Пәкістан қазақстандық суреттерді миллиондаған долларға жаппай сатып алуда

6940

Бұл деректі Мәдениет және спорт министрлігі растады. 

Пәкістан қазақстандық суреттерді миллиондаған долларға жаппай сатып алуда Фото: ustinka.kz

Белгілі шығыстанушы ғалым Мария Хайцеваның айтуынша, пәкістандықтар түрлі түсті бояуларды қатты ұнатады. Тіпті олар көліктеріне дейін солай бояп тастайды, немесе іші-сыртын кілеммен көркемдейді. Ал олардың үйлері сарайды елестетеді: едендері мәрмәрдан жасалады, қабырғалары түрлі картиналармен безендіріледі.

Бұл ретте пәкістандықтар қазақстандық суретшілердің туындыларына да құмар болып келеді. Себебі түсінікті: бір жағынан, Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Гүлфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева негізін қалап, дамытқан қазақстандық сурет мектебі қанық, жарқын бояуларға жақ. Сонысымен де отандық кескіндеме өнерінің туындылары әсіресе, Ресей, Орталық Азия, жалпы Азия континентінде, Африкада сұранысқа ие.

Екінші жағынан өз елімізде нарық шағын болғандықтан, суреттер шетелдікпен салыстырғанда негізінен арзандау: орта есеппен 50–100 доллар тұрады.

Мәдениет және спорт министрлігі бұл өнімдерді жаһандық нарыққа шығатын отандық экспорттың перспективті бір бағыты ретінде дамытуды жоспарлап отыр. Мұны креативті индустрияны мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырмақ.

"Қазақстандық креативті индустрияның тауарлары мен қызметтерінің экспорты бір жылда 15,2 миллион долларды құрады. Басты өткізу нарығы – Пәкістан болып отыр. Пәкістан бір жыл ішінде 11,9 миллион доллар сомаға қазақстандық картиналарды, суреттер мен пастельдерді сатып алды. Екінші орында Қырғызстан орналасты: көршіміз қазақстандық креативті индустрия өнімдерін 1,4 миллион долларға экспорттады. Қырғыз Республикасы Қазақстаннан негізінен газеттерді, журналдарды және басқа да баспа өнімдерін сатып алады: экспорттың жалпы көлеміндегі оның үлесі 24%. Бұған қоса ол бізден сағаттарды (8%) және баспа формаларын (5%) импорттады", – деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті.

Ведомствоның бағалауынша, Қазақстанның креативті индустриясында "көп бағытты, бірақ стихиялы импульстар байқалады".

"Яғни, жекелеген сегменттері ғана өсудің жоғары қарқынын көрсетті. Оның өзінде оларды жекелеген көшбасшы ұйымдар ілгері сүйреуде. Ал жалпы алғанда, саладағы жағдай ең жақсы дегенде, тоқырау, стагнация күйінде", – деген байлам жасады комитет сарапшылары.

Әйткенмен, министрліктің бұл салаға қатысты жоспары өршіл: отандық креативті индустрия өнімдерінің экспортын бес жылда 200 миллион долларға дейін жеткізбек. Әрине, арзан сурет салумен осы межеге жету қиын. Ендеше барлық он екі саланы қатар жанданыруға күш салғаны жөн.

Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институтының "Өнерден бастап Big data-ға дейін: Қазақстан креативті экономикада не ұсына алады" атты таяудағы зерттеуінде келтірілген деректерге жүгінсек, республикамыздағы креативті экономикамен негізіннен микро және шағын бизнес айналысады: мұндай кәсіпорындардың жалпы көлемдегі үлесі 99%-ды құрайды: 36 978 субъект.

Орта бизнес салада аз шоғыр ғана: 1% немесе 376 нысан.

Ірі бизнестің үлесі – 0,5% немесе 175 кәсіпорын.

Бұл ретте креативті индустрия субъектілерінің 82%-ы – жекеменшік.

Креативті индустриялардың жақсы бір жері – олардың өнімінің қосылған құны жоғары. АҚШ, Корея, Үндістан, Қытай, Еуропа елдері сияқты сала лидерлерімен теңесе алмағанымен, Қазақстанның өзінде 10 жыл ішінде осы саланың қосылған құны үш есеге өсті. Яғни, өнімдері біршама қымбат бағалана бастады.

Алайда соған қарамастан Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі креативті индустрияның үлесі сол бұрынғы күйінде қалды: шамамен небәрі 3%.

Министрлік бұл көрсеткішті 2024 жылы – 4,53%, 2025 жылы – 5% деңгейіне жеткізбек.

Үміт оятатыны сол, облыстар мен мегаполистеріміздің  креативті индустриядан түсіретін табысы жылына 10%-дап артып отырады.

Бұл салада көшбасшылар – Шымкент, Түркістан облысы және Шығыс Қазақстан облысы. Бірақ бұл – көлемі бойынша рейтинг көшбасшылары.

Ал саладан түсіретін бюджеттік табыстары бойынша рейтингті Алматы, Астана және Атырау облысы бастайды. Дегенмен, оның екеуінде тіксінтетін жайт бар: Алматыда креативті индустрияның өсімі жалпыреспубликалық көлемнен әлдеқайда төмен: 3,8% ғана. Ал Атырау облысында бір жылда керісінше, 28%-ға құлдырады. Бұлай жалғаса берсе, көшбасшылар қатарынан шығып қалуы да ықтимал.

Креативті индустрия құрамына жатқызылған 12 саланың алтауында ғана салықтық түсімдер көлемі жыл сайын өсуде. Қалғандарында қарқынды даму байқалмайды екен. 

Мәдениет министрілгінің алдында енді креативті индустрияның дамуына кедергі болып тұрған проблемаларды анықтап, жою, оның өсім нүктелері мен ошақтарын тауып, өрістету, мемлекеттік қолдау саясатының жаңа тетіктерін іске қосып, тиімді жүзеге асыру міндеті тұр.

Әлемде креативті индустрияның көшбасшы салаларына айти өнімдер, кинотуындылар жатады. Алайда Қазақстан қаптаған технопарктерге миллиардтарды төксе де, Алматы мен Астанада сол бойы төл Кремний алқабын құра алмады. Ал отандық Голливуд пен Болливудқа айналуға, қазақстандық киноның жаһандық прокатынан миллиондаған доллар жинауға тиіс "Қазақфильмнен" көп қайыр болмай тұр.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) осы салада дүниежүзілік рейтингті жариялап тұрады. Бұл жағынан Қазақстан қатты ұялатын жағдайда: 132 мемлекеттің ішінде креативті индустрияның негізгі параметрі бойынша Қазақстан көш соңындағы 118-орынды місе тұтты. Тіпті Африка елдері де бізден озып кеткен.

Жағдайды түзету үшін Қазақстан Креативті индустрияларды қолдау қорын құрып, салаға қомақты қаржы салуды жоспарлап отыр.

Біріккен ұлттар ұйымының қазіргі тәсілдеріне сәйкес креативті индустрияларға 14 бағыт жатады: дизайн, өнер, сән, кино, музыка, медиа, компьютерлік графика, білім беру және зияткерлік қызметке негізделген басқа бағыттар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу