Павлодарда жерді пайдаланбағандардың жазасын бермек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
20963

Жер қойнауын пайдалануға рұқсаты бар алты компанияның келісімшарты бұзылуы мүмкін. 

Павлодарда жерді пайдаланбағандардың жазасын бермек

Павлодар облысы аумағында барлығы 52 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олармен 69 келісімшарт жасалыпты. Келісімшарттардың 46-сы кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты. Ал қалған 23 келісімшарт қатты пайдалы қазбаларға арналған.

Әкімдік 6 жер қойнауын пайдаланушымен арадағы келісімшартты бұзбақ. Шенеуніктердің сөзінше, олар келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді орындамай отыр.

"2019 жылдың соңына дейін қатты пайдалы қазбаларды барлаумен, өндірумен айналысатын 4 пайдаланушымен келісімшартты ұзартамыз. Атап айтқанда, алтынды-барит кендерін өндіретін "Альголд" ЖШС, алтын өндіретін "Майқайыңалтын" АҚ, түсті металдарды барлаумен айналысатын "Үштаған Gold" ЖШС және көмір орындарын барлаумен айналысатын "Екі Тұз СП" ЖШС өз міндеттемелерін ойдағыдай орындап отыр. Олармен арадағы келісімшартты ұзарту арқылы өңірге қосымша инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады", – дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" туралы кодекске енгізілген жаңашылдықтар қолданыла бастады. Құжаттағы жаңашылдықтың бірі – жер қойнауының бірінші болып келген компанияға бұйыратындығы туралы тәртіп. Яғни, жер қойнауын пайдалану құқығы бірнеше күннің ішінде-ақ беріледі. Мәселен, аталған тәртіп бойынша 2019 жылы Павлодар облысы бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға 16 лицензия берілген. Оның 14-і Баянауыл мен Май аудандарындағы кен орындарына арналған. Енді қатты пайдалы қазбаларға қатысты 14 кен орны қалып отыр.

Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы Павлодар облысы бойынша 70,3 млн тонна көмір өндірілген. Бұл жоспарланған көлемнің 92 пайызын құрап отыр. Бұл саладағы негізгі кәсіпорын – "Богатырь Көмір" ЖШС. Аталған компанияға былтыр облыста өндірілген көмірдің 44,8 тоннасы тиесілі. 

Сонымен қатар, өткен жылы кеннен металл өндіру жоспары 12,6 %-ға артық орындалған. Яғни, 27,5 млн тонна металл өндіру жоспарланған. Ал өндірілген өнімнің нақты көлемі 31 млн тоннаны құрады. Бұл саладағы негізгі көлем "Бозшакөл" кен байыту комбинатына тиесілі. Осы орайда, жер қойнауын пайдаланушылар 52,5 млрд теңге салық төлегенін атап өткен дұрыс. Бұл көрсеткіш, әу, бастағы, жоспардан 30 %-ға асып түсті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты 46 келісімшарт жасалған. Осы жылдың соңына дейін басқарма тағы үш келісімшартты бекітпек. Тағы 63 кен орны бос қалып отыр. Негізінен олар құм мен саз балшыққа тиесілі. Яғни, саз балшық өндіруге болатын 39 кен орны және құм өндіруге арналған 8 кен орны иесіз тұр. 2018 жылы кең таралған пайдалы қазбалар өндірісінің көлемі 6,23 млн текше метрді құраған.

Десе де, салада проблемасы көп жер қойнауын пайдаланушылар да жоқ емес. Мәселен, облыстық басқарма 18 кәсіпорынға орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін хабарлама жіберген. Оның көп бөлігі, яғни 12 компания кемшіліктердің орнын толтырған. Ал қалған 6 компания асығар емес. Атап айтқанда, "Нұржол" ЖШС кен орны бойынша қаржылық міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжаттарды ұсына алмай отыр. Ал "Интурсервис-Пульс" ЖШС әлеуметтік төлемдер бойынша облысқа 1 млн теңге көлемінде қарыз екен. Сондай-ақ, "Даутов Р.Б." жеке кәсіпкерлігі құм және қиыршық тас өндірісі бойынша келісімшарттағы міндеттемелерді орындамаған.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған жер қойнауын пайдаланушылармен бекітілген келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылатын болады", – деп хабарлады облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу