Әділет министрлігінде жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Бұл жолғы өзгертулер нақты уран өндірісіне бағытталып отыр. Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова жаңа талаптар инвесторларға икемделіп дайындалғанын айтады.
"Бірінші кезекте бұл заңнамалық өзгерістер уран өндірісін жобалау, жоспарлау процесін ашық ете түседі. Өйткені уран өндіретін компаниялардың бәрі Ресей, Франция, Жапония сияқты елдердің халықаралық компанияларымен еншілес. Біз уран қоры бойынша әлемдік көш басындамыз. Сондықтан инвесторлар келгенде заңнамалық талаптардың айқын реттелгені маңызды. Уран өндіру келісімшартының мерзімін ұзарту мәселесі инвесторлар үшін тіптен маңызды. Бірақ келісімшарт мерзімін ұзарту инвестициялық міндеттемелер аясында іске асады деген талап қойып отырмыз. Өйткені инвесторлар уран өндірілетін өңірдердегі халықтың радиациялық қауіпсіздігі мен қоршаған орта тазалығына ғана емес, өңір экономикасының дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасуына көңіл бөлуі керек", – дейді депутат.
2019 жылдың 1 қаңтарындағы заң талабы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар уран қоры алғашқы көрсетілген мөлшерден көп болса, коммерциялық бонус ретінде артық қордың бір пайызына тең төлем аударуы керек болған. Жаңа заң бұл талапты алып тастауды көздейтін көрінеді.
"Бұрын уран кенішінен қосымша қор табылса, салық органдары коммерциялық бонус талап ететін. Ал қосымша кен қоры дәлелденбесе, жаңағы бонус шегерілмейтін. Яғни, шығын қайтарылмайтын. Енді барлау компаниядарын ынталандыру үшін бұл бонусты алып тастадық. Оның орнына елеулі мөлшерде қосымша кен табылса, белгілі бір пайызын жергілікті өлкенің дамуына бағыттайтын болады. Осыған байланысты енді инвестор өз жобасымен бірге өңірді дамытуға қатысты жоспарларын да ұсынуға міндеттеледі", – дейді энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.
Депутат Ирина Унжакова аталмыш өзгертулер инвесторларды ынталандыру үшін қажет болғанын айтады.
"Біз ұсынатын заң талабында бұл бонус әлі нақтыланған жоқ. Бірақ бұл талап уран қоры бастапқы мөлшерден 30% пайыз артық болғанда ғана аударылады. Бұл өзгеріске бірінші кезекте мемлекет мүдделі. Өйткені қолданыстағы уран кеніштерінің бәрі кеңес дәуірінде анықталған. Кен барлау іс кенже қалып отыр. Заң жобасында уран өндіруші компаниялар өзі жұмыс істеп жатқан аумақта өздігінен қосымша барлау жұмыстарын жүргізе алады. Бұл іс қазір тоқтап тұр. Осылайша инвесторларға кеннің жаңа қорын ашуға мүмкіндік беріліп отыр, – деді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы