"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов БАҚ өкілдерімен бірге 2019 жылдың нәтиежелерін талдады. Әлемдегі уран өндірісінің көшбасышысы болып отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы өндіріс көлемін қысқарту арқылы бағаны неге көтермейді? Өзбекстан сатқан уранды Жапонияға Қазақстан неге сата алмайды? АҚШ Конгерсінде қаралып жатқан құжат Қазақстанның уран экспортына қатысты жоспарларын бұзбай ма? Ұлыбританиялық компания Қазақстан уранын сатып алудан неге тартынып қалды? Журналистер компания басшысына осы мәндегі сұрақтарды қарша боратты.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, "Қазатомпром" онсыз да уран өндірісін 20% қысқартқан. Нарықта көшбасшы болып отыруымыздың өзі біздегі өнімнің өндірістік құны арзан болуымен байланысты көрінеді.
"2019 жылы біз 22800 тонна уран өндірдік. Бұл келісімшарттардағы көлемнен 20% төмен. Егер қысқартпасақ, жыл сайын 28,5 мың тонна уран өндіріп отыратын едік. Ал есесіне нарықтағы ұсыныс көлемі артады. Ал жер қойнауын пайдалану келісімшартына өзгеріс енгізу жағына келсек, біріншіден, әлемдегі өзіндік құны ең төмен уран өндіретін ойыншы ретінде жеткілікті деңгейде тәртіппен жұмыс істеп отырмыз деп есептеймін. Егер 2018-2021 жылдарға арналған жоспар мен нақты өндірістің көлемін салыстырсақ, 4 жылда шегерілген өндіріс көлемі 2016 жылы өндірілген уранның жалпы көлемімен шамалас болады екен. Естеріңізде болса, 2016 жыл уран өндірісінің ең жоғарғы көрсеткіші тіркеліп, 24 мың тоннаға жеткен еді. Яғни, біз баға теңдігін сақтау үшін қажетті деңгейде шара қолданып отырмыз деп ойлаймын", – деген маман кейбір компаниялармен келісімшарттардың мәні өзгеруі мүмкін деген де дерек айтты.
"Келісімшарттардың өзгеруі мүмкін. Ол үшін құзіретті органдармен, үкіметпен ақылдасамыз. Бірақ біздің өндірістегі 13 кәсіпорынның 10-ы бірлескен кәсіпорын екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, құзіретті органдармен келіссөзге бармай тұрып сол серіктестермен келісіп алуымыз қажет. Аталмыш серіктестер Қазақстандағы уран өндірісіне өзіндік құны әуел баста төмен болғандықтан кіргенін ескерген жөн. Олар өзге елдердегі қымбат кеніштерден гөрі Қазақстанда жұмыс істегенді қалайды. Сондықтан, баға үшін өндіріс көлемін қысқарта салу оңай мәселе емес. Оның үстіне біздің нақты бір серіктесімізбен өндіріс келісімшартын төмендету бойынша ортақ шешімге келген тәжірибеміз бар", – деді ол.
Былтыр 1 фунт уран өндірудің ақшаға шаққандағы орташа өзіндік құны 9,3 доллар болған. Ал оған өндірісті күтіп ұстау шығындарын қоссақ, 1 фунт уран 12 долларға өндірілді деп айтуға болады. Нарықтағы сұранысты ескерген "Қазатомөнеркәсіп" басшылығы биыл өндіріс көлемін былтырғыдай 20% қысқарту қажет емес деп шешкен көрінеді.
"Биылға уран өндіру жоспары былтырғы деңгейде қалып отыр. 2019 жылы 22800 тонна өндірсек, биыл да сол маңайда болады", – дейді Ғалымжан Пірматов.
Былтыр ұлыбританиялық Yellow Cake компаниясы "Қазавтомөнеркәсіптен" 30 млн доллардың уранын сатып алғанын кейбір сарапшылар экспорттағы жаңа көкжиек деп бағалаған болатын. Компания басшысының сөзіне қарағанда, екі арадағы келісімде сауда көлемінің ауқымы бұдан да жоғары деп көрсетілген екен. Бірақ оны толық орындау үшін ағылшын компаниясы инвестиция таппай отыр.
