Жаһандық атом алпауытымызды қаншаға саттық

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2920

Елбасы "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастап берді.

Жаһандық атом алпауытымызды қаншаға саттық Фото: akorda.kz

Бұл салтанатты рәсім ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық жаһандық биржаларда қабылданған дәстүр бойынша құнды қағаздарды сатудың басталғанын білдіріп, кіші балғамен шағын гонгты ұрды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде тариха шолу жасап, төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтты.

"Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. "Астана" халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деп бағалады елбасы.

АХҚО-ның алғашқы қадамы ураннан басталып отыр. Президент рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20 пайызға жуығын иеленетін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты. Яғни, бұл – ұлттық уран компаниясының да, елордалық қаржы орталығының да дебюті саналады. Осыдан кейін саудаға қойылған барлық ұлттық компаниялар кезекке тұрып, АХҚО биржасына өз құнды қағаздарын шығара бастайды.

"Келешекте біз "Қазақтелеком", "Эйр Астана", "Қазмұнайгаз" және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. "Астана" халықаралық қаржы орталығы елімізге шет елдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжірибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан бұл биржаға үлкен үміт артуда. Астана бұған дейін ЕҚЫҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді халықаралық бірлестіктердің саммитін ұйымдастырып, "саяси лидерлер бас қосатын алаң" мәртебесін бойына шақтап та көрді. ЭКСПО көрмесін өткізіп, жоғарғы технологиялар шоғырланар орда рөліне де құлаш ұрды. Бірақ бас қаланың болашағы бұдан былай тікелей қаржы орталығы ретінде өркендеумен байланысты болмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімдегі сөзінде "ақ батасын" беріп тұрып, келешекте АХҚО-ға Орталық Азия, тіпті посткеңестік кеңістіктің "басты қаржы хабына" айналып, "Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс" деген міндет қойды.

"Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға "қаржы астанасы" деген жаңа мәртебе берді! Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27 сатыға биік көтерілді. Астана енді тұрғындар мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын "ақылды қала" ретінде одан әрі дами береді, – деді елбасы.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша, әлемдегі қазіргі күрделі жағдайға қарамастан, шетелдік инвесторлар "Қазатомөнеркәсіп" акциялары мен ғаламдық депозитарлық қолхаттарына (ҒДҚ) "елеулі қызығушылық білдірген".

"ІРО-ға жалпы алғанда 49 шетелдік, 16 отандық заңды тұлға қатысты. Бұдан бөлек, Қазақстанның 2700 азаматы құнды қағаздар сатып алды. Сонымен қатар, оған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атсалысуы арқасында миллиондаған қазақстандықтар да жанама түрде "Қазатомөнеркәсіптің" акционерлеріне айналды", – деді қор басшысы.

Ол инвесторлардың сұранысы өздері күткендегіден асып түскенін жеткізді.

"Акцияларына деген сұраныс ұсыныстан 1,7 еседен артық болды. Кеше-ақ листинг нәтижесінде 45 миллион доллар сомаға төлемдер келіп түсті. Алдағы күндері тағы 405 миллион доллар түседі. Осы 450 миллион доллар Ұлттық қорға құйылатын болады. Осылайша, ертеректе "Самұрық-Қазына" қорына аударылған Ұлттық қор қаражатын алғаш рет мерзімінен бұрын қайтару рәсімі жүзеге асырылады", – деді Ахметжан Есімов.

Осы орайда атом алпауытының құнды қағаздары қанша теңгеден сатылғаны да мәлім болды. Атап айтқанда, "Қазатомөнеркәсіптің" әр ҒДҚ-сының бағасы 11,60 доллардан, ал жай акцияларының әрқайсысы 4 мың 343,85 теңгеден саудаланған.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры толық өзіне қарайтын осы ұлттық компанияның акцияларының 15%-ын немесе 38 миллион 903 мың 491 акциясын сатты. Бұлар биржа жұмысы барысында 451,3 миллион АҚШ долларына өткізілді.

Бұл ретте ұлттық банк бекіткен бүгінгі курс бойынша 1 АҚШ доллары 374,47 теңге деп қабылданды. Шетелдік инвесторлардың қаражаты енді осы бағам бойынша ұлттық валютаға айырбасталып, Ұлттық қорға аударылады.

Бір қызығы, Астана халықаралық биржасының (AIX) басқарма төрағасы Тим Беннетт ұлттық атом алпауытының сатылған үлесі елден алысқа ұзап кетпегеніне назар аудартты.

"Оның үлкен бөлігін Қазақстан азаматтары, компаниялары, БЖЗҚ иемденді. Алда саудаға қойылатын ұлттық компаниялар да осындай жолдан өтеді деген пікір бар. Бұл Қазақстандағы капитал нарығын кеңейтіп, оның дамуын қамтамасыз етеді, бизнес үшін қарыз құнын арзандатады. Демек, басқаша айтқанда, бұл игіліктің басты бенефициары ҒДҚ мен акцияларды сатып алған шетелдік қорлар мен инвесторлар емес, тікелей немесе зейнетақы қоры арқылы "Қазатомөнеркәсіпте" үлкен үлеске ие болған Қазақстан азаматтары болады", – деп түйді Тим Беннетт.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу