Төрт өңірдің экономикасы "жүрісінен" жаңылды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3186

Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласы көш бастап тұр.

Төрт өңірдің экономикасы "жүрісінен" жаңылды Фото: qazaquni.kz

"2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,2% құрады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Көрсеткіштің өсуіне ең көп үлес қосқан өңдеу өнеркәсібі, Қашаған кешенінде жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты ондағы құрылыстың қарқын алуы және шикі мұнай өндіру және оны сату көлемінің ұлғаюы әсер етіп отыр.

Жыл басынан бері үшінші ай қатарынан тұрақты өсіп келе жатыр демесеңіз, жалпы республиканың қысқамерзімді экономикалық индикаторы былтыр желтоқсан айында 2%-ға дейін оңбай құлағанынан кейін әлі қалпына келе алмай жатыр. Былтыр қарашада шамамен 5%-дан желтоқсанда 3%-ға дейін құлдырап кеткен еді.

Өңірлер бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатордың максималды мәні Атырау облысында (12,9%) байқалуда. Оның себебі шикі мұнай өндірісі мен аймақтағы көтерме сауданың көбеюі және көлік қызметі мен құрылыстың қарқын алуы болса керек. Өз кезегінде жыл басынан бері байланыс қызметтерінің көлемінің төмендеуі аймақтың дамуына кері әсерін тигізуде.

Атырау облысынан кейін экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан өңір Шығыс Қазақстан облысы. Облыстың экономикасы жылдың алғашқы үш айында 10,6% өссе, Қостанай облысындағы көрсеткіш 8% өсім көрсетіп отыр. Одан кейінгі Солтүстік Қазақстан облысындағы индикатор да жаман емес, 6,3% шамасында. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Ақмола облыстарының экономикасы жылдың алғашқы тоқсанында 2-4%-ға жоғарылады.

Көрсеткіш болмашы ғана көбейген өңір Павлодар облысы. Бұл облыстың экономикасы жыл басынан бері 1,4% ғана көтерілген.  

Экономикасы жыл басынан бері минусқа кеткен өңірлер де бар. Атап айтар болсақ, қысқамерзімді экономикалық көрсеткіші қатты төмендеп кеткен өңір Маңғыстау облысы. Мұндағы өнеркәсіп, құрылыс, сауда және байланыс саласының тоқырауы өңірдегі көрсеткіштің 2,5% азайып кетуіне түрткі болған.

Одан кейінгі Қарағанды облысындағы өнеркәсіпте өндіріс көлемінің азаюына шойын, болат және оқшауланған сым өндірудің төмендеуі өңір экономикасын 2,4%-ға төмендетсе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының экономикасына кері әсер еткен фактор шикі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемдерінің төмендеуі екен. Тиісінше бұл екі өңірдің көрсеткіші жыл басынан бері 1,9% және 1,4% төмендеген.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу