Мұнай өндірушілерге салықтық жеңілдік берілмек

3849

Қызмет көрсетуші компаниялар қарымта шарт ұсынып отыр.  

Мұнай өндірушілерге салықтық жеңілдік берілмек

Мұнай бағасының күн санап түсуі өндіруші компаниялардың арқасына аяздай бата бастады. Олар тіпті мемлекеттен салықтық жеңілдіктерді іске қосуды сұрап отыр. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, Жер қойнауын пайдалану кодексінде аталмыш жеңілдіктердің бірнеше түрі қарастырылған. Қазіргі ахуал сол мүмкіндіктерді іске қосуға итермелеп отырса керек. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр сол жеңілдіктердің ең маңызды дегендерін тізіп шықты.

"Мұнай бағасы төмендеуінің салдарын бәсеңдету мақсатында өндіруші компаниялар үшін заңнамада келесі мүмкіндіктер көзделген.  Бірншіден, ренторлық салықты мұнай бағасына байланысты белгіленеді. Кодекс бойынша, мұнай бағасы 40 доллардан төмендеп кетсе, брендтік салық алынбайды. Эскпорттық кедендік баж салығы да мұнай бағасына байланысты. Кодекс бойынша, мұнай бағасы төмендеген сайын осы салық та төмендейді. Мысалы, бұрын мұнайдың бір баррелі 60 доллар болғанда өндірілген 1 тонна мұнай үшін де 60 доллар салық төленіп келді. Енді 40 доллар болса, кедендік баж да 40 доллар болады. Өз-өзін ақтау көрсеткіші төмен санатқа жататын кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік бар. Ол да кодексте қаралған. Мұнай компаниялары осы нормаға байланысты өздерінің өтініштерін берсе, Ұлттық экономика министрлігі сол ұсыныстар бойынша шешім қабылдауға құжаттар дайындайды", – дедіол.

Алайда бұл жеңілдіктердің барлығын бас-көзсіз ұсына беру тиімсіз деп санайтындар бар. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов салықтық жеңілдіктер жұмысшы санын қысқартпауға міндет алған өндірушілерге ғана берілу керек деген ойын айтты. Оның айтуынша, нарықтағы бағаның құлдырауы өндірушілерден бұрын, салаға қызмет көрсетуші компанияларға ауыр тимек.

"Шамамыз келгенше әр жұмыс орнын жоғалтпау үшін мынадай  іс-шараларды жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Бірінші, осы кезге дейін қол қойылған келісімшарттардың қаржылай құнын төмендетпеу қажет. 2015 жылы тура осындай жағдай болған кезде операторлар келісімшарт құнын 20 пайызға төмендетіп, бірталай қызмет көрсетуші ұйым банкротқа ұшыраған болатын. Екінші, келісімшарттардың бәрі теңгемен бекітілген. Қаржы нарығында жүріп жатқан инфляциялық жағдайды өздеріңіз білесіздер. Ол да келісімшарттың құнсыздануына әкелуі мүмкін. Сондықтан инфляцияның өзгеруіне байланысты келісімшарттарды өзектендіріп отыру қажет", – деген маман салықтық жеңілдіктерді саралап ұсыну қажет деген ой айтты.

"Үшінші, өндіруші компаниялар мұндай қиын-қыстау кездерде салықтық жеңілдіктер алады. Бұл жеңілдіктерді инвестициялық міндеттемелерін тоқтатпайтын операторларға ғана беру керек. Олар құрылыс және бұрғылау жұмыстарын тоқтатпауға міндеттеме алу керек және бізді соған сендіруі керек. Сол кезде ғана отандық компаниялар жұмыссыз болмайды. Төртінші, Үкіметке жаңа жобаларды іске қосу жұмысын жылдамдату қажет. Мысалы, Қарашығанақ кен қойнауының кеңеюі. Бұл 4 мрлд долларлық жоба. Газ-химия жобаларын іске қосу керек. Бесінші, отандық компанияларға өзінің қызметін экспорттауға көмектесу керек. Мысалы, Ресейдің әр түрлі жобаларында 2000-нан астам қазақстандық азамат қызмет көрсетіп жүр", – деді Рашид Жақсылықов

Қазақстандық қызмет көрсетуші компаниялардың шетелдік қосалқы мердігерлермен терезсі теңескенін жалықпай айтып жүрген маман осы ойының дұрыстығын іс жүзінде сынайтын кез енді келді деп отыр. Ол үшін құны 100 млн доллардан аспайтын тапсырыстың бәрін Үкімет отандық компаниялардың еншісіне бөліп беруі керек.

"Алтыншы, 100 млн долларға шейінгі келісімшарттардың  бәрін Қазақстан компанияларына беру керек. Қазақстан компанияларының бәрі өсіп, жетілді. Қазір ол міндеттемені атқара аламыз. Ал одан жоғары жобаларды біріккен кәсіпорындарға 50/50 принципімен беру керек.  Біздің ойымызша, осындай шараларды қолға алсақ, экономикамыздың әлсіреуіне жол бермейміз", –  деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу