,4 млрд, Ақмола облысы – 19,6 млрд, Қызылорда облысы – 13,5 млрд, Жамбыл облысы – 4,4 млрд, ал Алматы облысы – 205,4 млн, СҚО – 167 млн теңге.

Дегенмен де, былтырдан бері алаңдатарлық көрініс белең алуда. Соңғы алты жылдағы өндіруші компаниялардың бюджетке төлейтін төлемдерінің динамикасына үңілсек, 2015 жылы олардан бюджетке түсетін түсімдер көлемі 2 есеге дейін азайғанын көреміз.

Мәселен, мұнай-газ және тау-кен өндіруші компаниялар мемлекетке 2010 жылы 3 трлн 14,3 млрд т, 2011 жылы – 4 трлн 159,7 млрд, 2012 жылы - 4 трлн 572,1 млрд, 2013 жылы – 4 трлн 680,6 млрд, 2014 жылы – 4 трлн 817,5 млрд теңге салық және өзге де төлемдер аударыпты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш тек 2 трлн 670,3 млрд теңгені құраған. Мұншалықты құлдырауға әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі себеп көрінеді.

Келеңсіз тағы бір көрсеткіш: егер, мысалға, 2012-2013 жылдары елдегі жер қойнауын пайдаланушылар саны 208 кәсіпорынды құраса, өткен жыл қорытындысында олардың тек 154-і ғана қалған екен.

Бірақ, бұл сандар болашақта арта береді деген көріпкел пікір де жоқ емес. Өйткені, нарықтағы жағдай біршама түзеле бастаған көрінеді. Егер болашақта әлемдік "қара базардағы" "қара алтын" құны өссе, ұлттық үкімет тақтатас (сланец) газын игеру жобаларын қолға алуды ойластыру үстінде.

Сондай-ақ, табиғи газ өндіруші әлемдегі негізгі 10 өндіруші елдің қатарына кіру жоспары да қайтадан күн тәртібіне шығуы мүмкін.

Бұған мүмкіндік мол. Жер-жаһанда қуат ресурстары біркелкі таралмағандығы белгілі: бір жер кен-қазына байлыққа тұнып жатса, енді бір аумақта бір тамшы мұнай жоқ. Бұл тұрғыда Жаратқан Ие қазақ халқын жарылқағандай көрінеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазақ жерінің қойнауындағы мұнай, газ, көмір және уран секілді базалық отын ресурстарының өндіруге болатын жиынтық көлемі, мұнайға шаққанда, шамамен 35 млрд тоннаны құрайды екен.

Жалпы, Қазақстанның өзге елдер алдында үш артықшылығы бар. Біріншіден, осыншама мол қуат ресурстары қазақ елінің меншігі болып табылады. Екіншіден, оларды өндіруде біраз жылғы тәжірибесі бар. Үшіншіден, қазақ мемлекеті аса ірі энергетикалық ағындардың тоғысар тұсында орналасқан. Өйткені, жаһан жұртшылығы жағдайының жақсаруы қуат көздерін дүние жүзінің бір бұрышынан екінші бұрышына тасымалдау жүйесінің дамуына кіріптар. Бұл, сондай-ақ, "әлемдік энергетикалық қауіпсіздіктің кілті" ретінде қарастырылады.

Сондықтан осы саладағы мемлекеттік саясат басымдықтарын тиімді іске асыруды көздейтін реформалар кеш те болса қолға алынбақшы.

Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев жаңадан "Жер қойнауын пайдалану Кодексі" әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Соның аясында жаңашылдықтарға өмірге жолдама береміз және оларды заңнамалық тұғырмен қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге біз өндіруші салалар қызметінің ашықтығын одан әрі қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырамыз. Әрбір өндірушіден қанша салық түскені, қанша шикізат өндіргені және басқа да мәліметтер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің ресми сайтында жарияланады. Кез-келген адам ашып, танысуына болады. Олардың жергілікті инфрақұрылымды дамытуға қанша қаржы салғаны туралы ақпаратты да әрбір әкімдік жолдап отыр", деді Б. Нұрабаев.

"Табиғи ресурстар – халық қазынасы". Демек, ол азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуге тиіс", - дейді ӨҚАБ халықаралық Хатшылығының басшысы Йонас Моберг:

– Ол үшін өндірушілер қызметінің айқындылығы керек. Мұндай ақпарат парламентарийлерге де керек, олар осындай ұлттық есептерді қолдана отырып, үкіметтердің алдына күрделі сауалдар мен іргелі міндеттер қоя алады. Ал халық табиғи ресурстардың өндірілуі мен одан түсетін табысты толық көре алады. Қазақстан бұл тұрғыда өте үлкен іс тындырды, – деді Й. Моберг.   

Қазақстан 2013 жылдың қазан айында Өндіруші салалар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бастамасы (ӨҚАБ) стандарттарын толық орындайтын ел ретінде танылды. Жалпы, әлемдік ӨҚАБ құрамына кен өндіруші 51 ел кіреді.

Бірақ, олардың ӨҚАБ талаптарына сай келетіндері – 31 ел ғана. Бұлар – Қазақстан, Норвегия, Албания, Перу, Индонезия, Ирақ, Моңғолия, Қырғызстан, Африка құрлығындағы елдер.

Әйтсе де, осы мемлекеттердің өздері бұл мәртебеге лайық екенін әр үш жыл сайын растап отыруға тиіс. Сол себепті 2017 жылдың шілдесінде "Қазақстанды "валидация (санкциялау)" процесі күтіп тұр. Соның барысында республикамыз өз мәртебесін растауға тиіс.

Б. Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу