Палестина мен Израиль арасындағы басты түйіткілдер не?

2586

Жетпіс жылдан астам уақыт бұрын басталған бұл тайталасты тоқтату жолындағы келіссөздер тұралап тұр. 

Палестина мен Израиль арасындағы басты түйіткілдер не? Фото: reuters.com

Израиль Газадағы хамастықтардан кек алу операциясын жалғастырып жатыр. Өткен түні оның әуе күштері бұл секторда 200-ден астам нысанды бомбалап, ғимараттарды жермен-жексен етті. Және де Израиль Газаны толық блокадаға алып, оған азық-түлік, жанармай, ауыз су және электр қуатын бермей отыр.

Бұған қоса, Израиль әскерге шақырылған резервистер санын 360 мыңға жеткізіп, Газаның айналасына танкілерін шоғырландырды. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұның бәрі құрлықтық операцияға дайындық болуы мүмкін.

Құрбандар саны болса, 2 мыңнан асып кеткен. Солардың 1200-і – израильдіктер, 900-і – палестиналықтар.

Естеріңізге сала кетсек, Хамас Израильге сенбінің таңында басып кіріп, оның оңтүстігіндегі қалаларды қанға бөктірді. Исламдық қозғалыс бұл шабуылды палестиналықтардың жерін жаулап, Газаны 16 жыл бойы оқшаулаған Израильге қарсылық ретінде ұйымдастырғанын айтады.

Бұл – палестиналықтар мен израильдіктер арасында жетпіс жыл бұрын басталып, сыртқы күштерді тартып, бүкіл Таяу Шығысты тұрақсыздыққа ұрындырған соғыстар мен қарулы жанжалдардың соңғысы емес тәрізді.

Даудың басы неде?

Бұл дау палестиналықтардың өз мемлекетін құруға ұмтылысы мен Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттерінің бір-біріне қарама-қайшы келуінен туындап отыр.

Израильдің әкесі әрі оның негізін қалаушы Дэвид Бен-Гурион 1948 жылы мамырдың 14-де қазіргі Израиль мемлекетін жариялап, оны қуғын-сүргіннен бас сауғалаған және ғасырлар бойы ұлттық баспана іздеген еврейлердің тұрақты мекеніне айналдырды. Еврейлер өздерінің тамыры осы жерде жатыр деп есептейді.

Палестиналықтар болса, Израильдің құрылған сәтін оларды дүние-мүлкінен айырған және мемлекет құру арманын тас-талқан еткен "Накба" немесе "Апат күні" деп атайды.

Израиль пайда болғаннан кейін басталған  соғыста 700 000-ға жуық палестиналық немесе сол кездегі Ұлыбританияның қол астындағы  Палестинаның араб халқының жартысы үйлерін тастап, Иорданияға, Ливанға, Сирияға қашты, сондай-ақ Газаға, Батыс жағалауға және Шығыс Иерусалимге бас сауғалап барды.

АҚШ-тың жақын одақтасы Израиль палестиналықтарды үйлерінен қуды деген мәлімдемеге үнемі қарсы шығып, өзі құрылған күннен кейін бес араб мемлекетінің шабуылына ұшырағанын алға тартып келеді. 1949 жылғы бітім бұл соғысты тоқтатқанымен, ресми түрде бейбіт келісім жасалған жоқ.

Бүгінде соғысты бастан кешіп жатқан палестиналықтар Израиль халқының шамамен 20% құрайды.

Содан бері қандай ірі соғыстар болды?

1967 жылы Израиль Мысыр мен Сирияға шабуыл жасап, "алты күндік" соғысты бастады. Израиль содан бері Батыс жағалауды, Иорданиядан тартып алған Шығыс Иерусалимді және Сирияның Голан төбелерін иеленіп отыр.

1973 жылы Мысыр мен Сирия "Йом-Киппур" соғысын бастап, Суэц каналы мен Голан жоталары бойындағы Израиль позицияларына шабуыл жасады. Дегенмен, Израиль үш аптаның ішінде екі елдің де әскерін кері шегіндірді.

Израиль 1982 жылы Ливанға басып кірді. Содан кейін Ясир Арафат бастаған мыңдаған палестиналық жауынгер 10 апталық қоршауға түсіп, теңіз арқылы эвакуацияланды. Ал 2006 жылы "Хезболла" содырлары екі израильдік сарбазды тұтқынға алғаннан кейін, Израиль Ливанға қайтадан соғыс ашты.