"Yellow Cake компаниясымен шектік келісім жасаған болатынбыз. Сол мәміле бойынша олардың бізден жылына 100 млн доллардан аспайтын сомаға уран сатып алуға құқығы бар. Егер аталмыш көлемді биыл пайдаланбаса, игерілмеген сома келесі жылға көшпейді. Ал баға сатылым кезінде белгіленеді. Яғни, бұл оларды міндеттемейді, тек құқық береді. Сондықтан біз уран сату жоспарын жасағанда ұлыбританиялық компанияны есепке алмаймыз. Былтыр олар бізден 30 млн долларға уран сатып алған болатын. Биыл қандай да бір болжам айту қиын. Олар инвесторлардан қанша ақша тарта алады, бәрі соған байланысты", – деді ол.
Өткен жылы америкалық уран өндіруші шағын компаниялар АҚШ Президентінің әкімшілігінен уран импортын шектеуді талап етіп, шағым түсірген болатын. Кездесу барысында сол шағымның уран нарығына қаншалықты әсер етіп жатқаны да айтылды.
"Екі шағын өндіруші жергілікті компанияларға қолдау көрсету үшін импортты шектеуді талап еткен болатын. Трамп әкімшілігі ондай шара қабылдамау туралы шешім шығарды. Осыдан кейін Трамп салаға реакторлық отынға дейінгі циклдердің бәрін қамтитын толыққанды талдау жүргізу үшін жұмыс тобын құрды. Оның ішінде біз сатып отырған табиғи уранмен бірге байытылған уран да бар. Біз қазір сол жұмыс тобының есебі шыққанын күтіп отырмыз. Конгресте 10 жыл бойы жыл сайын 150 млн долларға америкалық уранды мемлекеттік сатып алу мәселесі қаралып жатыр. Бұл шешім біздің нарыққа әсер етпейді. Тіпті біздің мүддемізге оңтайлы шешім деуге болады. Олар мемлекеттік қорға уран сатып алу арқылы өз өндірушілерін қолдамақшы. Бұл электр энергиясын өндіретін атом стансаларына сатылатын уранның көлеміне әсер етпейді", – деді Ғалымжан Пірматов.
Табиғи уран тұтынушы елдердің қатарында Канаданың аты жиі аталады. Бірақ "Қазатомөнеркәсіп" әзірге бұл нарыққа да бас сұқпайтын тәрізді.
"Cameco компаниясының тендерлеріне қатыспаймыз. Бұл іспен біздің Швейцариядағы еншілес сауда компаниямыз айналыса алады. Бұл жерде баға саясаты мен өзімізге қаншалықты тиімді деген мәселе бар. Ол тендерге қатыспасақ, қандай да бір принциппен тартындық деген сөз емес. Әзірге ол тендерге қатысудың қажеттілігі шамалы", – деп түйді "Қазатомөнеркәсіп" басшысы.
Ол, сондай-ақ, Өзбекстан уранына құда түскен жапониялық компаниялар туралы өз ойын айтты.
"Өзбекстан Жапонияға уран сатып жатыр деген ақпарат тарағаны белгілі. Егер олардың кіммен келісім жасағанын оқысаңыздар, трейдерлер екенін көресіздер. Біз 2017 жылы трейдерлерге уран сатуды тоқтатқанбыз. Біз өнімімізді нақты тұтынушыларға ғана сатамыз. Өйткені, бұл нарықта трейдерлердің бәрі әрқашан жауапкершілікпен жұмыс істей бермейді. Олар өздері тұтынбайды ғой, бізден алып басқаларға сатады. Сондықтан трейдерлерге уран сату біздің мүддемізде жоқ. Әрине, Жапонияға уран сату деген әдемі естіледі. Бірақ келісімнің ар жағында сауда компаниялары тұр. Жалпы Жапонияда қазір уранмен жұмыс істеп тұрған 9 реактор ғана бар. Бұл қарқынмен Жапония көпке дейін өз реакторларына сырттан уран сатып ала қоймайды", – деді төраға.
Есімжан Нақтыбайұлы