2005 жылы Израиль 1967 жылы Мысырдан жаулап алған Газа секторынан әскерін әкетті. Бірақ   2006, 2008, 2012, 2014 және 2021 жылдары Газа Израильдің әуе шабуылдарына ұшырады. Бұл авиациялық операцияларға негізінен палестиналық қарулы топтардың еврей мемлекетіне зымыран жаудыруы түрткі болды.

Бейбітшілік орнатуға қандай әрекеттер жасалды?

1979 жылы Мысыр мен Израиль бейбіт келісімге қол қойып, 30 жылға созылған араздықты тоқтатты. Ал 1993 жылы Израиль премьер-министрі Ицхак Рабин мен Арафат Палестинаға шектеулі автономия беру туралы Осло келісіміне қол қойып, тіпті бір-бірімен қол алысты. Араға жыл салып, 1994-те Израиль Иорданиямен бейбіт пәтуа жасасты.

Дегенмен, 2000 жылы өткен Кэмп-Дэвид саммитінде президент Билл Клинтон, Израиль премьер-министрі Эхуд Барак және Арафат араб-израиль тайталасын тоқтатуға уағдаласа алмады.

2014 жылы Вашингтонда израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату шаралары тоқтап қалды деуге болады.

Палестиналықтар кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігімен қатынастарға бойкот жариялады. Өйткені сол кезде Ақ үй  АҚШ-тың ондаған жылдар бойы жүргізген саясатын өзгертіп, Таяу Шығыста екі мемлекет құру шешімін мақұлдаудан бас тарты. Бұл бейбітшілік формуласы сәйкес, Израиль 1967 жылы басып алған территорияларда Палестина мемлекеті пайда болуы керек еді.

Бейбітшілік үшін әрекеттер қазір қай тұста?

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Таяу Шығыста "үлкен мәміле" жасауға әрекеттеніп, соның ішінде Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Соңғы соғыс әр-Рияд үшін, сондай-ақ Израильмен бейбіт келісімге қол қойған басқа да араб мемлекеттері үшін дипломатиялық тұрғыдан ыңғайсыз болып тұр.

Палестина мен Израиль арасындағы негізгі түйіткілдер

Даудың басында екі мемлекеттік шешім, еврей қоныстары, Иерусалимнің мәртебесі және босқындар мәселесі тұр:

Екі мемлекеттік шешім: Бұл келісімге сәйкес, Израильмен қатар Батыс жағалауда және Газа секторында палестиналықтардың мемлекет құруына мүмкіндік берілуі керек. Алайда,  Хамас бұл идеяны қабылдамай, Израильді жоюға ант берді. Израиль болса, өзіне қауіп төнбеуі үшін Палестина мемлекеті құрылған жағдайда демилитаризациялануы қажет деп есептейді.

Еврей қоныстары: Көптеген елдер Израиль 1967 жылы басып алған жерлерде еврей қоныстарының салынуын заңсыз деп санайды. Алайда Израиль бұған қарсылық білдіріп, тарихи және киелі кітаптарға сүйеніп, өзінің бұл жерлермен көне заманнан бергі байланысын барын алға тартып келеді. Және де осы қоныстардың үздіксіз кеңеюі Израиль, Палестина және халықаралық қауымдастық арасындағы ең даулы мәселелердің біріне айналып отыр.

Иерусалим: Мұсылмандардың, еврейлердің, христиандардың қасиетті нысандары орналасқан  Шығыс Иерусалимді палестиналықтар өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы етуді қалайды. Израиль болса, Иерусалим еврейлердің "бөлінбейтін және мәңгілік" астанасы болып қалуы керек деген пікірде. Тағы бір айта кететін жайт, Израильдің Иерусалимнің шығыс бөлігіне таласы халықаралық деңгейде мойындалмаған. Соған қарамастан, Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, оған тіпті 2018 жылы АҚШ елшілігін көшіргені белгілі.

Босқындар: Бүгінде шамамен 5,6 миллион палестиналық босқын – негізінен 1948 жылы жерін тастап қашқандардың ұрпақтары – Иорданияда, Ливанда, Сирияда, Израиль басып алған Батыс жағалау мен Газада тұрып жатыр. Палестина сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тіркелген босқындардың жартысына жуығының азаматтығы жоқ және олардың көпшілігі адам көп жиналған лагерлерге шоғырланған.

Палестиналықтар осы босқындарғдың миллиондаған ұрпағымен бірге елге оралуына рұқсат беруді талап етіп келеді. Бірақ Израиль палестиналық босқындар еврей мемлекетінің шекарасынан тыс жерлерге қоныстануы керек деп есептейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу